Жамбыл облысы бас дәрігерсіз қалды
Жамбыл облысы бас дәрігерсіз қалды
Бүгін Денсаулық сақтау басқармасының басшысы Марат Жұманқұлов өз өтінішімен қызмет орнын босатты. Жалпы, Марат Сейітбекұлы еңбек жолын 1983 жылы Семей медициналық институтында лаборант болып бастап, медицина саласының барлық сатысынан өткен. Ал 2017 жылдың 12 шілдесінен Жамбыл облысы әкімдігі денсаулық сақтау басқармасы басшысы қызметіне  тағайындалған болатын. Тұп-тура үш жыл өңір медицинасының дамуына үлес қосқан  маманның  осы жылдар аралығында жасаған жақсылығы мен кемшіліктері де бар. Әсіресе ағымдағы жылы Меркі мен Жуалы ауданындағы медицина мамандарының бас көтеруі оған  ауыр тигені анық. Естеріңізде болса, Меркі аудандық ауруханасынан шу шыққан кезде облыс әкімі Бердібек Сапарбаев Денсаулық сақтау басқармасының басшысы Марат Жұманқұловтың жазасы карантиннен кейін белгілі болатындығын айқан-ды. Бірақ Бердібек Машбекұлының жазасын күтпей Жұманқұлов өз еркімен жұмыстан кеткенді жөн деп тапқан секілді. Әзірге Марат Сейітбекұлының енді қайда баратындығы және оның орнына кім келетіндігі  белгісіз. Алайда оның қызметін уақытша   орынбасары Хамит Мырзақасымов атқаратын болады.

Саятхан САТЫЛҒАН, Жамбыл облысы