Пандемияда бас пайдасын ойлағандар көбейді
Пандемияда бас пайдасын ойлағандар көбейді
© коллаж: Еркебұлан Дүйсеболатов
 

Сәтсіздіктің сыры неде?

Әлемді әбігерге салған коро­навируспен күрестегі сәтсіздігіміз ашық­тықтың жоқ­тығынан болып отыр. Себебі бүгінге дейін бөлінген қар­жы, сатып алын­ған дәрі-дәрмек пен құрал-жаб­дық туралы ақпарат ашық емес. Иә, осы жылдың 7 шіл­десінде Денсаулық сақтау министрі Алексей Цой Қа­зақстанда коро­на­ви­руспен күресу үшін 114,8 млрд тең­ге бөлінгенін, оның 74,2 млрд тең­гесі респуб­ли­калық бюджеттен, 40,6 млрд теңгесі Үкімет резервінен бө­лінгенін ха­барлады. Алайда коро­на­вируспен күреске бөлінген қаржы туралы ақпарат осы жерден үзіледі. Ал өңірлер мен медициналық ме­кемелердің COVID-19 вирусымен күресу үшін бөлінген қаржы­ны қа­лай жұмсап жатқаны туралы ақ­па­рат қолжетімді емес. Integrity Аstana ұйымының же­тек­шісі Жанат Нұрғалиевтің ай­туын­ша, халық Денсаулық сақтау ми­нистрлігі бюджетінің өңірлер мен медициналық мекемелер ара­сын­да қалай бөлінетінін білуге құ­қылы. «Денсаулық сақтау министр­лігінің биылғы сәуір айында нақ­ты­ланған бюджеті 1,5 трлн теңге.  Ми­нистрлік бюджетінің шығыс бө­лі­гінің басым бөлігі 67 бюджет бағ­дар­ламасына жұмсалады. Бұл бағдар­ламалар тегін медициналық көмек­тің кепілдік берілген көлемін ұсы­нады. Осы мақсатқа 1 трлн 90 млрд теңге қарастырылған. Міне, осы қаржыны игеру үшін медициналық ұйымдармен келісімшарттар жаса­лады. Ал ол келісімшарттар халық­тың қатысуынсыз, комиссияның дауыс беруімен ғана шешіле са­ла­ды», – дейді. Оның пікірінше, медициналық ұйым­дардың арасында бюджет қар­жысын бөлу процесі қоғам на­за­рында болуы керек. Сондықтан «Халық үніне құлақ асатын мем­лекет» тұжырымдамасы шеңберінде медициналық ұйымдар  арасында медициналық қызмет көрсетуге бюджет қаражатын бөлу процесін ашық және қаржының игерілуі тура­лы есепті жариялайтын талап ен­гізіп жетілдіру қажет. «Министрлікке өңірлер мен медициналық ұйымдардың шы­ғындарын қалай бөлетіні туралы ресми сауал жолдап едік, «барлық ақпарат мемлекеттік органның ресми сайтында жарияланған» деген жауап алдық. Бірақ рес­ми сайттан ондай ақпарат таба алмадық. Сондықтан министрліктің бюджет ақшасын бөлудің нормативтері мен ережелерін талдап, қаржының басым бөлігі мемлекеттік са­тып алу арқылы бөлінетінін анықтадық. Мемлекеттік сатып алу арқылы игерілетін қаржы медициналық  техникалар сатып алуға, құрылыстың күрделі шы­ғындарына, басқа тауарлар мен қызметтерді сатып алуға жұм­салады екен. Дәл осының ішінде күрделі шығындарды мұқият бақылау қажет деп санаймыз. Себебі дәл осы шығыстардың тиімділігіне бірыңғай мониторинг жүргізілмейді екен», – дейді Ж.Нұрғалиев.  

