Қазақстандық мигранттың марапаты
Қазақстандық мигранттың марапаты
Наурыз айында 28 жастағы қазақстандық мигрант  өртеніп жатқан ғимараттан адамдарды шығарған. Кейіннен ол Оңтүстік Корея билігіне өзінің заңсыз мигрант екенін хабарлаған. 1 мамырда елден кетуге дайын да болған екен. Алайда жергілікті тұрғындар биліктен батыр жігітке Кореяда тұруға рұқсат беруді өтініп, петицияға қол қоюды бастап жіберген. Нәтижесінде,  оны Оңтүстік Кореяда қалдыруға және он адамның өмірін сақтап қалған ерлігі үшін марапаттауға шақырған петицияға 10 000-нан астам адам қол қойды. Осылайша, кеше – 4 тамызда Канвондо провинциясындағы Янгян уезінің  басшысы Ким Чин-ха тұрғындарға «Али» деген атпен  танымал болған Алиакбар Юлдашевке ерен ерлігі үшін марапатын табыс етті. «Марапаттау рәсімі Ким Чин-ханың жұмыс кеңсесінде өтті. Өткен айда елдің Денсаулық сақтау және әлеуметтік қамсыздандыру министрлігі Алиді осы атаққа ұсынылған екі үміткердің ара­сынан таңдады. Екінші үміткер  қаңтар айында Сеулде өзін-өзі өлтіруге тырысқан адамды құтқарған такси жүргізушісі Канг Чол Су еді.  Ал Али  23 наурыз күні Янянг қаласындағы жанып жатқан пәтерден адамдарды құтқарды. Адамдарды құтқара жүріп, өзінің арқасы, мойны мен қолын күйік шалып, ауруханаға түсті. Алидің батылдығына қарамастан, оны жергілікті билік заңсыз мәртебесі белгілі болғаннан кейін өз еліне қайтару туралы шешім қабылдаған еді», – деп жазады кореялық БАҚ. Енді осы марапаттың арқа­сында Алиге мемлекеттік өтемақы және тұрақты тұруға рұқсат алу құқығы беріледі деп күтіліп отыр. The Korea Times-ке сұхбат берген  Әділет министрлігінің өкілі ерлігі үшін берілген марапат Алидің мәртебесін қарау кезінде ескерілетінін айтыпты.  

Айдана БЕГІМ