Спортта саңлақ, еңбекте ер
Спортта саңлақ, еңбекте ер
149
оқылды
Сұхбаттарының бірінде: «15 жыл күрестім, 20 жыл кәсіпкермін – 35 жыл тек сабыр мен шыдамды серік еттім» деп айтқаны бар. Рас, ол кісі сабыр мен шыдамдылыққа, төзімділікке беріктігімен дараланатын. Жеткен жетістіктеріне тікелей әсер етуші қасиеттері де дәл осылар екені анық. Күреспен айналысқан бастапқы жылдары-ақ көптеген қиындыққа тап болып, тасада қалған сәттері қаншама десеңші?! Оны өзінің ел мен жерге деген махаббаты сол тығырықтардан сүріндірмей алып шықты. Сол бір тұнық сезімге негізделген ел мен жерге деген құрмет, ұлт намысы оны тасқайрақтай қайрап, бойындағы күш-қуат, қажыр-қайратын аямай жұмсауға жол ашты. Есімі аталса, бірден 1980 жылғы Мәскеу Олимпиадасы ойға оралады (Оның алдын­дағы Мюнхен, Монреаль Олим­пиадаларына да баруы керек еді...). Ал сол сындарлы сәтте оң аяғының тобығы тайып кетіп, оны салып, финалда күресіп, жеңіске жеткенінің өзі ерлік. Төрт жылдықтың басты додасының алдында өзіне, еліне «кілемнің үстінде не өлейін, не жеңейін» деп серт беріп, 29 жасында жеке­лей спорт түрінен қазақтан шық­қан тұңғыш Олимпиада чемпионы атанды. Өзін талантты балуандардың қатарына емес, үздіксіз еңбектеніп, ізденіп жүре­тіндердің санатына қосатын. Бас айналдырар жеңістен кей­ін елдің үмітін арқалап бар­ған сол кездегі Қазақ КСР Минис­трлер Кеңесінің төрағасы Бәй­кен Әшімов бастаған топ не қалай­тынын сұрағанда, ауыл-аймақты, оның табиғи өнімдерін сағынған балуан «бір кесе қымыз болса» депті. Осының өзі туған жердің адал перзенті екеніне дәлел. Жақсылық Үшкемпіровтің спортта жеткен жетістігі жыл өткен сайын Хан Тәңірі  шыңын­дай биіктеп, алыстан мұнартып көрінбек. Соңынан  ерген інілерін үнемі қамшылап, жігерлендіріп отыратын. Өзінен кейін араға жиырма жыл салып Сидней Олимпиадасында Бекзат пен Ермахан алтын алғанда көзінен қуаныштың жасы сауылдағанын да жасырмайтын. Ал күресте Жақсылық пен Шәмілден кейін алтын алған қазақ балуаны­ның болмағанына үнемі қынжы­л­атын. Биыл Мәскеу Олимпиадасында алған алтынға 40 жыл. Сол Олимпиададан кейін қазақ бала­сына күрестен алтын бұйырмай тұр. Жақсылық Үшкемпіровтің де арманы «Күрестен қазақтан шыққан чемпионды көріп кету» еді. Өкінішке қарай, көре алмады... Jaksilik aga Спортшы ретінде ел алдындағы міндетін абыроймен аяқтағаннан кейін, өзі үкілеп жарысқа қосқан, әр жетістігіне қуана білген Жетісу жерінің жұртшылығы ортасында  маңдай терін сыпырып жүріп, адал қызмет істеді. Бақанастың іргесінен шаруа қожалығын құрып, жұмысын дөңгелетті. Еңбектің игілігі есе­леніп, еңбегі ретті болғанда, етек-жең жиналған сәтте халқын да ұмытпады. Алматы облысында бес мыңға жуық тұрғыны бар Мыңбаев ауылында өз қаражатымен спорт кешенін ашып, балабақша салып, толықтай сол ауылдың жағдайын өз мойнына алды. Бала кезден келе жатқан арманы да, мақсаты да осы еді. Әр қазақтың жарқырап жүргенін шын пейілімен қалады. 