Сәтсіздіктің сыры неде?
Әлемді әбігерге салған коронавируспен күрестегі сәтсіздігіміз ашықтықтың жоқтығынан болып отыр. Себебі бүгінге дейін бөлінген қаржы, сатып алынған дәрі-дәрмек пен құрал-жабдық туралы ақпарат ашық емес. Иә, осы жылдың 7 шілдесінде Денсаулық сақтау министрі Алексей Цой Қазақстанда коронавируспен күресу үшін 114,8 млрд теңге бөлінгенін, оның 74,2 млрд теңгесі республикалық бюджеттен, 40,6 млрд теңгесі Үкімет резервінен бөлінгенін хабарлады. Алайда коронавируспен күреске бөлінген қаржы туралы ақпарат осы жерден үзіледі. Ал өңірлер мен медициналық мекемелердің COVID-19 вирусымен күресу үшін бөлінген қаржыны қалай жұмсап жатқаны туралы ақпарат қолжетімді емес. Integrity Аstana ұйымының жетекшісі Жанат Нұрғалиевтің айтуынша, халық Денсаулық сақтау министрлігі бюджетінің өңірлер мен медициналық мекемелер арасында қалай бөлінетінін білуге құқылы. «Денсаулық сақтау министрлігінің биылғы сәуір айында нақтыланған бюджеті 1,5 трлн теңге. Министрлік бюджетінің шығыс бөлігінің басым бөлігі 67 бюджет бағдарламасына жұмсалады. Бұл бағдарламалар тегін медициналық көмектің кепілдік берілген көлемін ұсынады. Осы мақсатқа 1 трлн 90 млрд теңге қарастырылған. Міне, осы қаржыны игеру үшін медициналық ұйымдармен келісімшарттар жасалады. Ал ол келісімшарттар халықтың қатысуынсыз, комиссияның дауыс беруімен ғана шешіле салады», – дейді. Оның пікірінше, медициналық ұйымдардың арасында бюджет қаржысын бөлу процесі қоғам назарында болуы керек. Сондықтан «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасы шеңберінде медициналық ұйымдар арасында медициналық қызмет көрсетуге бюджет қаражатын бөлу процесін ашық және қаржының игерілуі туралы есепті жариялайтын талап енгізіп жетілдіру қажет. «Министрлікке өңірлер мен медициналық ұйымдардың шығындарын қалай бөлетіні туралы ресми сауал жолдап едік, «барлық ақпарат мемлекеттік органның ресми сайтында жарияланған» деген жауап алдық. Бірақ ресми сайттан ондай ақпарат таба алмадық. Сондықтан министрліктің бюджет ақшасын бөлудің нормативтері мен ережелерін талдап, қаржының басым бөлігі мемлекеттік сатып алу арқылы бөлінетінін анықтадық. Мемлекеттік сатып алу арқылы игерілетін қаржы медициналық техникалар сатып алуға, құрылыстың күрделі шығындарына, басқа тауарлар мен қызметтерді сатып алуға жұмсалады екен. Дәл осының ішінде күрделі шығындарды мұқият бақылау қажет деп санаймыз. Себебі дәл осы шығыстардың тиімділігіне бірыңғай мониторинг жүргізілмейді екен», – дейді Ж.Нұрғалиев.Ақпаратқа қол жеткізу туралы заң бұзылып жатыр
Медициналық мекемелер өткізетін тендерлерден бүгін тіркеліп, ертесіне құны миллиондарды құрайтын келісімшартқа қол қойып жатқан компаниялар анықталып жатыр. Тіпті, кей компания мемлекеттік тіркеуден өтпей тұрып мемсатып алу порталына тіркеліп, «стажын» көбейткісі келген. Пандемияда пайда көздегендер осылайша заңды белден басып, тайраңдап жүр. «Бір өнім берушінің техникалық сипаттамасы бірдей аппаратын үш өңір үш түрлі бағамен сатып алған. Бір өңір 11 млн теңге, екінші өңір 31 млн теңге төлеген. Осының өзі Мемлекеттік сатып алу туралы заңның орындалуын бақылау ақсап жатқанын білдіреді. Екі күн бұрын тіркеліп, миллиардтаған соманың шартына қол қойған мекеме бар. Ол мекеменің немен айналысатыны, бұған дейін салық төлегені туралы ақпарат жоқ. Мысалы, «Қуатбек» жеке кәсіпкерлігі 2 сәуір күні тіркеліп, ертесіне 22 млн теңгеден астам қаржыға келісімшарт жасасқан. Бұл бизнес субъектісі туралы ашық деректерде мәлімет жоқ. Ақпаратқа қол жеткізу туралы заң талабы бойынша мемлекеттен, бюджеттен қаржы алып отырған мекемелер