Жамбыл облысы Қаратау қаласында 8 жыл бұрын пайдалануға берілген балабақшаның, бүгінде қабырғасы қақыраған. Қазір бұл мекеме елдегі карантинге байланысты жабық тұр. Бүлдіршіндердің өміріне алаңдаған балабақша меңгерушісі жыл басында аудандық білім бөліміне хабарласыпты.
Талас ауданы білім бөлімінің басшысы Гүлшат Қожатаева: «Құрылыс мамандарын алып барып қарадық. Шын мәнінде жарықшаларды көргеннен кейін 2020 жылдың мамыр айында «Болжам» ЖШС ғимараттың негізгі қабырғаларына, іргетастарына, қабатаралық жабындыларына сынама және өлшеу жұмыстарын жүргізу бойынша ұсыныс жасадық», – дейді.«Астана» балабақшасы 2012 жылы ғана салынған. Бұл 280 орындық бөбекжайға «Балапан» бағдарламасы бойынша, бюджеттен 424 млн теңгеден астам қаржы жұмсалыпты. Енді міне, 10 жыл өтпей жатып жарты миллиард теңгелік ғимараттың қабырғасы қисайып шыға келді. Шенділердің ұсынысына «Болжам» серіктестігінің мамандары балабақшаның ғимаратына техникалық тексеру жұмыстарын жүргізген. Олар ғимаратқа күрделі жөндеу қажет деген қорытынды жасапты.
«Болжам» ЖШС директоры Болат Үсенбаев: «Антисейсмикалық белдеу деген бар. Сол белдеу, ол жерде қойылған рамамен бірігу керек еді. Сол бірікпегендіктен сол түйіскен түйінде үлкен жарық пайда болып ғимараттың қабырғаларында сызат пайда болған. Ол енді жобаның қатесі, не құрылыстың қатесі екенін анық-қанығын айта алмаймын. Қазіргі жағдайда қолдану қауіпті болып тұр оған міндетті түрде күрделі жөндеуді өткізу керек», – дейді.Балабақшаны жөндеу үшін жауаптылар бас кезінде облыстан 120 миллион теңге сұрапты. Бірақ, аудан басшылығы кейіннен өзгергенге ұқсайды. Енді олар «120 емес, 70 млн теңге жеткілікті» деп отыр. Бірақ ол сома әлі де нақты емес. Құжаттар арнайы сараптамаға жолданған.
Талас ауданының әкімі Бақыт Қазанбасов: «Өздеріңіз барып көрдіңіздер ғой "трещина" беріп тұр. Қабырған 2 см-дей ауытқыған солға қарай. Фундаменттен ешқандай осадка жоқ, стена ауытқыған. Соған байланысты оған "сейсмаусиление" жасау керек. 5 млн-дай қаражат құйып проектісін жасаттық. Бүгінгі таңда сол 70 млн-ның көлеміндей шығып отыр».Ал жергілікті билік құрылысты қабылдау кезінде «бармақ басты көз қыстыға» жол берген бе?» деген тілші сауалына әкім: «Маған дейінгілердің былығына жауап бермеймін», - деп жауап берді.