Абай күні – жаңа мереке
Абай күні – жаңа мереке
457
оқылды
 

10 тамыз ба, әлде 23 тамыз ба?

Естеріңізде болса, 1995 жылы ЮНЕСКО көлемінде аталып өткен Абайдың 150 жылдығы тура 10 тамызға тұспа-тұс келген еді. Бұл ел жадында қалған үлкен тарихи оқиға болды. Қазақ­стан тәуелсіздік алғаннан кейін ұлттық қайта жаңғыру, кемеңгер тұлға­ларды жаңа қырынан тану, жас ұрпаққа жеткізу, жаңару мен тарихты саралау процесі басталды. Ұлттық ой-сананы жаңғыртуда Абай сияқты тұлғаларды танудың маңызы зор болды. Тәуелсіз­діктің 30 жылға жуық кезеңінде Абай есімі көшелер мен мектеп­терге берілді. Ірі мегаполистердегі негізгі даңғылдар Абай атымен айшық­талды. Әрине, ең үлкен құрмет Семей халықаралық әуежайының Абай атымен аталуы еді. Бүгінде ел ішінде Абай тұлғасына қатысты пікірталастар да тыялар емес. Әсіресе, зиялы қауым өкілдері мен абайтанушылар арасында Абайдың туған күніне қатысты екіұшты пікір бар. Ақын-жазушылардың бір бөлігі кемеңгер ақынның туған күні 23 тамыз десе, басым бөлігі 10 тамыз дегенді бірауыздан қолдайды. Философия ғылымдарының докторы, профессор, ғалым Ғарифолла Есім Абай­дың туған күніне байланысты пікірта­ластарды дау-дамай деңгейіне жеткізу дұрыс емес деген ұстанымда. – Абайдың туған күніне байланысты ешқандай дау жоқ, жеке адамдардың кереғар пікірлері ғана бар. Мәселен, Абайдың 150 жылдығын тойлау ісіне белсенді араласқан азаматпын. Есте­ріңізде болса, ЮНЕСКО көлемінде 10 тамызда тойланды. Тіпті, Мұхтар Әуезов­тің көзі тірісінде Абайдың туған күні осы тамызда тойланған. Сыйлайтын ұстазда­рым­ның бірі Мұхтар Әуезов еді. Бүкіл ғұмырын хакім Абайға арнаған кемеңгер тұлға. Кейде осы кемеңгерлердің жағасынан алып, білгіш­сініп кететініміз бар. Бір тоқтамға келуі­міз керек қой. ЮНЕСКО көлемінде 10 тамызда тойланған дата халықтың да құлағына сіңіп қалды. Бірақ бұл мәселе бұдан былай толық шешілді деп есептеймін. Президент өз шешімімен бұл мәселеге нүкте қойды, – дейді профессор. Ғалымның айтуынша, мәселе ақын­ның туған күнінде емес, Абайдың қазақ қоғамындағы орнында боп тұр. – Мені Абайды XXII ғасыр ұрпағына жеткізу жөніндегі 100 жылдық бағдарлама мәселесі мазалап отыр. Қазір осындай бағдарламаны ойластырып жатырмын. Біз Абай айтып кеткен қандай мәселелерді болашаққа жеткіземіз, ақын халықтың болашағын қалай көрді деген түйткілдер бар. Басты мәселе – Абайдың шығар­малары, өнегелі ғұмыры, болашаққа жолдаған бағыт-бағдары, халқына деген сенімі. Шамамыз жеткенше, біз елге осыны жеткізуіміз керек, – дейді Ғари­фолла Есім. Абайтанушы Жабал Шойынбет ақын­­ның туған күніне байланысты мәселеге ғылыми тұрғыдан да нүкте қойыл­ғанын алға тартады. – Кезінде Абайдың туған күніне бай­ланысты PR жасау үшін Асан Омаров мақала жазып, арты дауға ұласты. Жа­қында мұның нүктесін белгілі ғалым Тұрсын Жұртбай қойды. Себебі Абайдың кесенесін қоюға Мұхтар Әуезовтің өзі қатысып, бір