Жоғарғы сот судьясы лауазымына кандидаттарды іріктеуде қазақстандықтар пікірі ескеріледі. Мысалы, халық 13 тамызға дейін екі үміткердің судья болуға лайықты немесе лайықсыз екені туралы пікір білдіре алады. Бұл жөнінде Жоғарғы сот кеңесі хабарлады. Жоғарғы сот кеңесінің уәжінше, бұл бастама кадрларды іріктеудің барынша объективтілігі мен ашықтығын қамтамасыз ету мақсатында жасалып отыр.
«Жоғарғы сот кеңесі қазіргі уақытта Жоғарғы сот судьяларының 2 бос лауазымына конкурс өткізіп жатыр. Іріктеу барысында үміткерлердің кәсіби және жеке қасиеттері зерделеніп, олардың қабілеті мен дағдылары бағаланады. Әрбір үміткерден Кеңес мүшелері сұхбат алады, оған адвокаттар алқасы, прокуратура өкілдері, өзге де заң қауымдастығының өкілдері, сондай-ақ HR-мамандар қатысады. Сонымен қатар әрбір қазақстандық нақты үміткер туралы өз пікірін білдіре отырып, кандидаттарды іріктеу процесіне қатыса алады», – делінген Жоғарғы сот кеңесі таратқан хабарламада. Ол үшін Кеңестің v.sovet@vss.gov.kz электрондық поштасына тиісті хатты 13 тамыздан кешіктірмей жіберу қажет. Жоғарғы сот судьялары лауазымдарына орналасуға арналған конкурсқа қатысатын үміткерлер тізімі кеңестің ресми сайтында берілген.
Т.МЫРЗА