Нұр-Сұлтан қаласындағы Ұлттық академиялық кітапханада «Қазақ поэзиясының інжу-маржандары» антологиясының тұсаукесер рәсімі өтті.
– Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың бастамасымен жүзеге асырылып жатқан «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың тікелей қолдауымен «Қазақ поэзиясының інжу-маржандары» антологиясы жарыққа шықты.
Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев осы топтамаға енгізілген әр ақынның кітабына жазған алғысөзінде, «Рухани жаңғыру» тарихи мұраларымызды түгендеп, өшкенімізді жандырумен қатар, төл әдебиетімізді ұлықтау, сол арқылы жауһар поэзиямызды ұрпақтың игілігіне айналдыру екенін айтқан болатын. Мемлекет басшысының бастамасымен көрнекті ақындарымыздың шығармаларынан құрастырылған мұндай топтамаларды жарыққа шығару алдағы уақытта да жалғасын табады, – дей келе Қазақстан Президентінің баспасөз хатшысы Берік Уәли ортаға Мұрат Әуезов пен Әнес Сарайды шақырып, тұсаукесер рәсімін жасады.
Топтамаға Абай, Шәкәрім, Мағжан Жұмабаев, Ілияс Жансүгіров, Қасым Аманжолов, Жұбан Молдағалиев, Жұмекен Нәжімеденов, Тұманбай Молдағалиев, Қадір Мырза Әлі, Мұқағали Мақатаев, Фариза Оңғарсынова, Олжас Сүлейменов және Мұхтар Шахановтың шығармалары енген.
Айта кету керек «Қазақ поэзиясының інжу-маржандары» антологиясы Мемлекеттік хатшы Марат Тәжин, Қазақстан Жазушылар одағының басқарма төрағасы, ақын Ұлықбек Есдәулет, жазушы, Мемлекеттік сыйлықтың иегері Әлібек Асқаров және «Фолиант» баспасының директоры Нұрлан Исабековтің тікелей қолдауымен жарыққа шықты.
Қазақстан Жазушылар одағының басқарма төрағасы, ақын Ұлықбек Есдәулет:
– «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында Азия жазушыларының бірінші форумын өткіземіз. Бұл топтама соның қарсанында шыққан кітаптар болып есептеледі. Сол форумға қатысатын қаламгерлерге тарту етіледі. Бұл дегеніміз Мемлекет басшысының, Мемлекеттік хатшымыздың, министрліктердің әдебиетке деген оң көзқарасын білдіреді. Басқа да шараларымызды қаржыландырылып жатыр. Аударма жұмысы да қолға алынуда. Поэзияның антологиясы да шыққан болатын. Бірақ дәл осылай он үш ақыннның інжу-маржан өлендерінің бір құрақ болып осылай шығуы бұрын болмаған, – деді.
«Тіл-Қазына» ұлттық орталығының директоры, арнайы топтың жетекшісі болған Әлібек Асқаров болса:
– Бұл топтама Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасымен жүзеге асқанын айта кету керек. Кітаптарға Мемлекет басшысы өзі алғысөз жазып берді. Содан біз ақындардың ең үздік өлеңдерін ғана жинаққа енгіздік. Шетелде шыққан кітаптарды қарап шықтық. Үлгілерін алып Мемлекеттік хатшыға көрсеттік. Әдемілеп шығару үшін еңбек еттік. Сосын «Фолиант» баспасына тапсырыс бердік. Әр кітапты он баспа табақ қылып шығардық. Міне, қолдарынызға алып отырған он үш кітап дүниеге осылай келді,– деп атқарылған жұмыс туралы айтып өтті.
Сонымен қатар Сенат депутаты Нұртөре Жүсіп:
– Мемлекет басшысының тікелей қолдауымен шыққан қазақ поэзиясы інжу-маржандарының кітаптар топтамасы шығуы құтты болсын! «Бір адам от жақса, жүз адам жылынады» деген бар. Он үш ақынның жыры арқылы миллиондаған адамның жүрегі де жылынса деп ойлаймын, – деді.
Жиынға қатысқандар он үш санының қазақ үшін киелі болып саналатынын да тілге тиек етті. Сондықтан да, он үш ақынның топтамасы алдағы уақытта да қолға алынар игілікті істерге, қазақ әдебиетінің ілгерілеуіне жасалған үлкен қадам болады деп тарқасты.
Әдебиет БЕЛГІБАЙҰЛЫ