тұжырымға келген датаны тасқа ойып жазып кеткен еді. Ол белгіде Абайдың туған күнін 10 тамыз деп көр­сет­кен. Міне, бұдан артық ешқандай айғақ-дәлелдің қажеті жоқ, – дейді Жа­бал Шойынбет. Ғалымның пікірінше, Абай күнін науқаншылдыққа айналдыру дұрыс емес. Abai – Өкінішке қарай, қай жердің әкімдігі болмасын, «Абай күні өтті» деген сөз үшін өздері білетін 5-6 ақын-жазушыны жи­нап, әр мекемеден тапсырмамен қаты­сушы­ларды алдыртады. Ендігі біздің үміт ететініміз – Абай күндері көрші Ресейдегі Пушкин күніндей жалпы­халықтық сипатта өткізілсе, жөн. Ол үшін әкімшілік бастамашы болып, арнайы қаржы бөліп, шын мәнінде халық ішінен Абайды сүйетін, шығарма­шылығын тануға ұм­тылған, ақынға өлең-жырын арнаған әрі өз еркімен жиналатын азамат­тардың поэ­зия алаңын ұйымдастыру керек. Абай күні маңызды мереке күніне айналуы керек,  – дейді.  Абайтанушы, ғалым, филология ғылымдарының докторы, профессор Мекем­тас Мырзахметұлы да ақынның туған күні ретінде 10 тамыздың белгі­ленгенін дұрыс санайды. Одан бөлек, Абайды тану мәселесі өзекті екенін айтады. – Абайды тану қиын. Оның көп сыры әлі ашылмай жатыр. Абайдың іздегені не өзі? Абай халқының мінез-құлқының сайлау арқылы бұзылғанын жақсы білген. Өмір бойы осыдан құтылудың жолын іздеді. Оның тапқаны – толық адам ілімі болды. Толық адам ілімінің берері көп. Жастарымызға осы ілімді үйретсек, олар толық, кемел адам болуға ыңғайлана бастайды, – деп сөзін түйіндейді. Ғалымның пікірінше, Абай күнінде ат шауып, көкпар тартқызып, жарыс ұйымдастыру жай нәрсе болып қалмақ. Халыққа қажеті – Абайдың мұрасын түсіндіріп беруімізде. – Халыққа толық адам ілімі жетпей жатыр, – дейді Мекемтас Мырзахметұлы. «Егер ел ішінде осы ілімді насихаттап, жастардың бойына сіңіре білсек, рухани жаңғыра аламыз. Өкінішке қарай, жоғары жақта оқулық жазу ісін жазатын адамға емес, жазбайтын адамға береді. Естуімше, біреулер қаламақысымен бөліседі, сон­дықтан осындай кері­тартпалық бар сияқты. Мен мектептің Абай туралы оқулықтарын жазуға толық дайынмын. Маған тапсырса, 5-6 айда жазып берер едім. Толық адам ілімі арқылы біз бір адамды ғана емес, бүкіл алда келе жатқан ұрпақты рухани жағы­нан тазартып алар едік», – деп ойын аяқтайды. Зиялы қауым өкілдері әлі күнге дейін кейбір ақын-жазушылардың Абай мұра­сына терең бойлай алмағанына өкінеді. Сарапшылар ақын мұрасын заманауи технологиялар мен байланыс құрал­дарын, дәстүрлі БАҚ пен жаңа медиа мүмкіндіктерін пайдалана отырып, ел ішінде кеңінен насихаттау қажет дейді. Алдағы 10 тамыз күні Абайдың 175 жыл­дығы Ұлттық жаңғыру күні ретінде жалпыхалықтық деңгейде аталып өтсе, құба-құп болар еді. Бұл тұста ысыраппен той тойлау өткен заманның сарқыншағы іспетті. Зиялы қауым пандемияға бай­ланысты онлайн жиындарға жиі қа­тысып, Абай күнін тойлаудың амал-әрекеттерін қарастырып жатқанын тілге тиек етті.  

Кәмшат ТАСБОЛАТ