Праймериз: жастар саясатқа араласуды қалайды
Праймериз: жастар саясатқа араласуды қалайды
 

Партиялық сабақтастық қажет

«Nur Otan» партиясының бастама­ларын Х.Досмұхамедов атындағы Атырау мем­лекеттік университеті жанындағы «Атырау өңірінің тарихы, этнографиясы жә­не археологиясы» ғылыми-зерттеу ор­та­лығының директоры, тарих ғылым­дары­ның докторы Сайфолла Сапанов толықтай қолдап отыр. – Бұл жерде партиялық сабақтастық ке­рек. Өйткені аға буыннан да біздің үй­ре­неріміз көп. Бұл бір. Екіншіден, пар­тия­ның рөлін арттыру керек. Үшіншіден, жас­тар үшін үлкен әлеуметтік саты бо­латын праймеризді насихаттауымыз тиіс. Бұл жаңалық емес. Әлемдегі елдердің тә­жірибесі бар. Соларды жан-жақты пай­далана білсек игі, – дейді. Сарапшының ойынша, «Nur Otan»  пар­тиясының қазіргі жүргізіп отырған сая­саты дұрыс. Себебі жастарды прай­мериз арқылы саясатқа тартпасақ, жастар әртүрлі радикалды діни ағымдардың да жетегінде кету қаупі бар. Бұл бастама көптеген қауіп-қатердің алдын алады. «Ақтөбе облысының үкіметтік емес ұйым­дар қауымдастығының» президенті Айгүл Дүйсенова консервативті көз­қарас­тарға бой алдырмай, жастарға үміт арту­дың маңызын айтады. Осы орайда ол: – Қазақта «Ақыл – жастан» деп бекер айтпаған. Қазір белсенді жастар көп. Ме­нің алаңдайтыным – әртүрлі бас­шы­лар­мен суретке түсіп, пиарға жақын келетін жастар тағы бар. Сондықтан іріктеу бары­сында жұмысын тиянақты істейтін жас буын өкілдері көптеп келсе, партия үшін жақсы бастама болар еді. Қазіргі жас­тар алға ұмтылады, прогрессивті ой­лайды. Сондықтан бұл бастама Қазақстан дамуы үшін өте маңызды, – деп, ойын түйіндейді.  

Мәслихатта жастар мен әйелдер неге аз?

«Nur Otan» партиясының хатшысы Әлі­бек Әлденей заң шығарушы орган­дар­ға жастарды тартудың маңызына ерек­ше тоқталады. – Қазіргі таңда кәсіби деңгейі де, бел­сенділігі де жоғары жастар көп. Қа­зақ­с­танда сайлаушылардың 45 пайызын жас­тар құрайды. Бірақ сараптама көр­сеткендей, мәслихаттардағы жастардың үлес салмағы 2 пайыздан аспаған соң, олар­дың мәселесі жиі көтерілгенімен, жүзе­ге асыру жағы қиын болып тұр, – деп бас­тайды өз сөзін Әлібек Әлденей. – Біз өңір­лердегі жастармен кездескен кезі­мізде біраз түйткілдің басы ашылды. Жас­тар үшін өзекті мәселелер – жатақ­ха­на, жұмыс орны мен баспана. Біздің ойы­мызша, күніге осы мәселелермен бет­пе-бет келіп отырған жас буын өкіл­де­рі оларды шешу жолдарын қарастырып, өз жобаларын ұсынуы керек». Бүгінгі таңда Қазақстан халқының ба­сым бөлігі әйелдер болса да, олардың заң шығарушы органдардағы үлес сал­ма­ғы мардымсыз. Тіпті, сайлаушылардың 63 пайызы әйелдер болғанымен, саяси бел­сенділік төмен сияқты.  Сарапшы­лар­дың айтуынша, Батыс өңірлердегі мәс­лихаттарда әйелдердің үлес салмағы 12 пайыздан аспайды. Тіпті, 5 пайыздан аспайтын өңірлер де бар. Бұл тұрғыдан облыстық, қалалық, аудандық мәслихат­тарға әйелдер, көпбалалы аналар тар­тылса, мәселені дер кезінде көтеріп, ше­шуге мүмкіндік тумақ. Жиналғандар Ел­басы Нұрсұлтан Назарбаевтың баста­масын қолдайтындарын жеткізіп, шетел­дік тәжірибеге арқа сүйеу қажетін де алға тартты.  Сарапшылардың пайымынша, Экономикалық ықпалдастық пен даму ұйымы, Халықаралық қаржы қорының есебіне сәйкес, егер әр ел әйелдерінің 50 пайыздан астамы экономикаға жұмыс істесе, онда ел дамуы 12-13 пайызға арта­ды екен. Бұл дер кезінде қабылданған ше­шім көп ұзамай өз нәтижесін беруі тиіс.  

