Партиялық сабақтастық қажет
«Nur Otan» партиясының бастамаларын Х.Досмұхамедов атындағы Атырау мемлекеттік университеті жанындағы «Атырау өңірінің тарихы, этнографиясы және археологиясы» ғылыми-зерттеу орталығының директоры, тарих ғылымдарының докторы Сайфолла Сапанов толықтай қолдап отыр. – Бұл жерде партиялық сабақтастық керек. Өйткені аға буыннан да біздің үйренеріміз көп. Бұл бір. Екіншіден, партияның рөлін арттыру керек. Үшіншіден, жастар үшін үлкен әлеуметтік саты болатын праймеризді насихаттауымыз тиіс. Бұл жаңалық емес. Әлемдегі елдердің тәжірибесі бар. Соларды жан-жақты пайдалана білсек игі, – дейді. Сарапшының ойынша, «Nur Otan» партиясының қазіргі жүргізіп отырған саясаты дұрыс. Себебі жастарды праймериз арқылы саясатқа тартпасақ, жастар әртүрлі радикалды діни ағымдардың да жетегінде кету қаупі бар. Бұл бастама көптеген қауіп-қатердің алдын алады. «Ақтөбе облысының үкіметтік емес ұйымдар қауымдастығының» президенті Айгүл Дүйсенова консервативті көзқарастарға бой алдырмай, жастарға үміт артудың маңызын айтады. Осы орайда ол: – Қазақта «Ақыл – жастан» деп бекер айтпаған. Қазір белсенді жастар көп. Менің алаңдайтыным – әртүрлі басшылармен суретке түсіп, пиарға жақын келетін жастар тағы бар. Сондықтан іріктеу барысында жұмысын тиянақты істейтін жас буын өкілдері көптеп келсе, партия үшін жақсы бастама болар еді. Қазіргі жастар алға ұмтылады, прогрессивті ойлайды. Сондықтан бұл бастама Қазақстан дамуы үшін өте маңызды, – деп, ойын түйіндейді.Мәслихатта жастар мен әйелдер неге аз?
«Nur Otan» партиясының хатшысы Әлібек Әлденей заң шығарушы органдарға жастарды тартудың маңызына ерекше тоқталады. – Қазіргі таңда кәсіби деңгейі де, белсенділігі де жоғары жастар көп. Қазақстанда сайлаушылардың 45 пайызын жастар құрайды. Бірақ сараптама көрсеткендей, мәслихаттардағы жастардың үлес салмағы 2 пайыздан аспаған соң, олардың мәселесі жиі көтерілгенімен, жүзеге асыру жағы қиын болып тұр, – деп бастайды өз сөзін Әлібек Әлденей. – Біз өңірлердегі жастармен кездескен кезімізде біраз түйткілдің басы ашылды. Жастар үшін өзекті мәселелер – жатақхана, жұмыс орны мен баспана. Біздің ойымызша, күніге осы мәселелермен бетпе-бет келіп отырған жас буын өкілдері оларды шешу жолдарын қарастырып, өз жобаларын ұсынуы керек». Бүгінгі таңда Қазақстан халқының басым бөлігі әйелдер болса да, олардың заң шығарушы органдардағы үлес салмағы мардымсыз. Тіпті, сайлаушылардың 63 пайызы әйелдер болғанымен, саяси белсенділік төмен сияқты. Сарапшылардың айтуынша, Батыс өңірлердегі мәслихаттарда әйелдердің үлес салмағы 12 пайыздан аспайды. Тіпті, 5 пайыздан аспайтын өңірлер де бар. Бұл тұрғыдан облыстық, қалалық, аудандық мәслихаттарға әйелдер, көпбалалы аналар тартылса, мәселені дер кезінде көтеріп, шешуге мүмкіндік тумақ. Жиналғандар Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың бастамасын қолдайтындарын жеткізіп, шетелдік тәжірибеге арқа сүйеу қажетін де алға тартты. Сарапшылардың пайымынша, Экономикалық ықпалдастық пен даму ұйымы, Халықаралық қаржы қорының есебіне сәйкес, егер әр ел әйелдерінің 50 пайыздан астамы экономикаға жұмыс істесе, онда ел дамуы 12-13 пайызға артады екен. Бұл дер кезінде қабылданған шешім көп ұзамай өз нәтижесін беруі тиіс.Праймериз жастарды елдік мүдде аясында тоғыстырады
«Қазақстан» РТРК» АҚ Атырау облыстық филиалының директоры Қанат Әуесбайдың айтуынша, праймериздің ел тарихында орны ерекше.– Қазақстанның партия тарихында тұңғыш рет праймериз жүзеге аспақ. Бұл еліміз үшін айрықша оқиға. Бұрын халық тарапынан «Сенат, Мәжіліс, мәслихатқа кімнің өтетіні алдын ала белгілі» деген сынды жиі естуші едік. Ал бұл праймериз халық алдына «Парламент пен мәслихаттың құрамы қандай болады?» деген сұрақты төтесінен қойған сияқты. Алдағы праймеризден кейін заң шығарушы органдарға кімдердің өтетініне байланысты бір белгісіздік бар. Бұл бір жағынан жақсы. Сондықтан біз праймериз арқылы халықтың шынайы ықыласына бөленген, беделі мен сөзінің салмағы бар азаматтар үш биліктің бір тармағы саналатын заң шығарушы органға келеді деп бек сенеміз, – дейді.
Маңғыстау облысы «Форте Банк» АҚ филиалының директоры Аббат Өрісбаев кезінде мәслихатқа жас депутат ретінде өткенінде біраз қиындыққа тап болғанын жасырмайды: – 2016 жылы мәслихатқа сайланған кезімде жастар мәселесін барынша көтеруге тырыстым. Өкінішке қарай, қоғамдық мәселелер көтерілген кезде кейбір бастамаларда қолдау таба алмадым. Енді праймериз арқылы жастардың саясатқа белсене қатысуы үлкен мүмкіндік береді. Мәселен, мәслихатта қоғам белсенділерімен бірлесіп, мәселе шешуге мүмкіндік туады. Әрине, бұрынғы жүйеде ағаларымыз қалыптасқан жағдайда жұмыс істеуге үйреніп қалған еді. Ендігі кезекте мәслихатта жастар көп болса, қоғамдық мәселелерді оң шешуге ықпал етеміз, – дейді. «Ұлттық рух» қоғамдық бірлестігінің төрағасы Аят Сүгірбай пандемиядан кейін азаматтардың ой-санасы, ұстанымы, құндылықтары өзгергенін айтады. Оның ойынша, партияішілік іріктеу жастарды жарқын болашаққа жетелеумен қатар, ұлттық мүдде аясында бас біріктіруге талпындырады. – Праймериз арқылы креативті, заманауи ойлайтын белсенді жастарды тарта білсек, бір жағынан, партиямызға да ел тарапынан мол сенім артылады, екінші жағынан, ертеңгі күні алпауыт күш болуға жол ашылады. Бұған ешқандай күмәнім жоқ. Ұлттық мүдде, елдік мүдде бір арнаға тоғысса, жастарымыз биік белестерді бағындырады деп сенемін, – дейді Аят Сүгірбай.К.ӘЛІМ