«Болашақ» стипендиясы иегерлерінің тізімі жарияланды
«Болашақ» стипендиясы иегерлерінің тізімі жарияланды
160
оқылды

ҚР Білім және ғылым министрлігі «Болашақ» халықаралық стипендиясы иегерлерінің тізімін жариялады.

«Шетелде мамандар даярлау бойынша республикалық комиссия отырысының шешімі бойынша 188 үміткерге «Болашақ» халықаралық стипендиясы тағайындалды. Стипендия иегері атанғандар шетелдік жоғарғы оқу орындарында магистратура, докторантура бағдарламалары бойынша білім алады», – деп хабарлады ведомство өзінің Facebook-тегі парақшасында.

Министрлік таратқан хабарламаға сүйенсек, стипендия игерлері әлемдік ғылыми және өндірістік орталықтарға тағылымдама бойынша да жіберіледі. «Болашақ» бағдарламасымен оқуға өтініш қабылдау 25 ақпанда басталған болатын. Стипендия 69 мамандық бойынша бөлініп отыр.

Айта кетейік, «Болашақ» халықаралық стипендиясы Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың 1993 жылғы 5 қарашадағы қаулысымен құрылған. Бағдарламаның мақсаты – елдің экономикасының басым секторлары үшін кадрларды және мамандарды даярлау.

Жалпы, бағдарлама қабылданған 25 жыл ішінде 13 мыңның үстінде қазақстандық білімін жетілдірген.