Ұстаз болу – ұлағатты іс
Ұстаз болу – ұлағатты іс
316
оқылды

Енді бірер аптадан кейін елімізде жаңа оқу жылы басталады. Бұл кез келген білім қуған жан үшін жаңа меже, жаңа мүмкіндіктер бастауы екені сөзсіз. Соның қарсаңында таяуда Нұр-Сұлтан қаласында екі мыңнан астам ұстаздың қатысуымен дәстүрлі Тамыз конферениясы болып өтті. Аталған іс-шараның әрдайым қоғамның басты назарын өзіне аударатыны белгілі. Дегенмен биылғы конференцияның жөні жылдағыдан бөлек болды, өйткені бұл жолы отандық ұстаздардың дәстүрлі басқосуына Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев қатысты.

Конференция барысында Қасым-Жомарт Тоқаев білім беру саласындағы маңызды мәселелерге нақты әрі егжей-тегжейлі тоқталып, жаңа көрсеткіштерге қол жеткізу жолындағы жүйелі міндет­терді анықтап берді.

«Отандық білім беру жүйесінің озық дәстүрлерін сақтай отырып, біз бір орында тұрып қалмауымыз керек. Білім беру жүйесі үнемі алға жылжып, үздіксіз дамып, ұдайы ізденісте болуы тиіс», – деп атап өтті Мемлекет басшысы.

Білім берудегі стратегиялық бағыт бұрынғыдай әлемдік стандарттарға, яғни жаңа жетістіктерге ұмтылу болып қала береді. Бұған дейін Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев: «Қазақстандықтар білімге басымдық бере отырып, әрдайым алдыңғы қатарда болады деп есептеймін. Мен халқымның білім мен ғылым жо­лы­­мен жүргенін қалаймын. Тек сол кезде ғана біз дамыған елдермен терезе­міз тең болып, әлемдік өркениеттің адың­­ғы легінен орын аламыз», – деп нақ­­ты мақсат-міндеттерді алға тартқан бола­тын.

Қазақстанның Тұңғыш Президенті қашан да білім мен ғылымды дамудың негізгі басымдығы санап, адами капи­тал­ды елдің басты байлығы мен бола­шақ­қа салынған аса маңызды инвес­ти­ция ретінде бағалайды.

Мемлекет басшысы тарапынан осы сала­дағы мәселелерге жіті назар аудары­лып, жеке бақылауға алынудың арқа­сын­да «білім жолы» бойынша дамудың көптеген көрсеткіштерінде айтарлықтай же­тістіктерге қол жеткіздік. Білім ин­дек­сі сияқты беделді көрсеткіш бойын­ша әлемнің жетекші төрттігіне ендік. Алдымызда тек Норвегия, Жапония және Германия елдері ғана тұр. Біз ТМД елдері арасында білім беруді жаңғырту, оның әлемдік білім беру кеңістігіне енуі бойынша көш бастап тұрмыз. Қазақ­стан­дық мектеп тиімділігінің тағы бір ай­қын көрінісі – біздің оқушылар мате­матика және жаратылыстану бойынша салыстырмалы халықаралық зерттеу­лер­де тұрақты түрде алдыңғы орындар­дан көрініп, ең беделді пәндік олимпиа­да­ларда жүлделерге қол жеткізіп, топ жарып жүр.

Дегенмен бұл салада әлі де болса күрмеуі қиын мәселелер жоқ емес. Тіпті бүгінде білім беру ісі түрлі реформа­лардың және нәтижесіз әрі мақсатсыз тәжірибелердің алаңына айналғанын да көзіміз көріп жүр. Бұл жерде бұрынғы өзекті мәселелермен қатар жаңа түйткіл­дер де пайда болды, сондықтан осы жылы өткен ұстаздардың Тамыз кеңесі Мемле­кет басшысының қазіргі кезеңде қажетті және аса өзекті өзгерістер бойынша ке­шенді бағыт көрсетумен біз үшін ерекше маңызға ие болды. Жаңа деңгейдегі білімнің және жаңа сапада оқыту кезеңінің басталу нүктесіне айналды.

Президент өткеннің түйткілдері мен мектепке және оқу үдерісіне зиянын тигізетін шамадан тыс басқарудың әсіре жаңа­шылдығын қатаң сынға алды. Мұға­­лім мамандығының беделіне нұқ­сан келтіретін бюрократиялық және бір­жақты «сертификациялау» мен көп­теген квазиреформаларды сөз қыл­ды. Бүгінгі компьютерлік және ком­муни­ка­ция­лық технологиялар ғасы­рында жо­йыл­маған және арта түс­кен бақылау­шы құрылымдар тара­пы­нан қаптап кеткен мұғалімдер есептілігі туралы айтты. Білім саласына қатысы жоқ әртүрлі іс-шараларды ұйымдасты­руға педагог­тар­ды тарту жөніндегі жергілікті билік­тің жағымсыз тәжірибесі де сөз болды.

