130 млн тонна қоқысқа көмілген Қазақстан қайта өңдеуге қашан көшеді?
130 млн тонна қоқысқа көмілген Қазақстан қайта өңдеуге қашан көшеді?
155
оқылды

Еліміздегі полигондарда 130 млн тоннаға жуық қатты қалдықтар көмілген. Мұның өзі – ресми көрсеткіш. Ал соңғы кездері ұйымдастырылған #TazaQazaqstan экологиялық акциясының аясында 15 мың тоннадан астам қоқыс жиналды. Тұтынушылық принциптердің жетегіндегі қалдықтар біз үшін әлі де тек экологиялық проблема секілді. Оны өңдеу экологияға ғана емес, экономикамызға да орасан пайда әкелетінін білсек те, білмегендейміз. Жасыл технология деп жаһанға жар салдық, бірақ қолдануға келгенде іс кері кетіп жатыр.

Президент Қ.Тоқаев өткен айдағы Үкіметтің кеңейтілген отырысында «Эко­­­­­логиялық заңнаманы мемлекеттік мүд­деге зиян келтірместен халықаралық стандарттарға сәйкестендіруіміз қажет» деген.

– Жаңа экологиялық заңнамада «Ластаушы төлейді» принципі ғана емес «Лас­таушы түзейді» принципі де қам­тылуы керек. Бүгіннің өзінде барлық ірі мекеме қалдықтарды азайту мен тазалаудың ең жаңа технологияларын енгізу бойынша нақты жоспар құруға мін­детті. Одан бөлек, әкімдер қоғаммен бір­лесе отырып, экологияны жақсартуға бағыт­талған мақсаттарды жүзеге асы­руы қажет, – деді мемлекет басшысы.

Қоянды су қоймасына шенділер жиналып сенбілікке шыққаны есіңізде болар. Сол шарада Экология министрі М.Мырзағалиев «Республика полигон­да­рында 130 млн тоннаға жуық қоқыс бар. Жыл сайын оның үстіне тағы 6 млн тон­на қосылады. Соның тек 10-12 па­йы­­з­ы ғана қайта өңдеуге кетеді. Қал­ға­ны жылдар бойы жиналып жатыр» деген болатын.

Ендеше, қоқыс өңдеуге келгенде кәсіпкер құлықсыз ба, әлде мемлекет жеткілікті көңіл бөлмей отыр ма? Сарапшылардың пікіріне жүгінсек.

«Қоқыс өңдеуші зауыттардың көп­ші­лігі дерлік жабылып қалғанының жал­ғыз себебі дұрыс ұйымдастырыл­ма­ған­дықтан» деп есептейді «Байтақ бола­шақ» экологиялық альянсының төра­ға­сы Азаматхан Әміртай.

– Қалдықтарды қайта өңдеу – нақ­ты жоспарды талап ететін технология­лық, циклдық жұмыс. Ас үйден бастап қал­дықтарды сұрыптап, арнаулы кон­тей­нерлерге бөліп, оның өзін сорттап полигондарға жөнелту қажет. Екінші­ден, кәсіпкер қоқысты өңдеумен айна­лы­сатын болса, мемлекет оған көп мөлшерде қаражат бөледі. Одан бөлек, мемлекеттік кепілдікке Еуразиялық даму банкі, Дүниежүзілік банк мил­лиард­таған қаржы береді. Міне, сол қаражат қолды болып кетіп жатыр. Мысалы, Алматы қаласында бұрын үл­кен зауыт ашылды. Ол зауыт жұмыс істе­мей тоқтап қалып, артынан құла­тыл­ды. Ондай зауыттар елімізде өте көп. Бұл – үлкен проблема. Енді дәл осы қателікті қайтадан қайталамақ. Қарап отырсақ, аймақтарда қатты қалдық­тар­ды қайта өңдейтін немесе сұрыптайтын зауыттар саламыз деп бастама көтеріп жатыр. Бірақ ешқайсы­сын­да жүйелі шешім жоқ. Бәрі бір тараптан қаралған жұмыс, – деді ол.

Сарапшының айтуынша, қазіргі таңда қоқысты қайта өңдеу саласында кәсіпкерлік тұрғысынан даму жоқ. Мә­се­ленің бір шешімі бар ма деген сауа­лы­­мызға А.Әміртай «бұл жұмыс­тар­дың барлығын қоғамдық ұйымдарға беру қажет» деп жауап берді.

«Шенеуніктерге мұндай жұмыстар­ды сеніп тапсыруға болмайды. Мысалы, осы мәселені бақылауы тиіс әкімшілікте отыр­ған экология бөліміндегі маман­дар­дың білімі таяз. Олар жоспардағы мәселені көтеріп берсе, сол арқылы қаражат бөлсе болды» дейді сарапшы.

Экоальянс төрағасының айтуынша, тұр­ғын­дарды қоқысты реттеуге құлық­сыз деп кінәлау дұрыс емес. Өйткені осы­лай істеу қажет деп талап қойса, ха­лық та соған бағынады.

