Гуманитарлық көмек: қайдан келді, қайда кетті?
Гуманитарлық көмек: қайдан келді, қайда кетті?
«Біз әрине, қолұшын берген барлық мемлекетке ризашылық білдіреміз, бірақ қазір сыртқы көмекке сонша зәру емеспіз».  СҚ-Фармация басшылығының байламын бір сөйлеммен осылай түюге болады. Мем­комиссияның шешіміне сәйкес, дәл осы ұйым гумкөмекті қабылдау және бөлу жө­ніндегі бірыңғай оператор ретінде айқын­далғаны мәлім. СҚ-Фармация ЖШС бас­­қар­ма төрағасы Ерхат Есқалиев Қазақ­стан дәрі-дәрмекпен өзін-өзі қамтамасыз ете алатынын атап өтті: «Гуманитарлық көмек – серіктес елдердің ізгі ерік-жігері­нің нышаны, бірақ Денсаулық сақтау ми­нистрлігі соған қатты сүйеніп отырған жоқ».  

Қолұшын созған қос алпауыт

Қазақ еліне ізгілік көмек көрсетуде Қы­тай белсенділік танытып келеді. Шығыс көрші бізде 16 наурызда төтенше жағдай режимі жарияланғанда іске кірісіп кетіпті. 20 наурызда Нұр-Сұлтанға 9 935 бет­пер­деден, 409 қорғаныс көзілдірігінен, 100 000 қолғаптан тұратын алғашқы партия келіп жетті. 2 сәуірде Алматыға Шанхайдан ко­ро­навирусты анықтайтын 84 тест-жүйе, 1 мың комбинезон, 500 инфрақызыл тер­мометр, 1 мың көзілдірік, 1 мың хирургия­лық қолғап жөнелтті. Бұдан Шыңжаңдағы мұсылман бауырлар да тыс қалмады: 9 сәуірде Шыңжаң-ұйғыр автономды ауданы елордаға 2 мың қорғаныс костюмін, 54 380 медициналық бетперде, 700 Иджихао түйірін, 1 400 Лянхуа Чинвэн капсуласын, 1 400 Зукаму түйірін, 467 азитромицин, 112 хлорохин фосфат таблеткасын және 2 ин­вазивті емес желдеткіш жіберіпті. Шың елі ары қарай өз жәрдемін Alibaba Group, Huawei Technologies, AstraZeneca, Miniso компаниялары арқылы көрсете бастады. Оның арасында 5 010 қорғаныс костюмі, 629 мыңдай әртүрлі марка мен мақ­саттағы бетперде, 50 мың қолғап, 600 тер­мометр, 500 комбинезон, 30 желдеткіш, 50 016 коронавирус РНК-сын анықтауға арналған жинақ бар. Көршінің соңғы кө­мегі 24 шілдеде Алматыға жеткізілген. Осы­лайша, бізге берген гуманитарлық жүк көлемі жөнінен ҚХР алдына қара салмайды. Дегенмен, ақпарат құралдарына пікір білдірген сарапшылар мен саясаттану­шылар SARS-CoV-2 вирусы төрткүл дү­ниеге Қытайдан тарағандықтан, бұл мем­лекеттің өзгелерге жәрдемі «ізгілікке» емес, әлдебір «құн төлеуге» көбірек келе­тінін айтуда. Бұл ретте ҚХР-ды өзге елдер­ге келтірген шығынын өтеуге мәжбүр ету идеясын АҚШ президенті Дональд Трамп ұсынған болатын. Жақсының жақсылығын айт деген, Қазақстан бауырлас түрік елінен қуатты қолдау көруде. Түркия да республикамызда індеттің таралғаны анықталып, сырқаттар саны өсе бастағанда мейлінше тез көмекке келіпті. 30 наурызда Нұр-Сұлтанға дәрігер­лерге арналған 1 000 бірлік FCV4153 Easy flow жинағын, 1,5 мың бетперде, 750 қол­ғап, костюмдер жіберді. 18 сәуірде түркия­лық Nobel İlaç фармкомпаниясы атропин сульфаттың 400 ампуласын, екпеге ар­налған тазоджект ерітіндісінің 500 фла­конын, 1 500 азакс таблеткасын, 150 ри­фам­пицин ампуласын, 3 200 мукозеро таб­леткасын, 5 000 асимплекс ұнтағын, 500 дик­лорон SR таблеткасын Алматыға жет­кізіп берді. Осы елдің Abdi Ibrahim фарм­компаниясы 18 наурызда  1 760 ком­би­незонды, ал 11 мамырда – 7 500 ацетил­цис­теин және 100 000 бірлік Kutlu (хло­ро­хин) әкелді. Түркиядан 14 мамырда Алматыға – 149 900 маска, 50 қорғаныс экраны, 100 кө­зіл­дірік, 295 комбинезон, 200 дезин­фек­ция­лық құрал, 14 шілдеде Нұр-Сұлтанға – 261 500 бетперде, 34 420 комбинезон, 1 996 қор­ғаныш экраны, 2 ПТР құрылғы, 30 мың ПТР-ға арналған тест жинағы, вирустың нуклеин қышқылын бөлуге арналған 30 мың жиынтық, 10 000 гидроксихлорохин таб­леткасы, 29 өкпені жасанды желдету аппараты, 26 оттегі концентраторы тиелген ұшақ қонды. Жәрдем одан кейін де толас­таған емес: Алматыға 31 шілдеде 200 мың маска, 1 тамызда  1 000 бірлік фавипиравир, 50 мың бетперде келіп жетті.  

