Пандемия статистикаға қалай әсер етті?
2020 жылдың алғашқы бес айындағы статистика бойынша қаңтар-мамыр аралығында жалпы саны 36 417 неке тіркелген. Былтыр осы аралықтағы неке саны 48 189 болған екен. Некеге тұрғандар саны, әсіресе коронавирус пандемиясы жарияланған кезде еселеп азайғанын байқадық. Салыстырмалы түрде айтар болсақ, былтыр сәуірде 10 794 отбасы шаңырақ көтерсе, биылғы сәуірде бар болғаны 3 829 неке тіркелген. Мамырдағы көрсеткіш бір жыл бұрын 9 458 болса, осы жылы — 4116. Алғашқы бес айда некелескендердің 24 430-ы қала тұрғыны болса, 11 987-сі ауылда тіркелген. Ажырасу көрсеткішіне келсек, қаңтар-мамыр аралығында 11 326 отбасы ажырасып, оның 3014-і ауыл, қалған 8 312-сі қала халқы болып отыр. 2019 жылдың бірінші бес айында 24 003 отбасы ажырасқан. Статистика комитетінің деректеріне сүйенсек, ажырасатындардың дені 30-34 жас аралығындағы, үйленгендеріне 5 жылдан асқандар екен. «Қазақстанның тең құқық және тең мүмкіндіктер институты» қоғамдық қоры былтыр «Қазақстандық отбасы — 2019» баяндамасын әзірлеген болатын. Соның аясында жасалған зерттеудің нәтижесінде сауалнамаға қатысушылардың 61 пайызы ажырасудың басты себебі ретінде туыстардың араласуы деп жауап берген. 35,9 пайызы отбасы құндылығының жоғалғанын айтса, 28 пайызы өзімшілдік салдарынан депті. 28 пайызы әлеуметтік желілердің әсерінен ажырасу көбейді деп ойласа, 25 пайызы ажырасу процесінің тым жеңілдігін желеу етеді деген. Бір қызығы, материалдық жағдайға байланысты ажырасады деп респонденттердің 1 пайызы ғана жауап беріпті.Отбасын жарастыратын сот
Ажырасу белең ала бастағанын байқаған сәттен Жоғарғы сот «Отбасылық сот» атты қанатқақты жобаны қолға алған. Екі жылдан бері жүзеге асырылып келе жатқан бастаманың мақсаты — күйзеліске түсіп, тығырыққа тірелген жұптың жақсылап ойланып, отбасын ойран етпеуіне ықпал ету. Осы орайда, ажырасуға ниеттілерге құқықтық және психологиялық қолдау көрсетіледі. Нәтижесінде отбасы сақталып қалады, болмаса ажырасқан соң жақсы қарым-қатынаста қалуына әсер етеді. Жоғарғы сот кәмелетке толмаған балалар жасаған қылмыс, алимент алу, мүлікті бөлу, тұрмыстағы зорлық-зомбылық және осы сынды барлық мәселенің басын біріктіріп, осы «Отбасылық соттың» қарауына беру туралы идеяны іске асырып көргісі келеді. Өйткені бұл мәселелер бір-бірімен тығыз байланысты.«Бала үшін шыдау» дұрыс па?
Кикілжіңді шешуге тырысқан жөн-ақ. Татуластырып, мәмілеге келтіру де құптарлық. Дегенмен ажырасудан өзге амалы жоқ тарап бар. Ол тұрмыстық зорлық-зомбылық құрбаны болып жүргендер. Яғни, күнделікті ұрыс-керіс, оның соңы ұрып-соғуға әкелетін кездерде «бала үшін шыдау» психологиясының жөн емесін ескеру қажет. Яғни, толық отбасында өскенімен, бақытты отбасында жапырақ жаймаса, балаға тиер кері әсері көп болады. Биыл болған бірнеше жағымсыз жайтты еске сала кетейік. Солтүстік Қазақстан облысының тұрғыны жылдар бойы әйелін таяқтап, ақыр соңында 29 жастағы жұбайын балаларының көзінше жауыздықпен өлтірді. Батысқазақстандық ер адам әйелі мен 7 және 8 жасар қыздарымен қоса тірідей отқа ораған. Нұр-Сұлтанда таяқтың астында қалған әйел ақыры жан тапсырып, артында 9 және 2 жастағы қыздары қалған. Мұндай оқиға айта берсе, өте көп. Айгүл Елубайқызының айтуынша, әйел өзін сыйлата білмесе, ұрғанға көніп, отбасын сақтағаны еш пайда бермейді. Қайта баланың түсінігін теріс бағытқа бұруы мүмкін. «Бізге 20 жылдан астам уақыттан бері күйеуінің ұрғанына көніп жүргендер келеді. «Осынша уақыт не үшін шыдап келдіңіз?» деп сұраймыз. Олай көнуге болмайды. Өйткені әкесінің ұрғанын көріп өскен баланың анасына жаны ашитыны анық. Бірақ оған деген құрметі азаюы мүмкін. Екінші жағынан, анасының таяқ жеп, сонда да үндемей шыдағанын желеу етін өз әйелін сабауды норма санап кетеді. Бұл дұрыс емес». Бүгінде тұрмыста зәбір көргендердің құқығын қорғайтын ұйымдар бар. Сол ұйымдарға барып, мәселені шешуге болады.Бір ай және бір күн — татуласуға мүмкіндік
Қос тарап екіге бөлінуге бел буғанда арасында ортақ мүлік пен бала болмаса, Азаматтардың хал-актілерін тіркеу (АХАТ) органына барып немесе eGov арқылы онлайн өтінім беруге болады. Мұндай жағдайда ажырасу процесі оңай жүреді. Алматы қаласы Медеу аудандық әкім аппаратының АХАТ бөлімінің маманы Гүлбану Амантайқызы «Заң бойынша ажырасуға өтініш берген күннен бастап жұбайларға бір ай, бір күн уақыт беріледі. Одан бұрын дереу ажырастыру мүмкін емес. Бізге келгендерге уақыт берілетінін айтып, басшылықпен жолықтырамыз. Басшымыз сөйлесіп, мәселенің мәнін сұрайды. Егер сонда да татуласу мүмкін емес десе, жеке куәліктерін көрсетіп, неке қию туралы куәлігін тапсырып, 2 АЕК көлемінде 5 556 теңге БАЖ салығын төлеп, арыз қалдырады. Негізі, сөйлесіп, татуластыру біздің міндетіміз емес. Біз тек тіркеп аламыз. Жалпы алғанда, ажырасуға ниеттілердің тек 5-10 пайызы ғана өтініштерін қайтарып алып, татуласып жатады. Ондайлардың көбі қызбалықпен шешім қабылдап қойғанын, енді ажырасу туралы ойдан арылғандарын айтады»,– дейді маман.Жадыра АҚҚАЙЫР