– Қызметте отырған азаматтар үшін қарапайым халықты кінәлау жеңіл. Қо­қысты сұрыптау да халықтың мен­та­ли­те­­тіне байланысты. Меніңше, біздің қо­ғам экологияға қатысты жауапкерші­лік­ті сезеді. Бұл жерде барлық проблема шенеуніктерде болып тұр. Бізде басқару жүйесі солай қалыптасып кеткен. Мы­са­лы, «Байтақ болашақ» экология­лық альянсы осыдан екі жыл бұрын қоқыс полигондарында максималды түрде сұрып­тау туралы жоба ұсынды. Бірақ ол идея­мызды ешкім елеген жоқ. Өйткені біз­дегі қоқыс полигондары, оны тасы­мал­даушы компаниялар, қоқыс жинай­тын контейнер тұрған алаңдар да – барлығы жеке меншікте. Бір сөзбен айтқанда бәрінің бір қожайыны бар және оны ешкімге бере қоймайды. Одан бөлек қоқыстан биоэнергия ала­тын технология жасалды. Мысалы, био-қоқысты энергияға айналдыру тура­­лы жоба ұсындық оны да қабыл­даған жоқ. Бүгінде қоқыстан пластик пен қағазды ғана бөліп алады. Оның жалпы көлемдегі 1-2 ғана пайыз. Со­ның өзін кейбір ұйымдар ауыз тол­ты­­рып айтып мақтанады. Бір сөзбен айт­қан­да, қоқысқа қатысты проблема­ның ешбірі де шешімін тапқан жоқ. Нөл деңгейінде десек те болады, – деп қоры­тындылады А.Әміртай.

Ал экологияға қатысты мәселелерді жиі көтеріп жүрген Мэлс Елеусізов «қоқысты реттеп, оны шикізат ретінде қайтадан іске асыру қазіргі қоқыс шы­ға­­ратын компанияларға қажет емес» деген пікірде.

– Осыған дейін ашылған зауыттар­дың барлығы далбаса, одан түк шық­пай­ды. Оны талай жерде айттық та. Бәрі нәтижесіз. Қайта өңдеуге кететін қал­дық­тың өзі 8-ақ пайыз. Қалған 92 пайы­зы қайда? Барлығы полигондарға кете­ді. Оның табиғатқа да, адамға да көп зияны бар, – дейді ол.

Айтса айтқандай-ақ, анда-санда жаңалықтан жылт етіп қалдықтарды қайта өңдейтін зауыт ашылғанын естіп қаламыз. Бірақ одан нәтиже болса, жылдар өте экология министрінің өзі жоға­рыдағыдай есеп бермес еді. Біз қара­пайым қағаз бен зиянды қалдық­тар­дың өзін өңдеуді жолға қоя алмай отырмыз. Ал Еуропа елдері қайта өмір сыйлауға келмейді деген тұрмыстық қалдықтардың өзінен энергия алып отыр. Бір ғана Швецияның мысалында айтар болсақ, қоқыстың 1 пайыздан төмен бөлігі ғана полигондарға жол тартады. Қалғаны қайта тұтынуға бағытталады немесе басқа бір тауар түрі­не айналып шыға келеді. Pikabu сайтының мәліметтеріне сүйенсек, «Қалдықтарды пайдалану арқылы Стокгольм қаласының 45 пайызы электр энергиясымен қамтылып отыр».

Factcheck порталының мәлімдеуін­ше 2017 жылы шведтер метан және басқа да полигон бөлетін газдардан 142 ГВт/сағат энергия алған. Ал елде өңдеу­ге қа­жет қалдық қалмағандықтан, жыл сайын қоқысты көршілес елдерден тасы­мал­дауға мәжбүр. Мысалы, Нор­ве­гияның өзі Швецияға жылына 800 мың тонна қалдық өткізетін көрінеді. Швед­тік қалдықтарды қайта өңдеу техно­ло­гия­сының үш тағаны мынадай: тұрғын­дар­дың жауапкершілігі, бизнес­тің жауап­кершілігі және ұйымдасқан құры­лым.

Егер бұны саланы игерудің клас­си­ка­лық жолы деп есептесек, біздегі ахуал алғашқысынан бастап-ақ ақсап жатыр. Өйткені қаншама қалаларда қалдықтар­ды сорттауға арналған контейнерлер ор­на­тылды. Бірақ жалпыхалықтық дең­гейге жете алмадық. Бүгінде экоқал­та­лар тігіп немесе экологиялық акция­лар ұйымдастырып жүрген белсенділер аз емес. Дегенмен мемлекеттік деңгейде бұл мәселеге көңіл бөлу бюджеттен қаражат бөлумен шектелмейді. Ендігі жерде қайта өңдеуге қашан көшеті­ні­міз­ді емес, шын мәнінде атқарылған шаруаларды сөз етеміз деген үміттеміз.


Кәмила ДҮЙСЕН