Бас қаланың бейнесін қалай айқындаймыз?
Бас қаланың бейнесін қалай айқындаймыз?
162
оқылды

Елбасы маркетингтік коммуникацияларды тиімді ету үшін туристік аймақтарды белгілеп берген болатын. Яғни, елімізде қай аймақтарда туризмді дамытқанымыз дұрыс екені анықталған. Алдағы уақытта сол жерлерді барынша танымал етіп, турист үшін тартымды ету қажет. Нұрсұлтан Назарбаев Алматының тау кластері, Нұр-Сұлтан қаласы, Щучинск-Бурабай курорттық аймағы, Түркістан, Алакөл, Маңғыстау, Баянауыл, Балқаш және Шалқар-Имантау курорттық аймағын атап өтті. Соның ішінде еліміздің бас қаласын барынша жақсарту керек. Өйткені туризм саласы ақсап тұр.

Қазақстан астанасы Еуразия кон­тинентінің дәл жүрегінде ор­на­ласқан. Мұның өзі – мол мүм­кіндік. Себебі, Еуропа, Азия және Таяу Шығыс елдерінің ірі әуе­түйін­дерімен тікелей байланысы бар. Туристік әлеуетті жақсартуға мүмкіндік бола тұра, әлі күнге дейін межеге жете алмай келеміз. Жалпы алғанда Қазақстан Дүние­жүзілік экономикалық форумның туризм рейтингінде 136 елдің ішінде 81-орында. «Инфрақұры­лым тұрғысынан алғанда шешілуі тиіс бірнеше мәселе бар. Мұны Сыртқы істер министрлігімен бірлесіп реттеу қажет. Яғни жол, канализация, дәретхана сынды инфрақұрылымдық мәселелер ба­ры белгілі. Мемлекет қабыл­даған туристік саланы дамытудың 2025 жылға дейінгі бағдарламасы Қазақстанның Дүниежүзілік эко­номикалық форум рейтингінде көтерілуіне әсер етеді деп ойлай­мын. Осы бағдарламаны жүзеге асыру үшін 1 триллион теңге бөлінді. Осы мақсатта жобалық құрылым құрылды», – дейді Kazakh Tourism ұлттық компаниясы басқарма басшысының орынба­сары Тимур Дүйсенғалиев.

Статистика комитетінің мәлі­метіне сүйенсек, 2018 жылдың І тоқсанында Қазақстанға 784 мың турист шеттен келген. Бұл 2017 жылмен салыстырғанда 405,6 мыңға көп. Сонымен бірге, ішкі туризм саласында да алға жылжу байқалады. Десек те, қа­зақстандықтар елден гөрі, шетел­де демалғанды жақсы көреді екен. Мысалы, былтыр бірінші тоқ­санда 2 миллион 270,6 мың адам шекара асып, демалысқа аттанған. Соңғы үш жылдағы бұл көрсеткіш әзірге максимал болып отыр.

Биылғы көрсеткіштерге кел­сек, ішкі туризм 5,8 пайызға, сырт­қы туризм 3,8 пайызға өскен. Жыл соңына қарай бұл шама әлі де өзгереді. Елімізде туризм сала­сын дамыту жоспары бар. Мә­селен балалар мен жасөспірімдер туризмін алып қарасақ. Жоспарға сәйкес, 2020 жылдан бастап «Ба­лаларға арналған туристік пойыз» күллі Қазақстанды тегін аралатып, қызмет көрсетуі тиіс. Сонымен бірге kids go free принципінің «1+2» схемасы бойынша тегін әуетасымалы да қолға алынбақ.

Қазақстанды таныту мақса­тын­да соңғы 1,5 жыл ішінде ақпа­раттық тур, блогтур және экспе­дициялар көптеп ұйымдасты­рылып жүр. Соның нәтижесінде 30 трэвел блогердің басын қосып, жалпы саны 3000 фото және 5 са­ғаттық видео банк жиналған. Со­нымен бірге, Euronews арнасына шыққан видеоролик, НТВ, Рос­сия-1 және Kazakh TV-дегі бағ­дарламаларды да айта кету керек. Серіктестік негізінде бюджет қа­ражатынсыз өткізілген іс-шаралар да атқарылды. Олардың ішінде әуежай, теміржол вокзалында көр­сетілетін роликтер бар.

