Жиында шалғай ауылдарды интернетпен қамтамасыз ету мәселесі қаралды. Цифрлық даму, инновация және аэроғарыш өнеркәсібі вице-министрі болып Бағдат Мусин шалғай ауылдарда әлі де шешілмеген интернет проблемасын көтерді.
Оның айтуынша, жаңа оқу жылында тағы да қашықтан оқитын мектеп оқушылары үшін халқы тығыз орналасқан шалғайдағы ауылдарды сапалы интернеттен қамтамасыз ету қажет. Сондықтан жергілікті жердегі әкімдер интернет құрылғысын орнату үшін арнайы жер бөлуі тиіс. Құрылғы орнатылатын аумаққа электр желісі тартылған болуы керек. Вице-министр Үкімет басшысынан осы мәселені шешіп беруін сұрады.«Нұр-Сұлтан, Алматы және Шымкент қалаларында радиожиілік спектрлеріне талдау жасадық. Қосымша антенналар орнатылуы керек нақты локацияларды айқындадық. Осыған байланысты жер телімдерін бөлу мен электр энергиясын тартуда жәрдемдесу үшін әкімдіктерге тиісті тапсырма беруіңізді сұраймыз», - деді министр. Айта кетейік, жиында Білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетов қашықтан оқу үшін жан-жақты жұмыстар жүргізіліп жатса да, шалғай ауылдардағы интернет проблемасы әлі де шешілмегенін айтты.