Адамзаттың өнер тарихында, әлемге ортақ озық та кемел шығармашылықта «Құлақтан кіріп бойды алар, Жақсы ән мен тәтті күй. Көңілге түрлі ой салар, Әнді сүйсең менше сүй» деп таным мен талғамның нәзік пернесін дөп басқан данышпан Абайдай тұлға саусақпен санарлық. Ол сөздің де, тыңдаушының да деңгейін айқындап, өнеге көрсетіп кетті. Жыл өткен сайын дүниежүзінде қазақ әнін сүйетіндердің, халқымыздың өзге де өнер саласын бағалайтындардың саны артып келеді. Мұрасы саф асылдай сақталған, аты алтын әріппен тарихта жазылған әйгілі әнші, күйші, композиторларымыздың шығармаларынан бастап бүгінгі біртуар Димаш, Данелия, Ержан, Рахат-Би, Темірлан, Нұрәли сынды жас таланттарымыздың өнері әлем жұртшылығына несімен ұнайды? Бір сөзбен айтсақ, олардың жеңіс құпиясы, жетістік сыры төгілген маңдай терде, кәсіби білім мен білікке құштарлығында, табиғи дарыны мен жоғары сапалы туындыларды орындаудағы ыждағатында дер едік. Өнер нарығында бәсекенің бәсі де, бәйгесі де тоқтамақ емес. Халық үмітті: ұлт өнері де жеткен жетістікке тоқмейілсімейді. Осы салада дүниежүзі кеңістігіне жол ашқан, батыл қадам жасап, өз бағын ұлт бағымен астастырған мақтаныштарымыздың ізбасарлары тағы нені ескеріп, елеуі керек? Жас талап пен таланттың биік дәрежеге жетіп, әлемдік сахнаға шығуына не кедергі? Бұл жөнінде айтудайын айтылып, жазудайын жазылып келеді. Алайда көбі жартасқа барып айғайлап, жаңғырығы далада қалатын істің кері. Жатып алып баршаны жаппай сынау, кіжінумен күн өткізу ешкімге пайда әкелмейді. Әлбетте, «бұлақ көріп, көзін ашу» әрқашан сауапты іс саналған. Бұл қазір де көкейкесті. Одан да маңыздысы – елімізде әлем мойындайтын, тіпті бас иетін өнер ғылымын дамыту, білікті маман, кәсіби орындаушы даярлаудың жаңа тұжырымдамасын қалыптастыру. Бұл жұмыс әдістері мен тәсілдерін жүйелі жаңғыртумен ғана жүзеге асады. Осы тұрғыда өнер ұжымдарының тарихи бай тәжірибесін, жетістіктерін қайта зерттеп игеру, майталмандар мен саңлақтарды ұстаздық қызметке жүйелі тарту саланың табиғи түрде жаңғыруына ықпал етпек. Ал насихаттың орасан мүмкіндігін ескерсек, қаз-қаз тұрып келе жатқан «Домбыра», «Абай» телеарналарының концепциясына, мазмұнына, бағытына бейжай қарауға болмайды. Әлеуметпен байланыстың (қазір «кері байланыс» делінеді) мүмкіндігін пайдалануды, саладағы кемшіліктерді қоғаммен кеңсіп түзеуді үйрену маңызды елдік іс екенін ұмытпалық. Соның ішінде телерадио эфирде, күнделікті қолданыстағы компьютер мен телефонда тұтынушы үшін тәулік бойы шырқалатын әндердің тақырыбы, мәтіні ой салып, көңіл ауанына әсер ететінін баршаңыз білесіз. Осы тетікті неге жүйелі, сауатты пайдаланбасқа? Бұл – халқымыздың баға жетпес мәдени мұрасын насихаттап, ұлтымыздың рухани деңгей-талғамын қалыптастыратын оңтайлы формат. Жекелеген әнші, орындаушы белгілі бір талап деңгейінен көрінбесе, сырттай сынап-мінеуге жақын тұрамыз, алайда олардың өз ұлтымыздан шыққан талапты ұл-қыздар екенін естен шығармалық. Бап та, ынталандыру да, сын да, өлшем де жанашырлықтан тууы керек. Өнерпаз әрқашан ізденіп отырса, барша шығармашылық биікті бірте-бірте бағындырады. Дегенмен өнерді қолдайтын орта, тұлғалар да елдің елдігін көрсететін ұстындар. Қазіргі замана көшінен қалмай, өнерді дамытуға ерекше үлес қосып жүрген азаматтардың еңбегі тиісті орындардың көмегінен де, назарынан да тыс қалып жататыны ақиқат. Көп өнерпаз маңдай терімен тапқан-таянғанын сүйікті ісіне жұмсайды. Әнді таңдау, студияда жазып, өңдеу, оркестрмен қосылып айту, лайықты костюм тіктіртіп, эфирге шығу, көрерменнің көңілінен шығу орасан зор еңбек пен шыдамдылықты талап