Карантин кезінде тұрмыстық зорлық-зомбылықтан 33 адам көз жұмды
Карантин кезінде тұрмыстық зорлық-зомбылықтан 33 адам көз жұмды
© сурет интернеттен алынды
Қазақстанда наурыз айынан бері тұрмыстық зорлық-зомбылық бабына жататын 241 қылмыс тіркелген. Нәтижесінде, 33 адамның өлімі тіркелген. Бұл туралы бүгін Ішкі істер министрлігі Тергеу департаментінің ерекше істер жөніндегі аға тергеушісі Арман Мәтжан хабарлады. Арман Мәтжанның айтуынша, коронавирус инфекциясын таратпау мақсатында жарияланған көктемгі төтенше жағдай кезінде отбасылық жанжалдың саны көбейген.
«2020 жылдың 16 наурызы, яғни төтенше жағдай енгеннен бастап, 5 тамызға дейінгі аралықта тұрмыстық зорлық-зомбылыққа қатысты 241 қылмыс тіркелді. Соның салдарынан 33 адам көз жұмды», - деп мәлім етті Арман Мәтжан.
Тергеу департаментінің хабарлауынша, өткен жылдың дәл осы кезеңінде (16 наурыз бен 31 шілде аралығы – авт.) тұрмыстық зорлық-зомбылыққа қатысты 168 жағдай тіркелген.
«16 наурыз бен 31 шілде аралығындағы мәліметтерге салыстырмалы талдау жасағанбыз. Биыл 31 шілдеге дейін 237 қылмыс тіркелді, өткен жылдың осы кезеңімен салыстырғанда, бұл 41%-ға көп. Яғни, былтыр осы аралықта осындай 168 факт анықталған еді», - деді ол.