2017 жылы Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев «Еңбек Ері» атағын берген сәтте «Қазақстанда ары еткенде бес мың ауыл бар шығар. Сол әр ауылды сол елді мекеннен шыққан  бес мың кәсіпкер өзінің қамқорлығына алып, көркейтсе, керемет болар еді» деген арманын айтты. Бұл тұжырымда аспандағы жұлдызды алу емес, әр қазақ бір-біріне қамқор, жанашыр болса деген мән жатыр. Кез келген бай-қуатты жанның қолынан келетін іс. Бастамасын жақсылықтың жаршысы болған Жақсылық Үшкемпіров көрсетті. Өзі тұрып жатқан ауылды толы­ғымен қам­қорлығына алып, жерлес­терінің тұрмыс-тірлігін қаладағы деңгейге жеткізді. Өз елін әл-қуатынша, қолы­нан келгенше жер жаһанға мәшһүр етуге тырысты және ол ойы толығымен жүзеге асты. Олимпиаданың алты­ны спорт­тағы даңқын әуелетіп, әлемге бір шығарып тастаса, еліміздегі таза ет өнімдерін сыртқа  экс­порттап, есімін  елге белгілі кәсіп­кер есебінде қалыптастырды. Тәжікстан, Өзбекстан сынды көршілес елдерге қазақ өсірген малдың  еті қандай болатынын көрсетті. Шет елден мал алып келіп, оны өсіруді құп көрмеді. Тек өзімізге тиесілі, қазақтың даласын әбден жерсінген  Алатау, Қазақтың ақ бас, Әулиекөл, Сантагер сынды ірі қара тұқымдарын өсірді. Бұл – елге, жерге, оның дәстүріне, ата салтына жаны ашитын, ұлты үшін жан қияр ерліктерге баратын жанның тындырымды тірлігінің бірі. Алаштың маңдайына біткен атпал азамат Дінмұхамед Қона­евтың: «Мен тарихта қалармын, бәлкім қалмаспын. Бірақ «бір жапырақ» болса да ел мен жердің атын шығарған Жақсылықтай жігіттер қазақтың тарихында алтын әріппен жазылатыны сөзсіз» дегенін өмірдің өзі мойын­датты. Көреген басшы сонау заманда ағамыздың бүгін­гі келбетін айқындап, үлкен сенім артып кеткендей еді. Жақсылық Үшкемпіров бұл үде­ден толығымен шықты. Елі үшін аянбады. Спортта саңлақ, еңбекте ер болған азаматтың жүріп өткен жолы келешекте аңыз болып айтылмақ. Әлем спортындағы ең мәртебелі атақты тұңғыш рет қазақтың қанжығасына  байлаған даңқты спортшы өмірден озғанда Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев «Ол грек-рим күресі бойынша қазаққа алғашқы болып  әлемнің ең басты атағын сыйлады. Кәсіпкерлікпен де табысты айналысып, ел экономикасының өркендеуіне лайықты үлесін қоса білді. Қайырымдылық іс-шараларға белсене атсалысып, кәсіпкерлік тәжірибесін  өзгелермен бөлісіп, жақсы үлгі мен өнеге көрсетті. Мен онымен өткізген кездесулерімді әркез ризашылықпен еске аламын. Отандастарымыз да оның есімі мен еңбегін ұмытпайды деп сенемін» депті Жақсылық ағаның отбасына жолдаған көңіл айту жеделхатында. Жақсы ағамен  өткен әрбір сәтті, әрбір кездесуді біз де ұмытпаймыз. Елдің даңқын асырған ердің ісін соңында қалған қаймана жұрты да ұмытпайды… Қазақ барда, Алаш тірі тұрғанда есімі өшпейді, ұрпақтан-ұрпақ жалғап айтып жүретініне кәміл сенімдімін.  

Болат АБАҒАН, Алматы облысы