Ақпаратқа қол жеткізу туралы заң бұзылып жатыр

Медициналық мекемелер өткізетін тендерлерден бүгін тіркеліп, ертесіне құны мил­лиондарды құрайтын келісім­шартқа қол қойып жатқан ком­паниялар анықталып жатыр. Тіпті, кей компания мемлекеттік тіркеуден өтпей тұрып мемсатып алу порталына тіркеліп, «стажын» көбейткісі келген. Пандемияда пайда көздегендер осылайша заңды белден басып, тайраңдап жүр. «Бір өнім берушінің тех­никалық сипаттамасы бірдей аппаратын үш өңір үш түрлі бағамен сатып алған. Бір өңір 11 млн теңге, екінші өңір 31 млн теңге төлеген. Осының өзі Мемлекеттік сатып алу туралы заңның орындалуын бақылау ақсап жатқанын білдіреді. Екі күн бұрын тіркеліп, миллиардтаған соманың шартына қол қойған мекеме бар. Ол мекеменің немен айналысатыны, бұған дейін салық төлегені туралы ақпарат жоқ. Мысалы, «Қуатбек» жеке кәсіпкерлігі  2 сәуір күні тіркеліп, ертесіне 22 млн теңгеден астам қаржыға келісімшарт жасасқан. Бұл бизнес субъектісі туралы ашық деректерде мәлімет жоқ. Ақпаратқа қол жеткізу туралы заң талабы бойынша мемлекеттен, бюджеттен қаржы алып отырған мекемелер өзі туралы  ақпаратты ашық жариялауы керек», – дейді «Мінбер» ақпарат агенттінің жетекшісі Есенгүл Кәпқызы. Оның айтуынша, бірнеше тапсырыс берушімен 4 мил­лиард 104 миллион теңгенің келісімшартын жасаған Demeu­trading компаниясының  төлеген салығы туралы мәлімет жоқ. Төлеп үлгермеген болуы мүмкін. Себебі бұл мекеме мемлекеттік тіркеу туралы куәлігін 2020 жылғы 29 мамырда алған. Ал мемлекеттік сатып алу порталына сәуірдің 8-інде тіркелген, алғашқы келісім­шартын сәуірдің 23-інде жасасқан. Мемлекеттік тіркеуден өтпей жатып, тап­сырысқа қол жеткізген. Есенгүл Кәпқызы қоғамдық ұйымдар мен журналистер бюд­жет қаржысының жұмсалуын бақылауға алып, қаншама деректі жариялап жатқанын, бірақ бұған билік тарапынан, компания тарапынан реакцияның жоқтығы таңғалдыратынын айтады.  «Осы­ның өзі күдікті. Сондықтан тендерге қатысушылардан өнім берушінің ресми сайты мен тәжірибесінің болуы талап етілуі керек» деп санайды.  

Порталды техникалық тұрғыдан жетілдіруге болар еді

Коронадағдарыс кезінде ал­ғаш болып мемлекеттік са­тып алу порталындағы сатып алуларға бақылау жасап, бір­қатар келісімшарттың бұзыл­уына себепкер болған Zert­teuResearchInstitute қоғамдық қоры екені белгілі. Аталған институттың сарапшысы Ғалым­жан Оразымбеттің айтуынша, тендер өткізуде «мүлт кетіп» жатқан тапсырыс берушілерді көп деп те, аз деп те айту қиын. «Өйткені барлығын толық зерделеп шыға алмаймыз. Мони­торинг кезінде кей заттардың нарықтағы бағадан біршама қымбат алынып жатқанын бай­қаймыз. Бірақ оның барлығын толық бақылау мүмкін емес және «мүлт кету» білместіктен бе, әдейі ме, оны да нақты айта алмайсыз. Мүмкін, әрқайсысының себебі әртүрлі. Ал ондай анықталып, келісімшарт бұзылып жатса, тиісті жабдық, дәрі-дәрмектің уақытылы жетуіне зияны тиетіні рас. Қазір ауру күтіп жатпайды. Бетперде болсын, комбинезон, ауа жіберу аппараты болсын науқасқа бүгін керек. Ал жаңағыдай қателердің кесірінен сатып алу тағы кешігіп жатса, ертең одан бірінші кезекте науқас зардап шегеді. Қазір Үкімет арнайы режиммен, тікелей келісім жасау тәсілімен сатып алуға рұқсат бергені де сол», – дейді. Pandemia1 Ол бүгінге дейін анықталған мысалдарға сүйеніп, бұл саланы жетілдіру керек екенін айтады. Тек жетілдіру техникалық сипатта болуы керек. Өйткені заңда жазып, бекітумен, арнайы үкіммен ештеңе шеше алмаймыз деп санайды. «Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі мамандары біз анықтаған жағдайларда баға өте жоғары болғанын, медициналық жабдықтар жеткізуге рұқсаты жоқ компаниялармен келісімшарт жасалғанын растады. Сол негіз­бен келісімдер бұзылды. Ал қазір күніне жүздеген, мыңдаған келісім жасалады. Оның бәрін қағаздағы заңмен реттей алмайсыз. Тек тех­никалық жағынан біршама реттеуге болады. Қалай? Үкімет бекіткен арнайы өнім берушілер тізімі бар болса, порталда келісім­шарт жасасқанда сол тізімдегі компания болмаса, портал авто­матты түрде ол келісімді тіркемейтін болса. Порталда әр тауар­дың нарықтағы бағасы немесе бағаның белгілі бір шегі бекітілсе. Сол бағадан артық келісімдер автоматты түрде жасалмайтын, портал оларды қабылдамайтын болса, сол кезде біршама реттеу мүмкін», – дейді сарапшы. Оның айтуынша, техникалық жағынан реттеудің жолдарын арнайы мамандар шешуі ке­рек және бұл процеске адам мүмкіндігінше аз араласса, со­ғұрлым таза, дұрыс болу ықтималы артады.  

