Аймақ басшысы Қаракемер және Сортөбе ауылдарында жергілікті тұрғындармен бірқатар кездесулер өткізді. Бердібек Сапарбаев ұсталғандардың туыстарының барлық өтініштерін мұқият тыңдап, олардың ешқайсысы назардан тыс қалмайтынын және прокуратура, құқық қорғау және жергілікті атқарушы органдармен қаралатынын атап айтты. Ол барлық өзекті мәселелер заң аясында шешілуі тиіс екенін айтты.
«Біз болған қайғылы оқиғалар 11 адамның өліміне әкеліп соқтырғанын, екі жүзге жуық адам жарақат алғанын, азаматтарымыздың мүлкі зардап шеккенін ұмытпауымыз керек. Сіздердің барлық өтініштеріңіз қаралады, ұсталғандармен кездесулер мен телефон арқылы сөйлесулер ұйымдастырылады. Құқық қорғау органдары тергеу жұмыстарын аяқтады, ол материалдармен тараптар таныстырылуы керек. Заңды бұзған және олардың кінәсі дәлелденген адамдардың бәрі жазалануы қажет екенін тағы да айтқым келеді. Барлығы заң бойынша болуы керек. Бұл мәселе Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың жеке бақылауында», – деді Бердібек Сапарбаев.Облыс басшысы тұрғындармен кездесуінде Қордайды қалпына келтіру жұмыстары жүріп жатқанын да айтты. Атап айтқанда, Қаракемер және Масаншы ауылдарындағы әлеуметтік нысандарды абаттандыру мен салу үшін қосымша 3 миллиард теңге бөлінген. Тұрғын үйлер, спорт және балалар алаңдары, дәрігерлік амбулатория, мектеп, көшелер салынып, газ құбыры, сумен жабдықтау желілері тартылып жатыр. Жүздесуде Бердібек Сапарбаев тұрғындарды тәртіп пен заңдылықты сақтауға, жалған ақпаратқа сеніп, арандап қалмауға шақырды.