Коронавирустан қайтыс болған адамның денесінде вирус сақталады
Коронавирустан қайтыс болған адамның денесінде вирус сақталады
Фото: Интернеттен алынды
215
оқылды
Себебі СOVID-19-дан қайтыс болғандардың денесінде вирус кемі 15 сағатқа дейін сақталады екен, – деп хабарлайды КТК. Бұл пікірді санитар-дәрігерлер де растап отыр. Денсаулық сақтау министрлігі COVID-19-дан қайтыс болғандарды санитарлық талаптарды сақтай отырып, кез келген зиратта жерлеуге болады деген шешім шығарған. Алайда бұлай жасалса, қауіпті кесел одан сайын тарауы мүмкін дейді эпидемиологтар. Олардың айтуынша, індеттен көз жұмған адамның денесінде вирус 15 сағатқа дейін сақталып, өзге адамдарға жұғуы ықтимал.
С. Асфендияров атындағы ҚазҰМУ микробиология және вирусология кафедрасының меңгерушісі Бақыт Рамазанова: «Коронавирустан ажал құшқан адамнан алғашқы екі-үш күн вирус жұғу қаупі жоғары болады. Ол марқұмның ағзасында кемі жарты тәулікке дейін сақталады. Мәйітхана қызметкерлері індеттен қайтыс болған адамды сойған кезде немесе жуындырған уақытта қорғаныш құралдарын кигені жөн. Сондай-ақ, жақындарын жер қойнына тапсыратын жандар санитарлық ережені сақтауы тиіс», – деді.
Ал қазіргі кезде мәйітханада марқұмды алдымен дезинфекциялық сұйықтықпен жуындырып, кебінге салады. Кейін мүрдені полиэтилен пакетпен орайды. Бұл жоралғыны тек арнайы мамандар істейді. Себебі, коронавирустан қайтыс болған адамды қорғаныш құралдарынсыз қолмен ұстап, оған жақындауға мүлдем болмайды. Жақындарын жер қойнына тапсыруға келген жандар бетперде киіп, арақашықтық сақтауы тиіс.