Германияда ұстаздар қанша еңбекақы алады?
Германияда ұстаздар қанша еңбекақы алады?

Германияда мұғалімдер ең көп жалақы алатын мамандық өкілі саналмайды. Федеративті республикада ең көп еңбекақы алатындар – дәрігерлер, бизнес пен капиталды дамыту бойынша мамандар және құнды қағаздар бойынша сарапшылар. Deutsche Welle неміс ақпарат агенттігінің ақпарына сүйенсек, Германияда ұстаздардың аз жалақы аламын деуі жөн бола қоймас, өйткені олардың кірісі орта кірістен де артық. Gehalt.de порталының ақпары бойынша, 40 сағаттық жұмыс аптасында бұл шамамен айына 2900-ден 4626 еуроны құрайды. Әлбетте бұл тұста педагогтың еңбек өтілі, мектептің түрі т.б шарттар есепке алынады.

Экономикалық ынтымақтастық және даму ұйымы 2017 жылы нарықтық экономикаға шыққан ондаған елдегі ұстаздардың еңбекақысын салыстырған (бастауыш және орта мектептерде). Педагогтерге төленетін жалақы бойынша Германияны Люксембург басып озған. Мұғалімдерді жоғары еңбекақымен қамтыған елдер қатарында Канада, АҚШ, Аустралия, Швейцария, Дания, Голландия бар. Аталған елдерге жол бергендер қатарында Литва, Словакия, Венгрия, Чехия, Польша тұр. Төмендегі инфографикада «Айқын» Еуропа елдерінде ұстаздарға төленетін жалақыны салыстырып көрді (доллар, брутто мөлшерінде).



Педагогтың еңбекақысы неге байланысты

Германияда мектеп мұғалімінің белгілі бір деңгейде жалақы алуы көбіне оның формальді статусына байланысты дейді GEW атты ірі неміс білім беру саласындағы кәсіпкерлік одағының еңбекақы бойынша референті Оливер Брюхерт (Oliver Brüchert). Оның сөзінше, неміс педагогтарын үш топқа бөлуге болады. Біріншілері – мемлекеттік қызметкер статусы барлар. Екінші топ – жалға жұмыс істейтін қызметкерлер. Мұндай мамандармен арнайы келісімшарт жасалады. Олардың еңбекақысы тарифтік келісім бойынша қаралады, келісімнен салықтан өзге зейнетақы қорына салынатын кіріс, әлеуметтік және медициналық сақтандыру есептеледі. GEW сарапшысының ақпарына сәйкес, екінші топтағы педагогтардан жоғарыда аталғандардың бәрі есептеліп, бірінші топқа жататын шенеунік әріптестерінен қарағанда 20 пайызға кем қаражат түседі.

Үшінші топқа педагог мамандығына «сырттан» келген яғни басқа мамандықты оқығандар жатады. Мәселен, олар университет қабырғасында өз мамандықтарымен қатар бірнеше семестр педагогиканы оқуы әбден мүмкін. Қазіргі уақытта мұндай ұстаздарды көбіне MINT (техникалық және жаратылыстану ғылымдары, ІТ, математика) саласынан көбірек тартады. Мектептерде педагог мамандардың жетіспеуіне байланысты оларды жұмысқа алады, алайда жоғарыда аталған екі топ ұстаздарынан төмен жалақы алатын болады.


Педагог еңбекақысы: басты трендтер

Германияда білім саласы федералды аймақтардың басқаруында болғандықтан, әр аймақтың өз тәртібі бар. Мәселен, Берлинде жаңадан келген ұстаздарға мемлекеттік қызметкер статусын көбірек береді. Саксонияда керісінше: кадрлардың жетіспеушілігімен күрес үшін мұндай статусы талаптарға сай келетін бар педагогке лайықты көреді.

Ұстаздарға төленетін еңбекақы өлшемін де аймақтар анықтайды. GEW ақпарына сәйкес, Баден-вюртемберсктің бастауыш сынып мұғалімдері орта есеппен айына 3533 еуро жалақы алса, Гессенде – 3358 еуро алады. Ал Рейнланд-Пфальцте бұл көрсеткіш 3192 еуро бруттоны құраған. Алайда ортақ трендтер де баршылық. Бастауыш сынып мұғаліміне орта сынып мұғаліміне қарағанда аз қаражат төленеді. Еңбекақы мөлшері мектептің типіне байланысты (орта мектеп, гимназия т.б). Гимназия ұстаздарды жақсы еңбекақымен қамтиды.

Егер педагогтік қызметінен өзге мұғалім сынып жетекшісі немесе оқу ісінің меңгерушісі болса, мейлінше көбірек жалақы беріледі. Германия педагогтары қосымша сыйақы немесе үстемақы алмайды. Оливер Брюхерттің сөзінше, мұнда бәрі қатаң бақылауда, ұстаз өзіне қосымша міндет алып, еңбекақысын көтеремін деп тыраштануының қажеті жоқ. Өйткені оған еш негіз жоқ.

Тағы бір қызық дерек. Германияда педагогтарға каникул уақыттарында да қаражат төленеді. Бұл шамамен жылына 12-13 аптаны құрайды, федералды аймақтың шарттарына байланысты болады. Сабақтан тыс уақыттар демалысқа, бұдан өзге біліктілікті арттырып, түрлі конференцияларға қатысып, кезекті сабақ процесіне дайындықпен өтеді.