Ауқымынан дақпырты үлкен болды

Алдымен биылғы 1 сәуірде ресейлік және отандық ақпарат құрал­дарында: «Қазақстан коро­навирусқа байланысты Ресей­ден гуманитарлық көмек сұрат­ты» деген ақпарат тарады. 10 шіл­деде «көптен күтілген» сол кө­мекке де қол жетті. Бұл оқиға әсіресе, Ресейдің федералдық теле­арналарында, сондай-ақ еліміздегі орыстілді басылымдарда кеңінен дәріптелді. Тіпті, тегін бір сөз айтпайтын блогерлер жамырай үн қосты. Солтүстік көршіге және жеке В.Путинге алғыс айтушылар көбейді. Бұдан шошынса керек, Мемдума депутаты, ЛДПР бас­шысы В.Жириновский Қа­зақстанға гумкөмек жіберу ісін қатаң сынға алды: «Өзге елдерге, Қазақстанға, Қырғызға және бас­қасына көмек көрсетуге түбегейлі қарсымыз. Егер күшімізді шетелге шаша берсек, өзімізге аз тиеді. Бірінші өз өңірлерімізді дәрімен, ӨЖЖ аппаратымен қамтып алайық!» – деді даукес саясаткер. Қынжылтатыны сол, елордада әуе көлігінен түсіріліп жатқан ресейлік қораптарда не бар екеніне мән берген ешкім болмады. Шындық енді ашылып отыр. Уәде нардай, аты дардай, ал заты «тарыдай» ғана болып шықты. Сонымен, «СҚ-Фармация» дерегінше, Ресей Федерациясынан келген гумжүкте 44 775 синтети­калық киім жиынтығы, 370 мың бірреттік медициналық бетперде, сынақтан өткізу үшін 3 928 ко­ронавир таблеткасы, сонымен қатар қазақстандық сырқаттардың клиникалық материалынан РНК/ДНК бөлуге арналған 500 реагент жинағы, РНК*Реверта-L матрицасында ДНК алуға арналған 500 реагент жинағы, 500 ПТР-ге арналған реагент жинағы ғана болды. Байқап отырсаңыз, көр­ші алпауыттың ізгілік жүгі, шы­нында төл вакцинасын сынап көруге және оның нәтижелерін тіркеуге арналғаны аңғарылады. Ол сынақ қорытындысын көр­ші ел жария етпеді. Ресейлік ақ­парат агенттіктері коронавир вакци­насының пайдасынан зияны көп екенін, мысалы әйел бойындағы ұрықты өлтіретінін жазды. РФ құқықтық ақпарат ресми пор­талында Қазақстанға бұл көмек 900 млн теңгеге бағала­ныпты. 17 шілдеде Ресейден бі­рер қорап көлемінде тағы да көмек тасы­малданды: ол жаңа сынақ пре­параттан – 320 қорап коронавирден тұрады. Оған бірер мың бетперде мен костюм қосылыпты. gymanitarlik komek1 Салыстыру үшін айтсақ, пост­кеңестік державаға қарағанда өз ағамыз – Өзбекстанның көмегі әлдеқайда көлемді болды. 5 шіл­деде Шымкентке ағайын елден каучукті латекстен жасалған 618 мың қолғап, резеңкелі латекстен жасалған 100 мың қолғап, нитрил­ден жасалған 90 мың қолғап, 1 млн 200 мың стерильді емес қолғап, 1 мил­лионнан астам бірреттік бет­перде және 1 миллион гигиеналық бетперде секілді тең-тең жүк тиел­ген көліктер кірді. Осы игіліктің барлығы еліміздің 17 өңірі ара­сын­да теңдей үлестірілді. Ізгілік көмегі айналасында даулы жайттар бас көтеріп қалады. Атап айтқанда, Катардан ұшқан ұшақ 21 мамырда Нұр-Сұлтанға гуманитарлық жүк жеткізді. Оның құрамында 457 мың 873 әртүрлі бетперде, 35 мың 960 арнайы және қорғаныс костюмі, 29 мың 990 қорғаныс көзілдірігі болған. Бұл – Қазақстанда пандемияның екінші толқыны өрши бастаған кез еді. Әлемді тізерлеткен алапат кеселмен күресіп жүрген ақ ха­лат­ты абзал жандарға осының бар­лығы аса қажетті, өмірлік маңыз­ды заттар болатын. Өкінішке қа­рай, қыруар пайдалы жүк «СҚ-Фар­мация» қоймасында босқа жатып қалды. Шілде айының соңы­на қарай республикада 59-дан ас­там медицина қызметкері корона­вирус­тан көз жұмды. Бірыңғай дистрибьютор басшы­лығы шабандық пен салғырттық танытпағанда, катарлықтар жолда­ған қорғаныс заттары отандық қан­­шама дәрігер, мейірбике, сани­тар­дың өмірін сақтап қалуы мүмкін еді.  