Осы күні мұғалімдерді жұмсамай­тын­дар бар ма екен?! Кейбір ерекше тек­серушілер «балалардың және оқу үдерісінің пайдасына» деген сылтаумен мектеп директорларын өздеріне белгі­лен­ген кабинеттерінен бас тартуға мәж­бүр­леп, мектеп табалдырығындағы «кіре­беріс тобы» жанындағы тар бөлмеге көшіруге міндеттеуге сәл қалды емес пе? Қудалаудан қашып 13 «шаршы метр» бөлмесіне ауысқан директорды үлгі етіп, бәріне мысал етіп көрсеткен. Осындай әрекеттерімен қандай мақсат қойды? Білім беру сапасын немесе педагог мәртебесін көтеру үшін бұл шаралар қаншалықты «тиімді»?

Бірақ жалған реформаторлар қулы­ғын қалай асырса да, педагог – әрқашан бүкіл білім беру жүйесінің басты тұлғасы болып қала береді – бұл дәлелдеуге жат­пай­тын ақиқат. Нағыз мұғалім – бұл жаңа ұрпаққа ұлттың жан дүниесін, ата-баба жетістігі мен көксеген арманын білім арқылы сіңдіретін, болашаққа есік ашатын отансүйгіш жан.

Менің бұрыннан бергі нық ұстаны­мым: қоғамда мұғалім беделін, мәртебе­сін көтермей, оның күрделі де асыл ең­бе­­гін бағаламай, бірде-бір маңызды мақ­сат­тарға жете алмаймыз. Оны ешбір да­мы­­­ған технологиялармен, әдістеме­лер­­мен, модельдермен және басқа ұйым­дастыру ойларымен алмастыруға келмей­ді.

Мұғалім тұлғасы дамудың және адамзаттың өмір сүруінің басты факторы және онсыз үздіксіз жаңару мен алға жылжу құрдымға кетеді.

Шығыс мәдениетінде мұғалімге деген қарым-қатынас ежелден ерекше ілти­патқа ие болған. Ол қоғамның ең сый­лы, құрметті тұлғасы саналған. Біз­дің отбасымызда анам – Кенжетай Батыр­­бекқызы, ерте бастан-ақ біздерге, бала­ларына мұғалімге,тәлім берушіге деген құрметті бойымызға сіңіріп өсірді. Аға ұрпақ мектептен алған адамгершілік өсиет­терді толық бойымызға сіңіріп өстік. Білімді бәрінен биік қою біздің наным - сенімдерімізді қалыптастыруға маңызды ықпал етті.

Сондықтан бүгінгі таңда жетіспейтіні – мұғалім беделінің, қоғамдағы орны­ның төмендігі. Ұстаздарға сенім­мен қарау керек, оларға деген сый-құрметті көтеру керек.

Барша қазақстандық, барлық деңгейдегі басқару органды педагог еңбегінің ерекшелігін, мемлекеттік және жалпыұлттық маңызын түсініп, қоғамдағы аса мәртебелі мамандықтың беделінің артуын қамтамасыз етуге қабілетті екеніне сенімдімін.

Оған заңнамалық негіз де дайын­да­лып жатыр. Елбасының тапсырмасы не­гізінде «Педагог мәртебесі туралы» ар­найы заң жобасы қаралу сатысында екені белгілі.

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев конференция қатысушыларына қандай қолдау шаралары алға қойылатынын түсіндірді: «Бұл мұғалімдердің жүктеме­сін қысқарту, ар-намысы мен қадір-қасиетін қорғау кепілдігі, материалдық ынталандырулар. Олардың ішіндегі ең маңыздысы – сынып жетекшілігі мен дәптер тексеру үшін екі есе мөлшерде қосымша ақы төлеу; барлық педагогтар үшін демалысты 56 күнге дейін ұлғайту; магистр дәрежесі үшін қосымша ақы төлену және басқа да шаралар. Педагог жүктемесін қысқарту, өзіне тән емес функцияларға тартуға тыйым салуды белгілеу, шамадан тыс есеп беру, негізсіз тексерулер жүргізу бойынша нормалар бөлек қарастырылған».

Жаңғырту – талдаудан, саладағы істің қазіргі тәртібін терең зерделеуден басталады және кейде мызғымас көрін­ген позицияларды қайта қарауға әкеледі.

Мұндай сынды көзқарас пайдалы, себебі кемшіліктер мен түйткілді тұстар­ды дөп басып анықтауға көмектеседі.

