Қан алмастыру коронавирустан құтқара ма?
Қан алмастыру коронавирустан құтқара ма?
123
оқылды
Жамбыл облыстық қан орталығының директоры Гулам Омаровтың айтуынша, коронавирусты емдеген адамдардың қа­нында жұқтырған науқастарға қалпына кел­тіруге көмектесетін антиденелер бола­ды екен. – Ауырып, жазылған адамдардан алын­­ған плазманы құю кез келген жұқ­палы ауруларды емдеудің тиімді әдісінің бірі болып табылады. Бұл әдіс жаңалық емес. Дәрігерлер бүкіл әлемде жұқпалы аурулар­дың әртүрлі өршуі кезінде плазма құюды сәтті өткізді. Қазіргі уақытта Германия, Франция, АҚШ, Ресей және басқа елдерде коро­навирусқа қарсы плазма қолда­нылады. Қытай мемлекетінде ауырып қалған адам­дардың плазмасын қолдану жақсы нәтиже көрсетті. Енді біз де осы бағыттағы зерттеу­лерді тереңдетіп, қан ауыстыру тәсілін қол­данғалы жа­тырмыз, – дейді Г.Омаров. Жалпы, бұл антиденелер қалай қалып­тасады? Мамандардың сөзіне сүйенсек, ауру процесінде адам ағзасының иммундық белсенділігі артып, оның ауру қоздыр­ғыштарына антиденелер шығарылады екен. Біреуде көп, біреуде аз. Адам сауық­қан­нан кейін бұл антиденелер қан плаз­масында қалады. Ал бұл плазма өзге нау­қас­­тарды да емдеп шығуы мүмкін. Бұл жағдай­да науқас­тарда пассивті иммунитет жаса­лады, ол өз иммундық жүйесін толық қал­пына келтіруге және өз антиденелерін шығаруға мүмкіндік туғызады. Әрине, плазма коронавирустың пана­цеясы емес, ол емдеудің басқа түрлері­мен бір­ге қолданылады және адамның сауығу мүмкіндігін айтарлықтай арттырады. Алайда Гулам Омаров коронавируспен ауырған әрбір адамға плазма құю қажет емесін айтады. – Процедураны ең ауыр науқастарға ғана қолдану қажет. Плазманы да жазы­лып шыққан сондай науқастардан алған жөн. Әдетте, олар сауығудан кейін бі­рінші кезек­те антиденелерді береді. Осын­дай өзара көмек пен қолдау жүйе­сінің арқа­сында қалпына келгендер саны күн сайын артып келеді. Донорлар плаз­маны әдетте тегін тапсырады, деген­мен біз оны ақылы негізде де алудамыз. Бар­лық жағдайды түсі­ніп, төлемін талап етпейтіндер де бар. Донор болғысы келетіндер Call-орта­лығына қоңырау шалса, біздің маман­дар бұл адамның донор болу мүмкіндігін анық­тайды. Плазма алу – плазмаферез деп аталатын қауіпсіз және ауыртпалықсыз процесс. Ол 40 минутқа созылады, – дейді дәрігер. Алайда өкінішке қарай, коронавирус ауруымен ауырғандардың барлығы донор бола алмайды екен. – Әрбір ауырып жазылған адамда жеткілікті антиденелер бола бермейді. Уа­қыт өте келе ол тіпті төмендейді. Сон­дық­тан біз алдымен қандағы антиде­нелер­дің бар-жоғын және олардың қанша екенін анықтаймыз. Егер олар көп болса, қабыл­даймыз, аз болса, онда мұндай адам им­мун­­дық плазманың доноры бола алмай­ды, – дейді Гулам Омаров. «Арай» медициналық орталығының дәрігер-реаниматологы Айдарбек Әбдіға­лиев плазма доноры болғандардың бірі. – Індет жұқтырғаннан кейін емделудің бірнеше сатысынан өтіп, қажетті ем-домның бәрін қабылдадым. Кейінгі тестім теріс шыққаннан кейін, өзім үшін қанымда ауруға қарсы тұратын иммунитет болса, бөлісуім керек деп шештім. Бұл менің дәрігер ретіндегі азаматтық парызым. Қа­зір мен сияқты донорлардың көмегі меди­ци­наға ауадай қажет. Біз тек осылай ­рық­­тай жұмылсақ қана індетті жеңе ала­мыз. Сон­дық­тан корона­вирустан жазылып шыққан барлық жанды қан орталығына келіп, қан тапсыруға шақы­рамын, – дейді дәрігер-реаниматолог. Шынында, қазіргідей қиын жағдайда қандай көмек болмасын артық етпейтіні белгілі. Әрі егер Жамбыл медицинасы қан плазмасы арқылы коронавирусты емдеу мүмкіндігін анықтап жатса, бұл тұтас мем­лекет үшін тығырықтан шығар жол бола­тыны даусыз. Сондықтан донор болуға асы­ғайық, ағайын! Бәлкім, дәл сіздің қаныңыз ажал аузында жатқан адамды аман алып қалар!  

Саятхан САТЫЛҒАН, Жамбыл облысы