Қазақстан атауы табанда тапталғанын қаламаймын – Димаш Құдайберген
Қазақстан атауы табанда тапталғанын қаламаймын – Димаш Құдайберген
Фото: Димаш Құдайбергеннің парақшасынан алынды
Ол Instagram парақшасында: «Ең алдымен, менің әндерімді күннен-күнге сүйіп тыңдап, өнеріме деген махаббаты артып келе жатқан бразилиялық, жалпы латынамерикалық тыңдарманыма алғысымды білдіргім келіп тұр. Сіздердің бұл тосынсыйларыңызды да сол сүйіспеншіліктің белгісі деп білемін», – деп жазды.
Бірақ туған жері, Отаны – Қазақстанның атауы аяқтың астында жазылғанын қаламайтынын айтты.
«Түсінемін, бұл сыйлық маған деген тап-таза көңілден туындап жатыр. Бірақ кезінде спортшы Мұхаммед Әлиді де өте сыйлап, «Жұлдыздар аллеясынан» орын бергенде ол кісі өз есімінің жерде, аяқ басар тұста тапталып жатқанын қаламай, сол бақтың қабырғасына, яғни жоғары жаққа жазуын сұрайды. Себебі пайғамбардың есімі аяқ астында қалмау керек. Сол сияқты менің Қазақ елімнің де атауы тек жоғарыда тұрса екен деген тілегім бар. Әрбір ел тек биіктен көрінуге лайықты (!)» – деді ол.
«Ақ ниеттеріңіз үшін тағы да рақмет!», – деп Димаш Құдайберген бразилиялық тыңдарманына өтінішін дұрыс түсініп, қабыл алар деген үміті барын айтты.