Халықаралық Mastercard ком­паниясы былтыр турист көп тар­тылатын қалалардың ондығын ұсынды. Көш басында Тайланд астанасы Бангкок тұр. 2018 жылы бұл қаланы тамашалауға 22 мил­лион турист келген. Осымен екін­ші жыл қатарынан Бангкок бі­рінші орынды бермей келеді. Ха­лықаралық компания рейтинг жасау барысында келушілердің са­нын анықтап, Mastercard төлем кар­тасы арқылы қанша қаражат шығындағандарын да есепке ала­ды. Туристердің қалтасын қа­ғатын қалалардың ішінде Біріккен Араб Әмірліктерінің Дубайы да бар. Бір күнде 537 турист орта есеп­пен 537 доллар шығындайды екен.

Туристерге тартымды қалалар ондығын таныстырсақ. 21,98 мил­лион туриспен Бангкоктың бі­рінші орында тұрғанын айттық. Бұдан кейін Ұлыбританияның астанасы Лондон 20,42 миллион туриспен тұр. Францияның бас қаласы Парижге былтыр 17,95 мил­лион турист барған. Дубайға – 16,66 миллион, Сингапурге – 14,47 миллион, Нью-Йоркке – 13,67 миллион, Куала-Лумпур­ге – 13,53 миллион, Стамбұлға – 12,8 миллион, Токиоға – 12,12 мил­лион және Анталияға 11,27 мил­лион турист тартылған екен. Бай­қасақ, осы ондықтың ішіндегі же­теуі – астана. Демек, шетел­дік­тер шақырудың бір әдісі – бас шаһарды тартымды ету. Осындай рейтингтен орын алуға Нұр-Сұлтан қаласы да ұмтылуы тиіс. Ол үшін қабылдануы тиіс бірқатар шара бар.

«Астананың бүгінгі туристік ахуалына кешіріммен қарауға болады. Өйткені қалай десек те, Керей мен Жәнібек кезінде елуден астам қаланы Сыр бойына салдырған деп айтқанмен, қала салу, қалада өмір сүру мәдениетін Кеңес кезіне дейін ұмытып қалған едік. Одан кейін жоғарыдан бекітілген жоспармен жүрдік. Қалай десек те, ұзақ уақыт бойы қаланы қазақ мәдениетінің бір бөлшегі деп санамады. Басқа ұлттар секілді енді ғана қалалық ұлтқа айналып келе жатқан еді. Осындай кезде Астананың са­лынуы ешқандай ұлттық қала салу дәстүріне негізделмей, түрлі архи­тектуралық шешімдер үйіп-төгіп қолданылды. Яғни, түрлі стильдер қосылған соң, қаланың нақты көрінісі ашылмай тұр. Бұл – бірінші мәселе. Нелік­тен кешіріммен қарауға болады деп ойлаймын? Өйткені бізде Қытай не Жапониядағыдай қа­лып­тасқан мәдениет болмады. Архи­тектураға қатысты бір өкі­нішім сол, Заха Хадидтің бір ғи­маратының бұйырмағаны. Бүгінде бұл сәулетші бақилық болды. Әзір­байжан, Гонконг, Венада ғи­мараттары тұр. Оның орнына Норман Фостер жоғарырақ болды ма, үш-төрт ғимаратты сол салды. Басқа архитекторлардың Сан­тьяго Калатраваны да атап өтуге болар еді. Сонымен бірге, дания­лық, сингапурлық сәулетшілер де мойындалған. Келесі мәселе – қаланың адамға бейімделмеуі. Көруге, өмір сүруге лайық про­пор­циялар сақталмаған. Илья Варламов блогтарында Парижде жүргенде мәселе үйінің сәулетінде емес, көшедегі аллеяның ұзын­дығы, гүлзарлардың кеңдігіндегі пропорциялардың дұрыс сақта­луында екенін жазған еді. Бізде мәселен, Нұржолдың бойында келе жатқанда егіннің алқабы сияқты әсер қалдырады. Жаңбыр жауса, жақын маңайдағы жерге жетіп үлгере алмайсың. Яғни мас­штаб өте кең. Араб елдерінде де биік ғимарат көп. Қала салуда тә­жі­рибе болмағаннан, адамға ыңғай­сыз, тек көлікпен жүруге арнал­ғандай етіп тұрғызған. Көше ара­лап, қыдырып жүруге қолай­сыз болған соң, демалыстан рахат сыйламайды. Ал енді мәдени кел­бетіне келсек, әлем жұртының назарын аудартатын фестивальдер қалыптаспады. Bekmambetov cinema басталғанымен, аяқсыз қалды. Мұндай іс-шаралар тұрақ­ты өтіп тұратындай ету керек. Мысалы, Испания, Венециядағы карнавал­дар, Берлиндегі рок-музыка фестивалі әлемге танымал. Осы жағынан елордалық Мәде­ниет басқармасы мен Kazakh Tourism біраз еңбек етуі тиіс», – дейді трэвел-блогер Өркен Кен­жебек.