етеді. Осыны жете түсінбейтіндер өнер адамының қалтасына үңілгісі келеді, шайлығы мен байлығына қызғанышпен қарайды. Қоғамдағы әлеуметтік қиындықтардың себебін шығармашыл қауымға артудан да тайынбайды. Шын талант иесі, дарынды, еңбекқор өнер адамы неге бай болмауға тиіс? Әділін айтсақ, «тойдан – тобықтай» дегендей, қуаныштың сәнін, мейрам-мерекенің мәнін қоғам мен өнерпаздар бірлесіп елдік арнаға бұрып жатса, ортақ жетістік болмай ма? Әлбетте, әңгіменің төркіні сапада. Оның ішіне репертуар да, көркемдік деңгей де, орындаушылық шеберлік те, дыбыс техникасы да, ең ақыры киген киім үлгісі де, бәрі-бәрі кіреді. Ең басты көрсеткіш – әншінің табиғи даусы мен әнінің мазмұны. Сондықтан мұндай маңызды мәселелерді талдап, сараптауды көшедегі әлдекімге немесе көлденең көк аттыға емес, тиісті мамандардың, арнайы ғалымдардың зерделеу нысанына қалдырған жөн. Біз аталған салаға «саннан сапа шығады» деп сан қуудың (өзімізді өзіміз алдаусыратудың) орнына, «сапаны санға қарсы қою» қағидасын қатаң ұстану жолын ұсынбақпыз. Түптің түбінде бар мәселе көпшіліктің қалауы мен тыңдаушының талғамында деп жүре берсек, екі тарап та ұтылатыны хақ. Оның үстіне, өнер атаулы, соның ішінде ән әлемі байытатын ұлттық құндылығымыз бүгінде қай кездегіден де қоғамның құнттауына зәру. Мұны терең сезіну жалпы өнерсүйер қауымның ғана емес, әрбір саналы азаматтың парызы. Сондықтан жақсы, мәнді әннің қоғам өміріндегі маңызды орнын түсінетін кез келді. Әріптесіміз, өнер қайраткері Бекболат Тілеуханның: «Бұрын даусы барлар әнші еді, қазір аузы бардың бәрі әнші» деген сөзі бар. Рас, қазір телерадио арналарының орасан зор ықпалы осындай дүдәмал түсінік қалыптастырып отыр. Бар кілтипан әнші мен көрерменнің, яки тыңдаушының арасындағы алтын көпірде болса, оған имантаразы қарауыл қою керек деп ойлаймыз. Оны әсте цензурамен шатастыруға болмайды. Әннің сапасын бағалайтын көркемдік алқа мен шығармашылық кеңестің шешімінсіз эфирге ешбір әнші шықпауға тиіс. Дамыған елдерде әншілер біздегіден аз деп ешкім кесіп айта алмас. Алайда шетел телеарналарының эфиріне толымды, толыққанды, кәсіби әншілер ғана шығатынын баршамыз көріп-біліп жүрміз. Бұл – эстетикалық тәлім-тәрбиенің ұтқыр формасы. Мұнда ысылған, өз талантын дәлелдеген әншілер ғана бүкіл елдің алдына, ұлттық теледидар экранына шығу құқына ие. Өйткені олар насихаттың да, ақпарат құралының күш-қуатын да бағалай біледі. Сапаға қатысты әңгімені ұзақ айтуға болады. Көңілге демеу игі істердің бірі – классикалық, дәстүрлі және халықтық әндердің жаңа өңдеумен құлпырып, өмірге қайта оралып жатқаны. Оның дені жасы егдеге де, жасамысқа да ұнап, жастарға да жақсы әсер еткенін байқап жүрміз. Сондықтан телерадиоларда ұлттық фольклорымызды насихаттайтын танымдық хабарларды ұйымдастырып, жолға қоя алсақ, рухани байлығымызды бүгінге, ертеңге жаратудың негізгі көзін тапқан болар едік. Қазір заманауи әндердің тақырыбы да мамандар арасында көп талқыға түсіп жүр. Оның басым көпшілігі өздеріңізге белгілі махаббат, Отан, туған ел, жер, ата-ана, әже, нағашы, бала, немере, табиғат, қала, аудан, ауыл, сұлулық, достық және тағы басқа тақырыптағы әндер. Түрлі кәсіп иесі мен атақ-даңқы бар, мәшһүр адамдарға арналған әндер де баршылық. «Барымызды ешкім тартып ала қоймас» дегендей, сол бардың өзі тез таралып, базар тарқамай ұмытылып жатқаны қаншама? Ән базарындағы «жиендік» ауыл арасын былай қойғанда, шекара асып кеткеніне де құлақ үйренді. Себебі теле-радио түрік, өзбек, қырғыз әндерін ұрлап, қазақша айтып жүр. Бұл жаппай белең алса, ұлттық мелодиканы әлсіретіп, тіпті жойып