5 маусымнан 5 тамызға дейінгі екі ай уақыт ішінде Nur Otan партиясының қоғамдық қабылдауына праймериз өткізу мәселесі бойынша 14852 өтініш түсті. Соның 3,5 мыңнан астамы кандидаттарды ұсыну және тіркеу тәртібі бойынша түскен. 1011 адам дауыс беру рәсіміне қатысты қызығушылық танытқан, 998 – і партияға кіру, 736 адам пікірсайыс өткізу тәртібін сұраса, 679 адам үгіт-насихат жүргізу кезеңі туралы білгісі келген. Сұрақ қойғандардың 7,5 мыңнан астамы – бұл 30-44 жас аралығындағы адамдар. Еске сала кетейік, бұған дейін Nur Otan партиясының Лидері Нұрсұлтан Назарбаев 2020 жылдың 17 тамызы мен 3 қазаны аралығында праймериз өткізу туралы Қаулыға қол қойған болатын. Төрағасының бірінші орынбасары Бауыржан Байбек Facebook желісіндегі өзінің парақшасында алдағы праймериз – бұл Елбасы жариялаған Nur Otan партиясын «қайта жандандырудың» маңызды бөлігі болып табылатын партияішілік демократияның заманауи тетіктерінің бірі екенін атап өткен еді. Праймериздің негізгі мақсаты – барлық деңгейдегі мәслихаттар мен Парламент Мәжілісіндегі тиімді депутаттық корпусты одан әрі қалыптастыру үшін бәсекелестік негізде жаңа көшбасшыларды айқындау.