«АЯЛА» қайырымдылық қоры «Ақтөбе медициналық орталығы» МКК балалар стационарының реанимациясына дене салмағы өте аз болып туған сәбилердің қарқынды терапиясына арналған инкубатор және сарғайып туған нәрестелерге фототерапия шамын жеткізді. Ақтөбеге берілген жабдықтың жалпы құны 7,2 млн теңгені құрады. Бұл сома 2019 жылы «Өмір сыйлайық» жобасының шеңберіндегі шаралар және GAZ Energy желісінің бокстары, қазақстандықтардың Касса24 терминалдарымен аударымдар арқылы, «KOMPRA» ЖШС-мен бірге жасалған шаралар, сондай-ақ жеке тұлғалардың қайырмалдықтары арқылы жиналды. Жыл сайын «Ақтөбе медициналық орталығының» балалар стационары арқылы 80 мың бала өтеді, оның ішінде 12 мыңы ауруханаға жатқызылады. Бұл медициналық мекеменің басшылығы балалар реанимациясы үшін медициналық жабдықтар сатып алуға көмек сұрап, «АЯЛА» қорына жүгінді. – Он мыңдаған қайырымды қазақстандықтар біздің қордың осы ауруханаға ең озық, тиімді және қауіпсіз жабдық сатып әперуіне көмектесті. 14 жылдан бері біз дәрігерлеріміздің елімізде неғұрлым көп баланың өмірін құтқарып қалуы үшін жұмыс істеп келеміз. Неонатологтар үшін біліктілікті арттыру курстарын өткіземіз, жаңа туған сәбилерге медициналық көмек көрсетудің заманауи әдістері бойынша әдістемелік ұсынымдар шығарамыз. Менің философиям қарапайым – бұл денсаулық сақтаудың проблемаларын дәрігерлермен, Денсаулық сақтау министрлігімен өнімді және кәсіби диалог арқылы жүйелі түрде шешу үшін ресурстар шоғырландыру. Жыл сайын күшімізді біріктіріп, еліміздің мыңдаған балаларының өміріне араша болып жүргенімізге қуанамын, – деді «АЯЛА» қорының президенті Айдан Сүлейменова. Дене салмағы өте аз болып туған сәбилерге арналған ИДН-03-«УОМЗ» инкубаторы шала туған балалардың өміршеңдік және денсаулық мүмкіндігін арттырады. Ол ауаның температурасы мен ылғалдылығы, оттегі шоғырланымы, баланың дене температурасы мен салмағының параметрлерін микропроцессорлық басқарумен жарақтандырылған. Инкубатор шала туған және әлсіз балаларға күтім жасауға және тиімді реанимация жүргізуге арналған, сондықтан сәбилер патологиясы бөлімшелерінде базалық терапия үшін қолданыла алады.