Қазақ поэзиясының інжу-маржаны
Қазақ поэзиясының інжу-маржаны
338
оқылды

Нұр-Сұлтан қаласындағы Ұлттық академиялық кітапха­нада «Қазақ поэзиясының інжу-маржандары» антология­сы­ның тұсаукесер рәсімі өтті.

– Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев­тың бастамасымен жүзеге асырылып жатқан «Рухани жаңғыру» бағдарла­масы аясында Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың тікелей қолдауымен «Қазақ поэзиясының інжу-маржан­дары» антологиясы жарыққа шықты.

Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев осы топтамаға енгі­зілген әр ақынның кітабына жазған алғысөзінде, «Рухани жаңғыру» та­рихи мұраларымызды түгендеп, өшкенімізді жандырумен қатар, төл әдебиетімізді ұлықтау, сол арқылы жауһар поэзия­мызды ұрпақтың игі­лігіне айналдыру екенін айтқан бо­латын. Мемлекет басшысының бас­та­масымен көрнекті ақындары­мыз­дың шығармаларынан құрастырылған мұндай топтамаларды жарыққа шы­ғару алдағы уақытта да жалғасын та­бады, – дей келе Қазақстан Президен­тінің баспасөз хатшысы Берік Уәли ортаға Мұрат Әуезов пен Әнес Са­рай­ды шақырып, тұсаукесер рәсімін жасады.

Топтамаға Абай, Шәкәрім, Мағ­жан Жұмабаев, Ілияс Жансүгіров, Қа­сым Аманжолов, Жұбан Молдаға­лиев, Жұ­мекен Нәжімеденов, Тұман­бай Молда­ғалиев, Қадір Мырза Әлі, Мұқағали Мақатаев, Фариза Оңғар­сынова, Ол­жас Сүлейменов және Мұхтар Ша­хановтың шығармалары енген.

Айта кету керек «Қазақ поэзия­сы­ның інжу-маржандары» антологиясы Мемлекеттік хатшы Марат Тәжин, Қазақстан Жазушылар одағының басқарма төрағасы, ақын Ұлықбек Есдәулет, жазушы, Мемлекеттік сый­лықтың иегері Әлібек Асқаров және «Фолиант» баспасының директоры Нұрлан Исабековтің тікелей қолдауы­мен жарыққа шықты.

Қазақстан Жазушылар одағының басқарма төрағасы, ақын Ұлықбек Есдәулет:

– «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында Азия жазушыларының бірін­ші форумын өткіземіз. Бұл топтама соның қарсанында шыққан кітаптар болып есептеледі. Сол форумға қаты­сатын қаламгерлерге тарту етіледі. Бұл дегеніміз Мемлекет басшысы­ның, Мемлекеттік хатшымыздың, ми­нистр­ліктердің әдебиетке деген оң көзқа­расын білдіреді. Басқа да шаралары­мызды қаржыландырылып жатыр. Аударма жұмысы да қолға алынуда. Поэзияның антологиясы да шыққан болатын. Бірақ дәл осылай он үш ақыннның інжу-маржан өлендерінің бір құрақ болып осылай шығуы бұрын болмаған, – деді.

«Тіл-Қазына» ұлттық орталы­ғы­ның директоры, арнайы топтың же­текшісі болған Әлібек Асқаров болса:

– Бұл топтама Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасымен жүзеге асқанын айта кету керек. Кітаптарға Мемлекет басшысы өзі алғысөз жазып берді. Содан біз ақын­дардың ең үздік өлеңдерін ғана жи­нақ­қа енгіздік. Шетелде шыққан кітап­тарды қарап шықтық. Үлгілерін алып Мемлекеттік хатшыға көрсеттік. Әдемілеп шығару үшін еңбек еттік. Сосын «Фолиант» баспасына тапсы­рыс бердік. Әр кітапты он баспа табақ қылып шығардық. Міне, қолдары­нызға алып отырған он үш кітап дү­ниеге осылай келді,– деп атқарылған жұмыс туралы айтып өтті.

Сонымен қатар Сенат депутаты Нұртөре Жүсіп:

– Мемлекет басшысының тікелей қолдауымен шыққан қазақ поэзиясы інжу-маржандарының кітаптар топ­тамасы шығуы құтты болсын! «Бір адам от жақса, жүз адам жылынады» де­ген бар. Он үш ақынның жыры ар­қылы миллиондаған адамның жүрегі де жылынса деп ойлаймын, – деді.

Жиынға қатысқандар он үш саны­ның қазақ үшін киелі болып санала­тынын да тілге тиек етті. Сондықтан да, он үш ақынның топтамасы алдағы уақытта да қолға алынар игілікті іс­тер­ге, қазақ әдебиетінің ілгерілеуіне жа­салған үлкен қадам болады деп тарқасты.


Әдебиет БЕЛГІБАЙҰЛЫ