Тегін дәрі-дәрмек көбеймек
Тегін дәрі-дәрмек көбеймек
172
оқылды

Тұңғыш Президент – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың өткен жылғы Жолдауында берілген тап­­сырма бойынша тегін медициналық көмектің кепілдендірілген көлемінің жаңа үлгісі және мін­детті әлеуметтік медициналық сақтандыру (МӘМС) жүйесіндегі медициналық көмек пакеті әзір­ленген болатын. Енді бұл жүйе 2020 жылдың қаңтарынан бастап қолданысқа енеді. Жур­­­на­лис­­термен болған жүздесуде Денсаулық сақтау министрі Елжан Біртанов медицина са­ла­сын­дағы өзекті мәселелерге және медициналық сақтандыру жүйесінің тиімді тұстарына тоқ­­талды.

2017 жылы халық қаржысын қайда жұмсайтынына талдау жүргі­зіл­ген. Нәтижесінде, оның көбі диа­­гностикалық, базалық медици­на­лық қызмет түрлеріне және дәрі-дәрмекке жұмсалатыны белгілі бол­ды. Осыған орай, Денсаулық сақ­тау министрі алдағы жылы енгі­зейін деп отырған медицина­лық сақ­тандыру жүйесі халықтың емде­луге кететін шығындарын азайтып, медициналық қызметпен жаппай қамтуға мүмкіндік беретінін айтты.

Салаға бөлінетін қаржы жыл сайын өсіп келеді. Мысалы, бір жыл­да денсаулық сақтау саласына 1 трлн теңге жаратамыз. Адамдар «қаншама қаржы бөлініп жатыр, ол қайда кетіп жатыр, денсаулық неге жақсармайды?» дейді. Бөлінген қар­жыны адамға шаққанда, бір адам­ға жылына 130 доллар болады. Дол­лар не үшін маңызды? Өйткені дәрі-дәрмек, құрал-жабдықтар долларға байлаулы. Жыл сайын баға өсіп жатыр. Өкінішке қарай, құл­дырау да болады. Бұл неге әке­ліп соғады? Біз қаржының көп бөлі­­­гін медицина саласына қалта­мыз­­­дан төлейтін боламыз, 2017 жы­лы Экономика министрлігі­мен бірге талдау жасаған болатынбыз. Зерт­теуімізге сәйкес, жұрттың қы­рық пайыз шығыны осы денсаулық сала­сына қалтасынан шыққан. Қа­зақ­стан үшін 40 пайыз өте көп. Мұндай көп қаржы жұмса­ма­уы­мыз керек. Бұл, әсіресе, кірісі аз және ор­та­­ша адамдардың қалта­сына сал­мақ түсіреді, – дейді Елжан Бірта­нов.

Министрдің айтуынша, биыл ден­саулық сақтау саласына 1 трлн тең­ге жұмсалса, 2020 жылы – 1,6 трлн, ал 2025 жылға қарай бұл көр­сеткіш 3 трлн болады. Сонда жаңа­ғы 40 пайызымыз 5 жылдың ішінде 30 пайызға дейін қысқарады екен.

Елімізде денсаулық сақтау сала­сына мемлекеттік бюджеттің 11 пайызы жұмсалады. Өзге мемле­кет­термен салыстырмалы түрде қа­рай­тын болсақ, бұл – аз емес. Дамы­ған мемлекеттерде бұл салаға ша­мамен бюджеттің 15 пайыз қар­жы­сы жұмсалады. Ал бізге діт­те­ген межеге жету үшін бюджет­тің шама­мен 22 пайызы жұмсалу керек.

Мамандар түрлі мемлекеттің тәжі­рибесін, еліміздегі адамдардың та­бысын ескеріп, бізге бірыңғай әлеу­­меттік жүйенің оңтайлы еке­нін айтады, яғни сақтандыру тиім­ді. Өйткені қаржы алдын ала жи­на­­ла­­ды. Екі түрлі тәсілді айтуға бола­­ды. Біріншісі – әркім өзі жи­най­ды. Бұл – жекеменшік сақ­тан­дыру, АҚШ-тағыдай. Екіншісі – ұжым­дық сақтандыру. Қазір бізде қол­­да­ны­­лып жатқан жүйе осы. Бәрі қар­­жысын белгілі бір жүйе бойын­­ша жинайды.

– Елімізді алатын болсақ, адам­дар­дың кірісі әртүрлі. Сондық­тан қорға жүгінудің қажеті жоқ. Мы­са­лы, олар әскерилер мен зейнет­кер­лер­ді сапалы қызметпен қамтама­сыз ете алмайды. Өйткені қызмет бағасы қымбат.

Қаңтардан бастап еңбекақы­мыз­­дың 1 пайызын, одан соң 2 па­йызын төлейміз. Бірыңғай жүйе бойын­ша жұмыс істейміз. Қа­жет бол­ғанда жиналған қаржы­ны ме­ди­ци­налық қызметке жұм­сай­тын боламыз. Қызметті көбіне бала­лар мен егде адамдар ала­тынын айтып өту керек. Осы ар­қылы 2025, 2030, 2050 жылдары қан­ша қаржы жина­ла­тынын біле­міз, денсаулық саласы да жақсара­тын болады. Қаржылық тұрақты­лық дегеніміз – осы. Мы­са­лы, ер­тең аяқастынан төтен­ше жағдай, эконо­микада қандай да бір қиын­дық болып, бюджет қаржысы күрт азайса, бюджетке тәуелсіз боламыз. Жауапкершілік те артады. Мәсе­лен, мен сақтандырылсам, талап ете аламын. Медицина мен адам ара­сындағы байланыс тікелей жүреді, – дейді министр.

Елімізде тегін медициналық қыз­мет түрлері, емханалар бар. Тә­жі­рибе көрсетіп отырғандай, оған бюджет қаржысы жетпей жатады. Енді медициналық сақтандыру ар­қы­лы оның да орны толтырыл­мақ. Сонымен қатар консультациялық-диагностикалық қызмет 5 есе, тегін берілетін дәрі-дәрмек екі есе кө­бе­йе­ді. Мысалы, қазір жылына 100 млрд тегін дәрі-дәрмекке жұмсалса, келесі жылы оны 200 миллиардқа кө­бейту жоспарланып отыр. Олар алдымен балаларға, мүгедек жан­дар­ға және аяғы ауыр әйелдерге беріледі. Тағы бір айта кететін жайт, дәріханаға кіргенде алған дәріңіздің сапасын сол жерде тұрып арнайы құра­л­дар арқылы жан-жақты тек­серіп ала аласыз. Осы тұрғыда жұ­мыс­тар жүргізіліп жатқанын Ден­сау­лық сақтау министрі жеткізді.

 

Эльмира ЖАҚСЫБАЙҚЫЗЫ