Жүргізуші бір жасар баланы қағып кетті, сәби жедел жәрдемде қайтыс болды. Бұл туралы Polisia.kz хабарлады. 4 тамыз күні Приозерск қаласының полиция бөліміне сағат 12.00 шамасында Сарышаған станциясында жол-көлік оқиғасы орын алып, салдарынан бала жарақат алды деген хабар келіп түскен.
Оқиға орнына жеткен полиция қызметкерлері жол-көлік апаты жеке үйдің ауласында болғанын анықтады. Мұнда 31 жастағы ер адам Mitsubishi PaJero автокөлігін жүргізіп келе жатып, 1 жастан асқан баланы қағып кеткен. Жол-көлік оқиғасы салдарынан бала түрлі ауырлықтағы жарақат алып, Приозерск қаласының ауруханасына жетпей, жедел жәрдем көлігінде көз жұмды.Айта кетерлігі, жол-көлік оқиғасына кінәлі адам баланың туысы екені белгілі болды. Аталған оқиғаға ҚР ҚК-нің 345-бабының 3-бөлігінде көзделген «Абайсызда адам өліміне әкеп соққан жол қозғалысы ережелерін бұзу» қылмыстық құқықбұзушылық бабы бойынша тергеу амалдары басталды.