Қытай вирусынан келер қауіп
Қытай вирусынан келер қауіп
Қытайда коронавирустың салдарынан оннан аса қала карантинге жабылды. ҚХР билігі қауіпті вирустың таралуына жол бермеуге тырысып баққанымен, аурудан қайтыс болғандардың саны 26-ға жеткен. Елде пайда болған жаңа ви­рус түріне ғалымдар «тәж ви­русы» деген ат беріп отыр. Тәж вирусы ҚХР ше­ка­­ра­сы­нан асып, АҚШ, Таи­ланд, Оңтүстік Корея, Жа­по­­­ния және Вьетнам мен Сауд Арабиясында да аталған дерт­тің белгілері тіркелуде. Сәрсенбі күні ҚХР би­лі­гі Ухань қаласын каран­тин­ге жа­бу туралы шешім қа­был­да­ған. Себебі вирус алғаш рет дәл осы Уханьда тіркелді. Хубэй про­винциясындағы Ухань қа­ласында 8,9 млн (кейбір де­ректе 11 млн) тұрғын бар. Ал бей­сенбіде Бейжің Уханьнан 70 шақырым жердегі Хуангань қа­ласын жапты. Қауіпті аурудың жылдам та­рап жатқаны соншалық, оны жұқтырғандар саны 830 адам­нан асып кеткен соң, би­лік оншақты қаланың тұр­ғын­дарының жүріс-тұрысына шектеу қойып, қатаң бақылау ор­натты. ҚХР-да көлік қа­ты­насы мен барыс-келіс тыйыл­ған қалалар мен елді ме­кендер мыналар: Ухань (11 млн адам), Чиби (534 мың), Эч­жоу (1,08 млн), Хуанган (7,5 млн), Сяньтао (1,6 млн.), Чжицзян (550 мың), Ця­ньц­зян (963 мың), Хуанши (2,7 млн), Эньши (809 мың) жә­не Сяньнин (2,5 млн). Осы­лай­ша, карантин жалпы тұр­ғын саны 29,2 миллионды құ­рай­тын провинцияны тұтас қам­тыды. ҚХР тәж вирусымен кү­ре­су үшін Уханьда 1 000 орын­дық арнайы аурухана салуға ше­шім шығарған. Биліктің тап­сырмасына орай, 25 мың шар­шы метр аумағы бар ем­деу мекемесі бір аптаның ішін­де салынып, 3 ақпанда пай­далануға берілуі тиіс. «Жағдайдың ушығуына бай­ланысты ресми Бейжің елде Жаңа жыл мерекесін жаппай тойлауға тыйым салды» деп хабарлады Bejing News газеті. Өйткені 25 қаң­тарға қараған түн – Қытай күнтізбесі бойынша Жаңа жыл­дың бастауы саналады. Дегенмен билік халыққа жылдағыдай жап­пай қыдыруды тоқтатып, үлкен шараларға бармауға кеңес берді. Тәж вирусы деген атау беріл­ген індет туралы бір анық мәлімет бар, оны жұқтырған адамның өк­песі қабынып, пневмония дер­тіне шалдығады. Тәж вирусының (2019-nCoV) нақты қайдан шық­қаны әзірге белгісіз. Эпидемиолог мамандар оны теңіз сүтқоректілері тасымалдауы мүмкін деген бол­жам жасап отыр. Мысалы, ауру ошағы саналатын Ухань қала­сындағы көтерме базарда тауық, жарқанат, қоян мен жылан са­тылады. Олардан да инфекцияның көзі ізделіп жатыр. Ухань қала­сындағы вирус туралы хабар ал­ғаш рет 2019 жылдың 31 желтоқ­санында елдегі аса танымал WeChat мессенджері арқылы тараған. Ал 1 қаңтарда ресми ақпарат жа­риялап, қала басшылығы Хуанань балық базарын жауып тастайды. Сондай-ақ ғалымдар тәж вирусы SARS вирусының өзгеше бір түріне жатады деген тұжырым жасады. Айта кетейік, SARS 2002-2003 жылдары Қытайда қатты тарап, 8 098 адам ауырып, 774 тұр­ғынның өмірін жалмаған. Дүниежүзілік денсаулық сақ­тау ұйымы дәл қазір барлық мем­ле­кетке сақтық шарасын сақтап, авиатасымалдауға шектеу қоюды ұсынып отыр. 18 қаңтардан бері АҚШ-тың Сан-Франциско, Лос-Анджелес, Нью-Йорк әуежайлары Қытайдан келетін әуе рейстерінің жолаушы­ларын тексеруге кірісті. Гонконг, Тайвань, Сингапурда қауіпсіздік мақсатында эпидемиологиялық бақылау күшейтілді. Қазақстан билігі де қатерлі инфекция шека­радан өтпеуі үшін шама-шар­қын­ша бәрін жасап жатыр. Әуе­жай­ларда, теміржол вокзалдары мен көлік құралдарының кіру пункт­терінде санитарлық қызметтер жұмыс істейді. Егер жолаушыдан аурудың нышандары анықталса, экипаж не істеу керегін біледі. Де­генмен Қытайда өршіп жатқан тәж вирусы Қазақстан аумағында тір­келген жоқ. Елордадағы Орта­лық коммуникациялар қызме­тінде өт­­кен брифингте Денсаулық сақ­тау министрлігі Тауарлар мен көр­се­тілетін қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау коми­теті тө­рағасының орынбасары Жан­дар­бек Бекшин осылай деп мәлімдеді.  