Тамыз конференциясы барысында Президент бірнеше мәселелерді көтеріп, Үкіметке жүгінді. Атап айтқанда, бала­ларды мектепке дейінгі даярлау сапасын арттырудың маңызы мен орта білім беруді дамытудың одан ары стратегиясын анықтау туралы айта отырып: «Әлемнің 60%-ында мектеп оқуы 6 жастан баста­ла­ды, бұл баланың ерте интеллектуалдық дамуына ықпал етеді. Үкіметке білім мен ғылымды дамытудың 2025 жылға дейінгі жаңа мемлекеттік бағдарламасын іске асыру шеңберінде 12 жылдық оқу үлгі­сіне байыппен ойластырылған, кезең-кезеңімен әрі бірқалыпты көшуді қамта­ма­сыз етуді тапсырамын», – деді.

Қасым-Жомарт Кемелұлы сондай-ақ «Жас маман» жобасын егжей-тег­жейлі пысықтауға және ары қарай іске асыруға, яғни техникалық және кәсіптік білім беруді базалық тұрғыдан нығайту мен дамытуға баса назар аударды.


Президент қоғамда белсенді талқы­ла­натын үштілділік мәселесін де қозғап, Білім және ғылым министірлігіне оқы­ту­шылардың дайындығы мен оқу бағ­дар­ламаларын ескере отырып, оны енгі­зу процесін қайта қарауды тапсырды.

Оған қоса оқушылар мен ата-ана­лар­дың пікірлерін ескеруді де айтты: «Жаратылыстану ғылымдарын оқыту, білім беру орталықтарының кадрлық мүмкіндіктеріне байланысты, оқушылар мен ата-аналардың қалауы бойынша жүзе­ге асырылуы тиіс. Сондықтан ағыл­шын тілін оқыту ата-анасының қалауы бойынша 2-3 немесе 5-сыныптан бастау орынды және тиімді болады».

Педагогтер конференциясы ой­талқыға салып, маңызды қорытын­ды­лар шығаратын көптеген тақырыпты алға тартты.

Ең алдымен, оның конструктив­ті­лі­гін, орта мектептің өзекті мәселелерін тал­қылаудың толық объективтілігі мен ашықтығын атап өткім келеді.

Аталып өткен шаралар, сөзсіз, ұстаз­дар­дың көңілінен шықты. Мемлекет басшысының баяндамасы оларды ша­быт­­тандырды. Қойылған міндеттер мен тапсырмалардың жүйелілігі оларды іске асыру кешенді және өзара байла­ныс­ты сипатта болатынына кепілдік береді.

Кейбір мәселелерді көтерудің жаңа­шыл­дығын және ерекшелігін атап өту қажет.

Мысалы, іс жүзінде «баяулатылған жарылыс құралы» болуы мүмкін білім беру гранттарын бөлу мәселесі. Сол сияқ­ты білім беру теңсіздігін жеңу мәсе­ле­сі. Әрине, бұл күрделі, бірақ шешімін табатын мәселе, өйткені әлеуметтік әді­леттілікті қалпына келтіру туралы сөз қозға­лып отыр.

Қорытындылай келе, Қазақстанның әлемнің дамыған елдерінің қатарына кіру мақсаты бойынша маңызды мәнге ие тағы бір мәселені атап өткім келеді. Бұл ғылымды дамыту саласы. Отандық ғы­лым­ды дамытпайынша, оны эконо­ми­ка мен қоғамға бейімдемейінше, бұл бағытта жауапты орындардың бірлескен тиімді іс-қимылын қамтамасыз етпейін­ше және белгілі бір мағынада білім беру мен өнді­ріс салаларын біріктірмейінше барлық салада ілгерілеуге қол жеткізу мүм­кін емес. Мұнда «көп сөзге» жол бер­дік, алай­да әзірше атқарылған іс жет­кі­­ліксіз. Сондықтан жағдайды түбегейлі өз­герту керек және ел басшылығы осы­ған қатыс­ты белгілі бір қадамдарды да анық­тап қойды, олар іске асырыла да бастады.

Осыған байланысты Президенттің ғылым мен оның күрделі мәселелеріне арналған сегізінші бағыты жүйелі бағдар және бұл бізді қуан­тад­ы. Ол білім беру секторының, біздің уни­верситеттердің, колледждер мен мек­­тептердің одан ары табысты дамуы­мен тығыз байланысты. Демек әрбір қа­зақ­стан­дықтың мүдделе­ріне жауап бере­ді.

Әр адамның жаңа білімі мен оны өмірде пайдалануы – Қазақстанның өр­­­кениетті елге айналуының басты факторы.

Бақытжан ЖҰМАҒҰЛОВ, 
Сенат депутаты, 
Nur Otan партиясы 
саяси кеңесінің мүшесі