өзі туралы ақпаратты ашық жариялауы керек», – дейді «Мінбер» ақпарат агенттінің жетекшісі Есенгүл Кәпқызы. Оның айтуынша, бірнеше тапсырыс берушімен 4 миллиард 104 миллион теңгенің келісімшартын жасаған Demeutrading компаниясының төлеген салығы туралы мәлімет жоқ. Төлеп үлгермеген болуы мүмкін. Себебі бұл мекеме мемлекеттік тіркеу туралы куәлігін 2020 жылғы 29 мамырда алған. Ал мемлекеттік сатып алу порталына сәуірдің 8-інде тіркелген, алғашқы келісімшартын сәуірдің 23-інде жасасқан. Мемлекеттік тіркеуден өтпей жатып, тапсырысқа қол жеткізген. Есенгүл Кәпқызы қоғамдық ұйымдар мен журналистер бюджет қаржысының жұмсалуын бақылауға алып, қаншама деректі жариялап жатқанын, бірақ бұған билік тарапынан, компания тарапынан реакцияның жоқтығы таңғалдыратынын айтады. «Осының өзі күдікті. Сондықтан тендерге қатысушылардан өнім берушінің ресми сайты мен тәжірибесінің болуы талап етілуі керек» деп санайды.Порталды техникалық тұрғыдан жетілдіруге болар еді
Коронадағдарыс кезінде алғаш болып мемлекеттік сатып алу порталындағы сатып алуларға бақылау жасап, бірқатар келісімшарттың бұзылуына себепкер болған ZertteuResearchInstitute қоғамдық қоры екені белгілі. Аталған институттың сарапшысы Ғалымжан Оразымбеттің айтуынша, тендер өткізуде «мүлт кетіп» жатқан тапсырыс берушілерді көп деп те, аз деп те айту қиын. «Өйткені барлығын толық зерделеп шыға алмаймыз. Мониторинг кезінде кей заттардың нарықтағы бағадан біршама қымбат алынып жатқанын байқаймыз. Бірақ оның барлығын толық бақылау мүмкін емес және «мүлт кету» білместіктен бе, әдейі ме, оны да нақты айта алмайсыз. Мүмкін, әрқайсысының себебі әртүрлі. Ал ондай анықталып, келісімшарт бұзылып жатса, тиісті жабдық, дәрі-дәрмектің уақытылы жетуіне зияны тиетіні рас. Қазір ауру күтіп жатпайды. Бетперде болсын, комбинезон, ауа жіберу аппараты болсын науқасқа бүгін керек. Ал жаңағыдай қателердің кесірінен сатып алу тағы кешігіп жатса, ертең одан бірінші кезекте науқас зардап шегеді. Қазір Үкімет арнайы режиммен, тікелей келісім жасау тәсілімен сатып алуға рұқсат бергені де сол», – дейді.Сатып алудың жоспары жоқ
Сарапшылар алдағы уақытта медициналық құрал-жабдықтар сатып алу шығыны өсе береді деп болжайды. Себебі саладағы негізгі құралдар ескіреді. Мысалы, 8 мыңнан астам денсаулық сақтау нысанының 56 пайызы ескіре бастады. Ал 455 мың медициналық техниканың тең жартысы тозуға жақын. Бұл қолданыстағы медтехникалардың 73 пайызы. Ең қызығы сол, біз сатып алған медициналық жабдықты тиімді пайдалана алмай отырмыз. Integrity Аstana жүргізген зерттеуге сүйенсек, құны 500 миллион теңгеден асатын ангиограф аппаратын кардиохирургия, онкология, нейрохирургия, ангиохирургия және басқа да ауруларды емдеуге қолдануға болады екен. Ал бізде бұл аппаратты аурудың бір түрін емдеуге ғана қолданып жатыр. Қолда бар құралды кәдеге жарата алмау деген осы шығар. Астанада осындай 27 ангиограф болса, Шымкентте – 5, Қызылордада – 2, Таразда 6 ангиограф бар. Ал халқы көп Түркістан облысының орталығында бұл аппарат атымен жоқ. Integrity Аstana ұйымының сарапшысы Марат Мамаевтың айтуынша, бұл сатып алуды жоспарлау мен бақылаудың жоқтығын көрсетеді. «Министрлік салауатты өмір салтын насихаттау (65,9 млн теңге), әлеуметтік желілерде бейнежазбалар жариялау (21,4 млн теңге), денсаулық сақтау бойынша халықтың сауатын зерттеу (33,4 млн теңге) сияқты жобаларды жүзеге асыруға ерекше назар аударып отыр. Байланыс қызметіне де едәуір қаражат жұмсаған: Интернетке қосылу қызметі үшін бір мекемеге ғана 34 млн теңге бөлген. Сервер жабдықтарының тірек кеңістігін жалға алу қызметіне 54 млн теңге жоспарлаған. Министрліктің байланыс және коммуникацияға қатысты тендерінің бәрін осы саладағы монополист «Қазақтелеком» жеңіп алған. Себебі бұл осы қызметті ұсынатын жалғыз компания болғандықтан, қызметіне жоғары баға қояды», – дейді. Әлгінде айтқанымыздай, мемлекеттік кепілдіктер аясындағы көрсетілген медициналық қызметтерді қаржыландыруға 1 трлн теңгеден астам қаржы қарастырылған. 