Елордаға келген қонақтарды қарсы алып, демалыстарын ұйымдастырумен айналысатын туристік компаниялар бар. Panda tours туристік компаниясының директоры Елжан Жұмаханұлы ұлттық үлгідегі дүниелердің жеткіліксіз екенін айтып отыр. «Біздің компания Қытайдан келетін туристермен тығыз бай­ланыста жұмыс істейді. Осы уақыт ішінде байқағанымыз, Қазақ­станға, соның ішінде Нұр-Сұл­танға келген қонақтар «Бәйтерек» монументін, «Хан шатыр» сауда-ойын сауық орталығын, Әзірет Сұлтан мешітін, Ұлттық музей, Астана опера театры, «Атамекен» музейі, ЕХРО кешені және Тұң­ғыш Президент атындағы кітап­ханаға барады. Сондай-ақ Есіл өзенінің жағасында қыдырған да көпшіліктің көңілінен шығады. Еліміздің астанасына табан тіре­ген турист Бурабайға барады. Бі­рақ ол жақта жол және дәрет­хана мәселесі реттелмеген. Жолда та­мақ­танатын, естелікке кәде­сый­лар алатын жерлер де шешімін онша таппаған. Астанаға турист тарту үшін айтылатын ұсыныстар аз емес. Мысалы, ұлттық нақыш­тағы дүниелер жеткіліксіз. Соның ішінде күнде жұмыс істейтін ұлт­тық музыкалық театр сынды ғи­марат қажет. Домбыра, қобызы­мыздың үні естіліп тұрса, қара жор­ға билеп жатса, шеттен кел­гендерге қызық болар еді. Турис­тер өздері сұрап жататын кездер жиі болып тұрады. Өзге елден келгендер ұлттық тағамнан дәм татып көргісі келеді. Бағасы қол­жетімді әрі қазақтың ұлттық тағамдары әзірленетін мейрам­хана көп деуге келмейді. Бар десек те, саны аз. Саяхаттың тағы бір қызық тұсы – кәде алып кету. Біздегі сувенирлер шыны керек, сапасыз. Сондықтан көбі қолға ұстап көреді де, алмай кете бара­ды. Тағы бір айта кететін жайт, Нұр-Сұлтан арқылы Еуропа, Ресейге баратындар көп. 72 сағат визасыз рұқсат бар болған соң, қаланы аралап көргісі келетін­дер бар. Мұны да пайдалану қа­жет», – дейді ол.

Өткен жылы Үкімет тара­пы­нан Қазақстанның туристік кар­тасы әзірленген болатын. Ол жер­де ондық ішіне Нұр-Сұлтан қаласы, Имантау-Шал­қар, Щу­чинск-Бурабай ку­рорт­тық аймақ­тары, Баянауыл, Ала­көл, Балқаш, Алматы облысы­ның таулы клас­тері кірген. Енді мемлекеттік бағ­дарламаның көмегімен көп­ші­лік үшін беймәлім болып келген жерлерді танымал ету шаралары қабылданса дұрыс болады.