Аймақтың Полиция департаменті баспасөз қызметінің мәліметінше, әкімшілік полиция басқармасы жылына екі рет автомобиль жолдарына, көше-жол тораптарына және құрылыстарына кешенді тексеру жүргізеді. Мамандар автожолдардың техникалық жағдайын, жол инфрақұрылымын талапқа сәйкестігін тексереді. Нақты 1 мың 700 астам жол белгісі мен бағыттық көрсеткіштерді орнатып-ауыстыру, сондай-ақ 18 автобус павильоны мен тұрақтарды жөндеу қажеттілігі анықталды. 26 көпір мен жол бойындағы сымдарды тексеру кезінде 71 ақау табылды. Тексеріс нәтижесі бойынша барлық мүдделі органдарға ұсынымдар жолданды. Мәселен Петропавлдағы 101 бағдаршамның 32-сін стандартқа сай қосымша жарақтандыру қажет. Тәртіп сақшыларының айтуынша, алдағы уақытта Белое ауылы маңындағы Челябі-Новосібір тас жолын жарықтандыру, Бескөл ауылының орталығындағы тас жол үстінен жол өткелін салу, Екатеринбург – Алматы, Жезқазған – Петропавл жолдарын кеңейту туралы халықтың ұсынысы қаратырылып жатыр. Жалпы кешенді тексеру кезінде жолды және жол құрылыстарын күтіп ұстамауға қатысты мыңнан астам кемшілік анықталып, 13 лауазымды тұлға жауапқа тартылды.