COVID-19 оқушылардың сабақ үлгеріміне қалай әсер етті?
COVID-19 оқушылардың сабақ үлгеріміне қалай әсер етті?
Фото: Интернеттен алынды
312
оқылды
Коронавирус халқының тең жартысы балалар мен жастардан тұратын Орталық Азия мемлекеттеріндегі білім саласына, адам капиталының дамуына және әлеуметтік-экономикалық ахуалға кері әсер етіп отыр. Дағдарыс жас ұрпақтың келешектегі табысына да қауіп төндірудеМұнымен қоса, жасөспірімдер арасындағы функционалдық сауатсыздық деңгейі өсіп, оқу мен жазу дағдысы, әсіресе математикадан үлгерімі нашарлайтын оқушылар саны көбеюі мүмкін. Дүниежүзілік банк осындай мәлімдеме жасады. Пандемияға дейін де Орталық Азиядағы білім беру саласы бірқатар қиындықпен бетпе-бет келген болатын. Атап айтқанда, осал топтағы оқушыларға тең мүмкіндік жасау үшін инклюзивтілікті алға жылжыту секілді мәселелер. Орталық Азия елдерінің оқушылары Еуропадағы құрдастарынан орта есеппен бір жарым жылға артта қалған болатын. Аймақта оқып жатқан жастардың көбі PISA Экономикалық ынтымақтастық және даму ұйымының халықаралық бағалау бағдарламасының нәтижесінде функционалдық сауаттылық бойынша төмен нәтиже көрсеткен. Әсіресе, табысы әртүрлі отбасы балаларының арасындағы теңсіздіктің, айырмашылықтың өсіп бара жатқаны мамандарды алаңдатып отыр. COVID-19 пандемиясы оқыту проблемасын одан ары қиындата түсті. Әсіресе, алыс елді мекендерде тұратындарға оңай болмай тұр.
«Коронавирус пандемиясы білім беру мен оқыту жүйесіне қатты соққы беретіні соншалық, оның салдары ондаған жылдар бойы сезіліп, тек Орталық Азиядағы экономикалық шығын 44 млрд АҚШ долларына жетуі мүмкін. Бұл ең пессимистік сценарий емес екенін де атап өту керек», дейді Дүниежүзілік банктің Орталық Азиядағы білім беру саласының жетекші маманы Айша Вауда.  Мамандар мемлекеттер білім саласына бөлінетін қаражатты сақтап, қашықтан оқытудың сапасын көтеруі, білімге ғана емес, біліктілік пен дағдыға баса мән бере отырып, білім беру бағдарламаларының жеңілдігін қамтамасыз етуі, мұғалімдерге оқытудан қалып қою мәселесін жою бойынша тиімді стратегияны, оқытудағы шығындардың орнын толтыру үшін бағалау мен қосымша құзыретті әзірлеп, ұсынуы керек деген қорытындыға келді. «Бүгін біз Қазақстанда, Қырғыз Республикасында және Өзбекстанда COVID жағдайында жұмыс жүргізуге арналған үш білім беру жобасын бейімдедік.  Осы жобалар арқылы жедел және қашықтан оқытуға қолдау шаралары жұмылдырылды. Мысалы, Қазақстанда қашықтықтан оқыту бақылауға алынып, ауыл мұғалімдеріне цифрлық жабдықтар берілуде»,– деді Дүниежүзілік банктің Орталық Азия бойынша аймақтық директоры  Лилия Бурунчук.  width= Айта кетерлігі, Дүниежүзілік банк – дамушы мемлекеттердегі білім беру саласын ірі қаржыландыру көзі. Қазір білім беру бағдарламасына сәйкес  2030 жылға дейін сапалы біліммен қамтамасыз ету үшін 80 мемлекетте жұмыс жүргізіп жатыр. Пандемия жағдайына байланысты  білім беру жүйесін бейімдеу бойынша әлемнің бүкіл мемлекеттеріне ақпараттар мен ресурстар ұсынуда. Банк сондай-ақ алдағы уақытта, мектеп ашылған кезде оқушылардың бәріне білім алуға толыққанды жағдай жасалуы үшін білім беру саласын реформалауға қолдау көрсетпек ниетте.