Алтыншаштың тағдыры...
Алтыншаштың тағдыры...
253
оқылды

Алтыншаш Мұқатаева қоларбада отырса да, өнерге деген құштарлығын жоғалмаған.

Жас әнші Алтыншаш Мұқатаева – Astana Stars, Mega festival, World ART атты халықаралық фестивальдің жеңімпазы, «Шексіз шығармашылық» атты республикалық және Астананың 20-жылдығына орай ұйымдастырылған байқауда «Елорданың үздік сэлфиі» номинациясын ұтып, үздік танылған. Тіпті 2018 жылы Рахат Әбдірахманның сөзіне жазылған, композитор Тұрсын Шәкірдің «Жүрегімде үміт барда» атты алғашқы әні жарыққа шығып, көпшілікке жол тапқан.

Оған дәрігерлер «жетілмеген остеогенез» диагнозын қойып, енді ешқашан аяғын басып жүре алмайды деген шешім шығарған. Мұндай үкімнің шығарылғанына қарамастан Алтыншаш қиындыққа мойынсұнбады, жігері сынбады. Соның арқасында бүгінде елдегі қайырымдылық және қоғамдық іс-шараларға белсене қатысып, адамдарға көмектесуін тоқтатқан емес. 

Алтыншаштың айтуынша, ол дүниеге келгенде дені сау болған. Ата-анасы әлпештеп отырған баланың аяқасты дені нашарлап, ауыра бастаған. Ол кезде Алтыншаш 1 жасқа толған екен. Сүйектері өздігінен сына бастайды. Бастапқыда дәрігерлер нақты диагноз қоя алмай, дал болған. Тіпті алғашында бірде-бір маман бұл дерттің нақты атауын да таба алмаған. 

Сол кезде ата-анамның қаратпаған жері қалмаған. Бұл ауруды емдеуге бірде-бір дәрігердің күші жетпеді. Ақыр соңында «жетілмеген остеогенез» деген диагноз қойылды. Астанаға көшіп келгенде дәрігерлер көмектесер деген үмітім болды. Өкінішке қарай, үмітім ақталмады. Қарапайым тілмен айтқанда, сүйектерім кішкентайымда көп сынды. Құдайға шүкір, қазір тоқтады, деді ол.



алтыншаш1.jpg


«Мен адаммын, кеудемде жаным бар...»


Өзі Шығыс Қазақстан облысы Аягөз ауданының тумасы. 2009 жылы отбасымен бірге Нұр-Сұлтанға көшіп келген. Сол жақта қаралып, «жазылып кетемін» деген үкілі үміті ақталмады. Соған қарамастан жігерін жоғалтпай, өмір үшін күресуден шаршамады. Оның бәр ділелі, қатарынан қалмай білім алуы. Қоларбамен жүрсе ізденісін, жаңа нәрсе үйренуін тоқтатпаған. 

Айтуынша, ол бала кезінен өнерге құштар болған. Мәнерлеп оқу, ән айту секілді байқаулардан жүлделі орындарды иеленген. «Ес білгелі, мектепте жүрген кезімде ән айтып жүретінмін. Әйтеуір, алғаш сахнаға шыққанымда қатты қобалжыдым. Ол кезде кішкентай ғана баламын. Бар-жоғы 7 жаста. Сонда сөзімді қайта-қайта жаттап, «ұмытып қаламын ба?» деген қорқыныш болатын. Ал қазір бой үйренді. Қазақ ұлттық университетінде 3-курсты оқып жатырмын. Алла бұйырса, келесі жылы дипломымды қорғаймын» деп ақтарылды Алтыншаш. 

Шынымен, тағдырының жазғанына қарамай, ол 2011 жылы Нұр-Сұлтандағы «Қазақ технология және бизнес университетінің» колледжде дизайн  саласын бітіреді. Арасында  Қарақат Әбілдинаның мектеп-студиясына түсіп, 4 жылдай вокалдан білім алған. 2014 жылы қатарластарымен бірдей емтихан тапсырып, Қазақ гуманитарлық заң университетіне түсіп, психолог мамандығын алған. Осыған қарап-ақ, өмірге деген құштарлығы сөнбегенін көруге болады. 

Өмір бір-ақ рет беріледі. Сондықтан өкінішсіз өмір сүру керек. Мен адаммын, кеудемде жаным бар. Әр пенденің арманы, мақсаты болады. Сол арман-тілек өмірге жетелейді. Сағым сынған кездер болмады емес, болды. Ондайда жылап аламын. Бірақ өмір осымен тоқтап қалмайды ғой.  Ары қарай жылжуға тырысамын, дейді Алтыншаш Мұқатаева.


 WhatsApp Image 2019-08-29 at 21.28.59.jpeg