width= – Біз Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымымен тәулік бойы бай­ланысқа шығып, жағдайды үне­мі қадағалап отырмыз. Шека­радағы бақылауды күшейттік. Ең алдымен, біз Қытайдан келген­дердің барлығын қашықтықтан термометрлік бақылау жұмысын қатаңдаттық. Ухань қаласынан Қазақстанға тікелей рейс жоқ. Бірақ Алматыдан ҚХР-ға – 5 рейс, Нұр-Сұлтан қаласынан 3 рейс бар. Осы рейстерге үлкен мән беріледі. Екіншіден, ұшақ­тағы экипаж мүшелерімен жұмыс істеп жатырмыз. Оларға ауру бел­гілері қандай болатыны түсінді­рілуде, – деді Ж.Бекшин. Сыртқы істер министрлігінің мәліметінше, ауру ошағы атанып отырған Ухань қаласында қазақ­стандық 230 студент білім алуда. Әзірге карантинге жабылған қа­ладан қазақстандық студенттерді шығаруға мүмкіндік жоқ. Денсау­лық сақтау министрлігі оларды тексеріп, ем шараларын жасап барып, қайтару жағын қарастыру керек екенін айтады. Елордадағы брифингте бас санитар Бекшин эвакуация мә­селесіне қатысты жауап беріп, «вирус ошағынан шығуға болмай­тынын, ереже бойынша, вирус жұқтырған адам сол жерде болып, емделіп шығуы тиіс» екенін жет­кізді. Дегенмен Уханьда қалып қой­ған қазақстандықтардың ара­сында вирус жұқтырғаны жайлы ресми дерек шыққан жоқ. 24 қаңтарда Нұр-Сұлтан мен Алматының әуежайларында Қы­тай мен әлемнің басқа елдеріндегі эпидемиялық жағдайларға байла­нысты жаттығу өткізіліп, бақылау күшейтілді. Елге келген барлық жолаушыны арнайы медициналық құрылғымен тексеріп жатыр. Сапа және бақылау департа­мен­тінің санитарлық-карантинді ба­қылау бөлімінің бастығы Рыс­күл Мейірманованың айтуынша, Қытайдағы жағдайға байланысты әуежай күшейтілген режимде жұмыс істеп жатыр. «Жыл басынан бері Қытайдан 7 600 адам ұшып келді. Бізден оларға 4 мыңнан астам жолаушы ұшып кетті. Рейстер қысқартылған жоқ. Бәрі жоспарға сай жүріп жа­тыр. Біз тек Қытайдан ғана емес, сонымен қатар басқа елдерден ұшып келген барлық жолау­шы­лармен алдын алу шараларын жүргіземіз», –деп толықтырды Рыскүл Мейірманова. Оның айтуынша, темпера­турасы көтерілген азаматтар әуежайда тіркелген жоқ. Бүгінгі күні жағдай тұрақты. Біздің дәрігерлер де бос қарап отырған жоқ. Елімізде екі зертхана ашылып, тәж вирусының құры­лымы анықталған. Жұмбақ инфекцияны жазбай танитын тест-жүйе әзірлене бастады. Дүиежүзілік денсаулық сақтау ұйымы ескертеді: 2019-nCoV вирусы – адамдарға алғаш рет жұғып жатқан корона­вирустың нұсқасы. Зерттеушілер вирус адамдарға жануарлардан жұғуы мүмкін екенін, сонымен бірге адамнан адамға беріледі деп санайды. Инфекция белгілері: дене қы­зуы, жөтел, ентігу. Суық тигізіп алудан сақ болы­ңыз, тұмау белгілері бар адам­дармен байланыста болмауға ты­ры­сыңыз.  

P.S.

Сыртқы істер министрлігінде өткен баспасөз мәслихатында СІМ өкілі Айбек Смадияров Ухань қаласында 230 қазақстандық студент тіркелгенін айтты.

«Бүгінгі таңда қалада 98 студент қалып отыр. Ал қалғандары демалыстың басталуына байланысты Қазақстанға және басқа да елдерге кетіп қалған. Біздің дипломаттар Уханьдағы барлық студентпен байланыс орнатқан. Оларға танымал мессенджерлер арқылы Ухань мен Қытайдың басқа қалаларында қалыптасқан эпидемиологиялық жағдайлар кезінде қабылдау қажет сақтық шаралары мен тәртіп ережелері туралы хабардар етілген. Біздің студенттер оқитын ЖОО басшыларымен тікелей жұмыс байланыстары орнатылған», – деді ол.

Сонымен қатар карантиннің енгізілуіне байланысты Қытай аумағындағы біздің азаматтар үшін Бейжіңдегі Қазақстан ел­ші­лігі тәулік бойы жұмыс істейтін жедел желі ашты. Теле­фондарды елшіліктің веб-сайтынан немесе СІМ сайтынан қарауға болады.

   width=Бауыржан БАЗАР