Осыған дейін айтылғандай, министрлік оқу орындарынан ақыны түсіруді талап ете алмайды. Өйткені бұл — студент пен белгілі бір университет арасындағы азаматтық-құқықтық қатынас. Десе де, БҒМ жоғары оқу орындарынан барынша түсіністік танытуын сұраған. Яғни, оқу ақысын көтермей, ыңғайы келсе бөліп төлеуге мүмкіндік беру туралы ұсыныс айтыпты. «Біз мәжбүрлей алмаймыз. Өйткені құқықтық мемлекетте өмір сүріп жатырмыз. Ең алдымен, қарызы бар студенттерге бөліп төлеуге мүмкіндік берген жөн. Жүргізген талдауымыздың нәтижесінде осындай мәселелер анықталды. Сондықтан бөліп төлеуге мүмкіндік қарастыруларыңызды сұраймын. Екіншіден, біз алған ақпаратқа сәйкес, біраз ЖОО қазір оқу бағасын көтеруді жоспарлап отыр екен. Сондықтан бұл мәселе бойынша да сіздерге өтініш бар – осы ахуалды біле отырып, жоғары оқу орындарында бағаны өсірмеу. Бұл өте маңызды. Сондықтан бұл мәселені сіздер қарастырып, тиісті шешім қабылдайды деп сенемін» деген еді министр университет басшыларына. Дегенмен өткен оқу жылында бөліп төлеуге мүмкіндік берген университеттер студенттерінің тиісті төлем жасамағанын айтып отыр. Министр бұған қатысты «мұндай мәселені заң жүзінде шешу керек» деді.
Еуразия гуманитарлық институтының 2-курс студенті, жалғызбасты ана Ақмарал Омар (кейіпкердің есімі өзгертілді – авт.) жылдық оқу ақысын төлеу үшін бір уақытта бірнеше жұмыс істеген. Қазір карантинге байланысты ол жұмыс орындары жабық. Тіпті, 42 500 теңге төлемін де оқуына төлепті. «2019 жылы осы оқу орнының ақылы бөліміне түстім. Оқу ақысы жылына – 335 мың теңге. Анамның тұрақты жұмысы жоқ. Әрі туыстардан да ешкім көмектеспейді. Сол себепті оқу ақысын өзім төлеуге мәжбүрмін. Бір жылдың ішінде түрлі жерде жұмыс істедім. Тұрақты жұмысқа тұруға мүмкіндік болмады. Себебі кесте сәйкес келмеді. Жер-жерден тірнектеп тауып, ақыры биылғы оқу ақысына жеткіздім. Бірақ наурызда пандемия жарияланған соң университеттермен бірге мен істеп жүрген жұмыс орындары да карантинге жабылды. Екі айға берілген 42 500 теңге жәрдемақыны да оқуыма төледім. Негізі, келесі оқу жылының ақысын биыл жазда үш ай толық жұмыс істеп, жинаймын деп жоспарлап отырғам. Онымен карантин созылып кетті. Бұлай жалғаса берсе, оқу жылының басында 30 пайызын төлей алмай қаламын», – дейді Ақмарал.
«Тұран» университетінің ректоры Рахман Алшанов баға көтерілмейтінін, қайта гранттарды көбейтіп жатқанын айтып отыр. «Кейбір оқу орындары бағаны көтереміз депті. Бірақ біздің университет жоспарында ондай жоқ. Керісінше біраз студентке жеке гранттарымызды береміз», – дейді ректор.
AlmaU университетінің ректоры Ербол Сүлейменов неліктен бағаны төмендете алмайтынын түсіндірді. «Біріншіден, біз оқу ақысын көтеруді жоспарлап отырмағанымызды айта кетейін. Былтырғы деңгейде қалдырдық. Яғни, бакалавриатта орташа баға – 1,1 млн теңге. Ал енді оқу ақысын азайтуға қатысты айтсам, кез келген тауардың құны болады. Ол құн түрлі шығындарға байланысты белгіленеді. Карантинге дейін күніне 5-6 сағат қана уақыт бөлсе, қазір он сағаттап жұмыс істейді. Осы тұрғыдан алғанда «үйден істеп отырғандықтан аз жұмыс істейді» деу қисынсыз. Кез келген оқытушыдан сабақ берудің қай форматы ұнайтынын сұрасаңыз, дәстүрлісі оңайырақ екенін айтады. Өйткені онлайнда жүктеме көбірек. Тиісінше, оның ақысы да төленуі тиіс», – дейді оқу орын басшысы.
Осы ретте оқытушылардың пікірін білдік. С.Демирел университеті, әлеуметтік ғылымдар кафедрасы меңгерушісі, Мадияр Саудбаев расында, онлайн форматтың жүгі ауыр екенін айтып отыр. «Аудиториядағы сабаққа қарағанда онлайн дәріс студентке де, оқытушыға да қиындау. Бірінші кезекте жауапкершілік тұрғысынан. Тағы бір қиын тұсы – авторлық құқық жағы. Мысалы, біз сабақ өтіп жатқанда түрлі еңбектерді аударып, сілтеме беріп, түсіндіреміз. Сабақ видеожазба түрінде сақталып, студенттерге жіберіледі. Сөйтіп, таралып кетуі де мүмкін. Одан кейін студенттерді бақылап отыру оңай емес. Былай қарағанда, оңай көрінгенімен, оқытушының уақытын алатын жайттар көп. Студенттерге не үшін қиын десеңіз, бұрын аудиторияда өткенде 70 пайызға жуығы ғана сабақ айтса, мынада үй тапсырмасын бәрі орындауы тиіс. Қалай десек те, онлайнның жүгі ауыр. Бірақ қашықтан оқу мүлдем басқа. Мұнда кері байланыс жоқ», – дейді университет оқытушысы.
Онлайн оқу кезінде оқытушылар дайындығына кей студенттер риза емес. Сонымен бірге сабақта уақыт алатын фактор көп болады екен. Тұран-Астана университетінің студенті Айдана Қадыр (кейіпкердің есімі өзгертілді – авт.) оқу ақысын төмендетпесе, академиялық демалыс алуға бел буып отыр. «Онлайн оқу бізге тиімсіз екен. Оқытушылар дайын емес. Бәрі бір уақытта кіргенде бірде дауыс шықпай қалады, енді бірде интернет қатып қалады. Сөйтіп, «анау жоқ, мынау дұрыс емес» деп отырып сабақтың аяқталатын уақыты да болады. Мұндай оқу үшін ақы төлеуге қимаймыз, шыны керек. Төлеген соң соған сай білім алғымыз келеді. Одан қала берді оқу ақысын төлеу де қиындады. Ата-ана болсын, студент болсын қосымша жұмыстан айырылды. Егер жылдық ақы азаймаса, академиялық демалыс алуға тура келеді», – дейді студент.
Министр жаңа оқу жылында бакалавриат студенттері қашықтан оқуды жалғастыратынын айтқан. Зертханалық сабақ, өндірістік оқыту не тәжірибеден өту керек болғанда ғана жағдайға қарай өзгеруі мүмкін. Басқалары қашықтан оқиды. Аймағамбетов бұған қатысты арнайы нұсқаулық әзірленгенін айтқанымен, нақтылай қоймайды. Сонымен бірге магистранттар мен докторанттардың оқу тәртібі бекітілген жоқ. Оқу орындарының көбі оқу ақысын көтермесе де, түсірмейтін сияқты. Жұмыссыз қалған ата-ана, қосымша жұмысынан айырылған студенттің күні не болары да белгісіз.
Жадыра АҚҚАЙЫР