Сатып алудың жоспары жоқ

Сарапшылар алдағы уақытта медициналық құрал-жабдықтар сатып алу шығыны өсе береді деп болжайды. Себебі саладағы негізгі құралдар ескіреді. Мысалы, 8 мыңнан астам денсаулық сақтау нысанының 56 пайызы ескіре бастады. Ал 455 мың медициналық техниканың тең жартысы тозуға жақын. Бұл қолданыстағы медтехникалардың 73 пайызы. Ең қызығы сол, біз сатып алған медициналық жабдықты тиімді пайдалана алмай отырмыз. Integrity Аstana жүргізген зерттеуге сүйенсек, құны 500 миллион теңгеден асатын ангиограф аппаратын кардиохирургия, онкология, нейрохирургия, ангиохирургия және басқа да ауруларды емдеуге қолдануға болады екен. Ал бізде бұл аппаратты аурудың бір түрін емдеуге ғана қолданып жатыр. Қолда бар құралды кәдеге жарата алмау деген осы шығар. Астанада осындай 27 ангиограф болса, Шымкентте – 5, Қызылордада – 2, Таразда 6 ангиограф бар. Ал халқы көп Түркістан облысының орталығында бұл аппарат атымен жоқ. Integrity Аstana ұйымының сарапшысы Марат Мамаевтың айтуынша, бұл сатып алуды жос­парлау мен бақылаудың жоқтығын көрсетеді. «Министрлік салауатты өмір салтын насихаттау (65,9 млн теңге), әлеуметтік желілерде бейне­жазбалар жариялау (21,4 млн теңге), денсаулық сақтау бойынша халықтың сауатын зерттеу (33,4 млн теңге) сияқты жобаларды жүзеге асыруға ерекше назар аударып отыр. Байланыс қызметіне де едәуір қаражат жұмсаған: Интернетке қосылу қызметі үшін бір мекемеге ғана 34 млн теңге бөлген. Сервер жабдықтарының тірек кеңістігін жалға алу қызметіне 54 млн теңге жоспарлаған. Министрліктің байланыс және коммуникацияға қатысты тендерінің бәрін осы саладағы монополист «Қазақ­телеком» жеңіп алған. Себебі бұл осы қызметті ұсынатын жал­ғыз компания болғандықтан, қызметіне жоғары баға қояды», – дейді. Әлгінде айтқанымыздай, мемлекеттік кепілдіктер аясындағы көрсетілген медициналық қыз­меттерді қаржыландыруға 1 трлн теңгеден астам қаржы қарас­тырылған. 2020 жылғы 30 мау­сымдағы жағдай бойынша Меди­циналық сақтандыру қоры 360 миллиард теңге жинады. Халықаралық жіктеуде бұл ақша ағымдық шығыстарға жатады, соның ішінде бұл қаражат ха­лыққа медициналық сақтандыру қорынан 1 жылға медициналық қызметтерді сатып алуға арналған. Бұл ақшаны Медициналық сақ­тандыру қоры мемлекеттік сатып алу бойынша таратпайды екен, медициналық қызметтерді сатып алу ережесіне сүйеніп бөледі. Яғни, медициналық ұйымдармен тек келісімшарт жасалады. Жанат Нұрғалиевтің айтуынша, көптеген медициналық ұйым бұл тапсырысты орындай алмайды екен. Бұл мәселе Денсаулық сақтау министрлігінің жоспарлы медициналық көмекті