«НеМолчи.kz» қорының жетекшісі Дина Таңсәрі әлеуметтік желіде Жамбыл облысында болған оқиға туралы жазды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy. Бұл оқиға туралы оған баланың сыныптастарының әпкесі хабарлаған. Терезеден құлаған он жастағы бала 2-3 жыл бұрын қамқоршыларға берілген.
«Олар баланы үнемі аш қалдырып, ұрып-соғады екен. Қараңғыға қамап, күні бойы ассыз, сусыз да қалдырыпты. Әлеуметтік қызмет өкілдері де, басқа жауаптылар да бақыламаған. Баланы бірнеше күн ата-анасы емес, мектеп іздеген. Белгілі болғандай, ол екінші қабаттың терезесінен секірген немесе оны итеріп жіберген. Бала құлаған жерінде 2-3 күн бойы ағаштың түбінде жатқан. Тіпті, көмекке шақыруға да қорыққан. Қазір бала ауруханада жатыр. Оған операция жасалады», - деп жазылған хатта.Оның айтуынша, балаға сынып жетекшісі мен сыныптастарының ата-анасы тамақ апарып береді, ал баланың қамқоршылары әкелінген тамақты үйіне алып кетеді екен.