2020 жылғы 30 маусымдағы жағдай бойынша Медициналық сақтандыру қоры 360 миллиард теңге жинады. Халықаралық жіктеуде бұл ақша ағымдық шығыстарға жатады, соның ішінде бұл қаражат халыққа медициналық сақтандыру қорынан 1 жылға медициналық қызметтерді сатып алуға арналған. Бұл ақшаны Медициналық сақтандыру қоры мемлекеттік сатып алу бойынша таратпайды екен, медициналық қызметтерді сатып алу ережесіне сүйеніп бөледі. Яғни, медициналық ұйымдармен тек келісімшарт жасалады. Жанат Нұрғалиевтің айтуынша, көптеген медициналық ұйым бұл тапсырысты орындай алмайды екен. Бұл мәселе Денсаулық сақтау министрлігінің жоспарлы медициналық көмекті тоқтатып, төсек-орынның сыйымдылығын қайта құруына байланысты. Оның үстіне, медициналық сақтандыру қоры төлемдерді көрсетілген медициналық көмек фактісімен бекітілген тарифтер бойынша төлейді. Ал тарифтер әртүрлі. «Мысалы, нейрохирургиялық бір операцияның құны (нейрохирургиялық навигациямен жасалатын операция) 700 мың теңгеден асады, ал COVID-19-бен ауыратын науқасты емдеу 150 мың теңгенің маңайында. Көптеген қоғамдық аурухана төсектері коронавируспен ауырғандарды емдеуге бейімделді. Алайда «ықтимал кірістердің» орнын толтыру мәселесі шешілген жоқ. Осы жерден қаражатты игермеу мәселесі пайда болады. Бұл проблеманың жартысы ғана, себебі ешкім ауруханалардың міндетті шығындарын, мысалы қызметкерлердің жалақысын алып тастаған жоқ. Сондықтан қазірден бастап медициналық мекемелердің қаржылық тұрақтылығын қамтамасыз ету механизмін қарастыру керек. Себебі ол медициналық көмектің қолжетімділігіне тікелей әсер етеді», – дейді Ж.Нұрғалиев. Бұл мәселені қазірден реттеп алмаса, алдағы уақытта тағы бір проблеманың құлағы көрінуі мүмкін. Оның айтуынша, дәрі-дәрмектер мен медициналық мақсаттағы бұйымдарды сатып алуға қатысты мәліметтер де ашық емес. Бұл дәрі-дәрмекпен қамтамасыз ету туралы ақпараттың бұрмалануына алып келеді. Сондықтан сарапшылар қауымдастығы мен азаматтық қоғам өкілдерін тарта отырып, денсаулық сақтау жүйесін қаржыландырудың ашықтық тетігін енгізу қажет. «Министрліктің ресми сайтында және Ашық бюджеттер порталында өңірлер мен медициналық ұйымдарға барлық көздерден (республикалық бюджет, Үкіметтің резерві, жергілікті бюджет) бөлінген қаржы мен оның игерілгені туралы толық ақпаратты жариялау қажет.«Ашық үкімет» порталында дәрі-дәрмектер мен медициналық мақсаттағы бұйымдардың бірыңғай ақпараттық жүйесін құруды ұсынамыз. Онда қордағы дәрі-дәрмектердің көлемі мен аймақ бойынша бағалары көрсетілсе. Гуманитарлық көмекті бөлу туралы ақпарат та осында жарияланса, халық өзіне керек ақпаратты порталдан оқып алар еді», – дейді сарапшы. Түйін:Қалай десек те, халықтың көзі ашылып, қаржылық сауаты арта бастады. Енді қоғамның әрбір мүшесі мемлекеттік сатып алу порталынан бюджет қаржысының қалай жұмсалып жатқанын анықтауға ерінбесе, мемлекеттік сатып алу өткізетін мекемелер бағаны көбейтіп көрсету, медициналық құрал-жабдық пен дәрі-дәрмек жеткізу қызметімен айналыспаған мекемені жеңімпаз деп тануды доғаратыны даусыз. Өйтпеген күнде қажетті дәрі-дәрмекті науқасқа жеткізу процесі ұзаққа созылады, салдарынан науқас көз жұмады. Ал бүгін біз үшін әрбір секунд бағалы.