Праймериз жастарды елдік мүдде аясында тоғыстырады

«Қазақстан» РТРК» АҚ Атырау об­лыстық филиалының директоры Қа­нат Әуесбайдың айтуынша, праймериздің ел тарихында орны ерекше.

– Қазақстанның партия тарихында тұңғыш рет праймериз жүзеге аспақ. Бұл еліміз үшін айрықша оқиға. Бұрын халық тарапынан «Сенат, Мәжіліс, мәслихатқа кімнің өтетіні алдын ала белгілі» деген сынды жиі естуші едік. Ал бұл праймериз халық алдына «Парламент пен мәслихат­тың құрамы қандай болады?» деген сұ­рақ­ты төтесінен қойған сияқты. Алда­ғы праймеризден кейін заң шығарушы ор­гандарға кімдердің өтетініне байланысты бір белгісіздік бар. Бұл бір жағынан жақсы. Сондықтан біз праймериз арқылы халықтың шынайы ықыласына бөленген, беделі мен сөзінің салмағы бар азаматтар үш биліктің бір тармағы саналатын заң шы­ғарушы органға келеді деп бек се­неміз, – дейді.

Маңғыстау облысы «Форте Банк» АҚ филиалының директоры Аббат Өрісбаев кезінде мәслихатқа жас депутат ретінде өткенінде біраз қиындыққа тап болғанын жасырмайды: – 2016 жылы мәслихатқа сайланған ке­зімде жастар мәселесін барынша кө­теруге тырыстым. Өкінішке қарай, қо­ғам­дық мәселелер көтерілген кезде кей­бір бастамаларда қолдау таба алмадым. Енді праймериз арқылы жастардың сая­сат­қа белсене қатысуы үлкен мүмкін­дік береді. Мәселен, мәслихатта қоғам белсенділерімен бірлесіп, мәселе шешуге мүмкіндік туады. Әрине, бұрынғы жүйеде ағаларымыз қалыптасқан жағдайда жұ­мыс істеуге үйреніп қалған еді. Ендігі ке­зек­те мәслихатта жастар көп болса, қо­ғамдық мәселелерді оң шешуге ықпал етеміз, – дейді. «Ұлттық рух» қоғамдық бірлестігінің тө­ра­ғасы Аят Сүгірбай пандемиядан кейін азаматтардың ой-санасы, ұстаны­мы, құндылықтары өзгергенін айтады. Оның ойынша, партияішілік іріктеу жастарды жарқын болашаққа жетелеумен қатар, ұлттық мүдде аясында бас бірік­тіруге талпындырады. – Праймериз арқылы креативті, зама­науи ойлайтын белсенді жастарды тар­та білсек, бір жағынан, партиямызға да ел тарапынан мол сенім артылады, екін­ші жағынан, ертеңгі күні алпауыт күш болуға жол ашылады. Бұған ешқан­дай күмәнім жоқ. Ұлттық мүдде, елдік мүд­де бір арнаға тоғысса, жастарымыз биік белестерді бағындырады деп се­не­мін, – дейді Аят Сүгірбай.  

К.ӘЛІМ