Қымызға субсидия беріледі
Қымызға субсидия беріледі
5,166
оқылды

Шығыс Қазақстан облысында қымыздың әр литріне 60 теңгеден субсидия төленеді

Тамыз айында «Қарапайым заттар экономикасы» жобасы іске қосылды.

Енді мал басын асылдандыру үшін төрт түлікті шетелден емес, өзімізден алуға жағдай жасамақ.

Яғни, бұған дейін Ресей, Чехия, АҚШ, Франция, Австралия мен Иран елдерінен асылтұқымды мал тасып жүрген шаруалар ендігі кезекте өңірде өсірілген асылдандырылған мал тұқымдарын сатып алатын болды.

Соған орай Ауыл шаруашылығы министрлігі «Шығыс Қазақстан облысының 2018-2022 жылдарға арналған етті мал шаруашылығын дамыту тұжырымдамасы» бекітілді. Соның негізінде ауыл шаруашылығы жануарларын асылдандыру-селекциялық жұмыстарына субсидия ретінде берілетін мемлекеттік қолдау «Сыбаға», «Игілік», «Кәсіпкер», «Іскер», «Ырыс» және «Қарапайым заттар экономикасы» бағдарламалары арқылы қарастырылған.

«Мемлекет тарапынан бөлінетін субсидиялар облыс әкімінің қаулысы аясында әр бағыт бойынша бөлініп, бекітіледі. Мысалы, жылқы мен түйе сатып алғанға әр басына 100 мың теңгеден, қымыздың әр литріне 60 теңгеден, ірі қараға селекциялық жұмыстар жүргізу үшін аналық сиырдың әр басына 10 мың теңгеден, асылтұқымды сиырларға 20 мың теңгеден, ал тауарлы саулық қойға 1,5 мың, асылтұқымды қойға 2,5 мың теңгеден субсидиялар қарастырылған», – дейді ШҚО Ауыл шаруашылығы басқармасы басшысының міндетін атқарушы Владимир Гайламазян.