тоқтатып, төсек-орынның сыйымдылығын қайта құруына байланысты. Оның үстіне, медициналық сақтандыру қоры төлемдерді көрсетілген медициналық көмек фактісімен бекітілген тарифтер бойынша төлейді. Ал тарифтер әртүрлі. «Мысалы, нейрохирургиялық бір операцияның құны (нейро­хирургиялық навигациямен жаса­латын операция) 700 мың теңгеден асады, ал COVID-19-бен ауыратын науқасты емдеу 150 мың теңгенің маңайында. Көптеген қоғамдық аурухана төсектері коронавируспен ауырғандарды емдеуге бейімделді. Алайда «ықтимал кірістердің» орнын толтыру мәселесі шешілген жоқ. Осы жерден қаражатты игермеу мәселесі пайда болады. Бұл проблеманың жартысы ғана, себебі ешкім ауруханалардың міндетті шығындарын, мысалы қызметкерлердің жалақысын алып тастаған жоқ. Сондықтан қазірден бастап медициналық меке­мелердің қаржылық тұрақ­тылығын қамтамасыз ету меха­низмін қарастыру керек. Себебі ол медициналық көмектің қол­жетімділігіне тікелей әсер етеді», – дейді Ж.Нұрғалиев. Бұл мәселені қазірден реттеп алмаса, алдағы уақытта тағы бір проблеманың құлағы көрінуі мүмкін. Оның айтуынша,  дәрі-дәрмектер мен медициналық мақсат­тағы бұйымдарды сатып алуға қатысты мәліметтер де ашық емес. Бұл дәрі-дәрмекпен қамтамасыз ету туралы ақпарат­тың бұрмалануына алып келе­ді. Сондықтан сарапшылар қауым­дастығы мен азаматтық қоғам өкілдерін тарта отырып, денсаулық сақтау жүйесін қаржыландырудың ашықтық тетігін енгізу қажет. «Министрліктің ресми сай­тын­да және Ашық бюджеттер пор­талында өңірлер мен меди­циналық ұйымдарға барлық көздерден (республикалық бюд­жет, Үкіметтің резерві, жергілікті бюджет) бөлінген қаржы мен оның игерілгені туралы толық ақпаратты жариялау қажет.«Ашық үкімет» порталында дәрі-дәрмектер мен медициналық мақсаттағы бұйымдардың бірыңғай ақ­парат­тық жүйесін құруды ұсы­намыз. Онда қордағы дәрі-дәрмектердің көлемі мен аймақ бойынша бағалары көрсетілсе. Гуманитарлық көмекті бөлу туралы ақпарат та осында жарияланса, халық өзіне керек ақпаратты порталдан оқып алар еді», – дейді сарапшы.   Түйін:

Қалай десек те, халықтың көзі ашылып, қаржылық сауаты арта бастады. Енді қоғамның әрбір мүшесі мемлекеттік са­тып алу порталынан бюджет қаржы­сының қалай жұмсалып жатқанын анықтауға ерінбесе, мемлекеттік сатып алу өткізетін мекемелер бағаны көбейтіп көрсету, медициналық құрал-жабдық пен дәрі-дәрмек жеткізу қызметімен айналыспаған мекемені жеңімпаз деп тануды доғаратыны даусыз. Өйтпеген күнде қажетті дәрі-дәрмекті науқасқа жеткізу процесі ұзаққа созылады, салдарынан науқас көз жұмады. Ал бүгін біз үшін әрбір секунд бағалы.

 

халимаХалима БҰҚАРҚЫЗЫ