жіберуі мүмкін. Тұтастай алғанда, бұл композиция саласындағы дағдарыстың белгісі, соның ішінде ән жанрындағы тоқыраудың сипаты екенін жасыруға болмас. Аталған проблемаларды ескере отырып, тиісті министрлік жанындағы Мәдениет ғылыми-зерттеу институтының мақсатын, міндетін қайта қарау қажет деп ойлаймыз. Өмір болған соң дау-дамай аз кездеспейді. Бірақ оған баға, пікір беретін құзыретті мамандар болғаны жөн. Аталған институт осыны үйлестірсе дейміз. Әуен ұрлап, тыңдаушыны адастырған жекелеген әншілер әннің не табиғатын, не мәтінін ұқпай жатады. Ер-азамат айтатын (мәтінінен аңғарылады) әнді әйел заты еншілеп, елді екі адастыратын жағдайлар да кездеседі. Осы мәселе сан мәрте айтылса да бір тоқтам болмай келеді. Мысалы, «Гауһартасты», «Ауылға Сүгір келді» деп басталатын Сүгірдің термесін, «Назқоңырды» қыздар айта бастағанда ерлер төмен қарап, қызаратын болды. Әннің табиғатын танымайтын адамның талғамы да тұрлаусыз. Әрине, бәрі де әуелі туындының сапасы мен мазмұнына, сонан соң орындаушының қабілет-қарымына байланысты. Осы орайда, берідегі кезеңге көз салсақ, Л.Хамиди, А.Жұбанов, М. Төлебаев, Е. ахмадиев, Н.Тілендиев, Ә. Еспаев, Ш. Қалдаяқов, Ә.Бейсеуов, И. Жақанов, М. аңғытаев, Е.Хасанғалиев, С. Бәйтереков, К.Дүйсекеев, Ж. Тұрсынбаев, А.Қоразбаев, Т. Мұхамеджанов сияқты композиторлардың әндері сан мыңдаған күміс көмейден құйылып, талай қайталанбас үздік дауысты ашып, танытқанына ел куә. Ал ұлттық ағару дәуірінде Абай, Біржан сал, Ақан сері, Жаяу Мұса, Үкілі Ыбырай, Балуан Шолақ, Иманжүсіп, Естай сияқты әншілердің туындылары осы күнге дейін ұлт рухын асқақтатып келеді. Бір таңданарлығы, дін мен діл шарықтап тұрған тұста сол әншілердің репертуарындағы ән мәтінінде жалаң насихат, өзіңді бармен көзге ұру, жақынға жақындығын әсіре жария ету жоқ десе болғандай. Оның мәні құдіретті де қасиетті ұғымдарға жауапкершілікпен қарауда болса керек. Әрине, әуелі жаратқанға, одан кейін ата-анаға деген шексіз құрметті әнмен айтуға бұрынғы және бүгінгі салтымызда ешқандай тыйым да, кедергі де болмаған. Десе де, бұл тақырыпта ән жазуды тым көбейтудің, тіпті сәнге, ермекке айналдырудың жөні жоқ деп ойлаймыз. Тағы да бар мәселе әннің мағынасы мен деңгейіне келіп ойысады. Нұрғиса Тілендиевтің «Әке туралы жырын», Ш.Қалдаяқовтың «Ана туралы жырын» бүгінде бауырлас түркітілдес жұрттар өз әндеріндей көреді. Әрине, өмірде сирек туатын мұндай әндерге арнап ескерткіш қойса да артық етпейтін еді. Олардың мәтін мен әуен мазмұнында ұлтымыздың тәрбиесі, болмысы, арман-тілегі мен асыл мұраты бар. Сондықтан әрбір ән сөзі мен музыкасының астарында елдік таным-түйсік, халық рухын көтеретін азаматтық сана-сезім, көңіл күй қуаты жатуы керек. Жалпы, әр заманға лайықты жаңа әннің тууы қалыпты жағдай. Бұл жағынан Қазақстан өзге елдердің алдында немесе көштің соңында деп те айта алмаймыз. Жаңа дүниені асыға күткен тыңдаушы оны қуана қабылдайтыны да заңдылық. Ел сұранысы отаншылдықты, елшілдікті, адамшылықты, имандылықты, намыс пен жауапкершілікті, әділеттілік, сабақтастық және өрлеуді өзек еткен әндерді қалайтынын аңғарамыз. Жаңа әндерге, оның мәтініне руханият саласындағы мемлекеттік маңызы бар іс, ұлттық тәрбиенің құрамдас бөлігі ретінде қараған жөн деп есептейміз. Талап деңгейінен көріну деген бар. Ақын ән мәтінін, композитор әннің әуенін жазғанда, әншілер оны шырқағанда ұлт алдындағы жауапкершілікті сезінуі – кәсіп пен нәсіптің өлшемі. Ұлы мақсат жолында биік талғамның болуы – сапаның анықтаушысы. Міне, осының бәрі үйлескенде ғана төгілген тердің ақталатыны сөзсіз.
Дархан МЫҢБАЙ, Мәжіліс депутаты