Ізгілік таныту – ырымға жақсы

Біріккен Араб Әмірліктерінен 6 сәуірде Нұр-Сұлтан – 14 400 комбинезон, 15 000 қорғаныс киімін, 500 мың қолғап, 32 мың бахила, 6 мың санитайзер және 20 мың бетпердені, ал 26 шілдеде Шымкент – 1 млн 999 мың 340 бетперде, 50 желдеткіш және 1 250 шипалы шай алды. Қос мегаполис осы заттарын әр өңірдегі 17 қала­мен бөлісті. Пәкістан қазақ еліне – 60 мың,ал Үндістан 30 мың гидрок­сих­лорохин препаратын жібер­ді. Безгек-малярияға қарсы осы ме­дикамент бүгінде COVID-19 инфек­циясын емдеудегі ең басты дәрінің біріне айналды. Жапониядан 30 наурызда елор­даға – 200 комбинезон, 32 қорға­ныс көзілдірігі, 2 мың тестер, 14 мамырда Алматыға 12 200 қорап авиган (фавипиравир) вакцинасы келді. Германия 16 шілдеде елордаға 1 мың бетперде, 597 бірлік пара­цетамол, 59 ASS Ratiopharm меди­каментін, 67 ибупрофен, 30 азитромицин, 20 тамифлю, 40 амоксиклав жөнелтті. Мейірімділік акциясынан қалыс қалмау үшін АҚШ елшілігі әр өңірдегі ауруханаларға теңдей бөліп, жалпы саны 200 комбинезон, 200 бахил, 200 көзілдірік, 2 625 бетперде, 10 199 қолғап таратты. Грузия – 60 мың медициналық бетперде, 400 биоқауіпсіздік костюмін, 60 медициналық костюм­ді; Польша – 8 550 демезон (дек­саметазон) және 2 400 мепрелон (метилпреднизолон); Словения – 1 мың гидроксихлорохин; Чехия – 10 оттегі конденсаторын, 641 кос­тюм, 700 бетперде, 1 мың қолғап, 300 бетке арналған қорғаныс экранын; Израиль – 350 қорғаныс костюмін (бұл елден тағы 10 өкпені жасанды желдету аппараты, 10 мың бетперде келе жатыр), Сингапур – 15 ОТ-ПТР-тест, Тайвань – 3 экспресс-тест жіберген. Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының көмегі де елеулі. Нақтылай кетсек, 20 мамырда ұйым Нұр-Сұлтанға 56 000 қолғап, 3 900 халат, 50 инфрақызыл термометр, 4 мың хирургиялық баскиім, 2 700 бірлік биологиялық қауіпті қал­дықтарды утилизациялауға арнал­ған қап, 36 мың бетперде, 2 400 рес­пиратор, 6 мың дана бетті қорғайтын мөлдір қалқан, 750 қорғаныс көзілдірігін, 4 мың бахила тапсырды. 11 шілдеде Алматыда ДДСҰ бюросы 431 200 бетті қорғайтын қал­қан, 62 600 көзілдірікке арнал­ған қорғаныс құралын, 115 500 медициналық халат, 312 000 бетперде, 879 000 респиратор, ал 3 тамызда 80 оттегі концентраторын табыс етті. Тағы 500 ПТР-тестін қоса ұсынды.  

Коррупциямен күресушілер бақылап отыр

«СҚ-Фармация» мәліметінше, гуманитарлық көмек басым көп­шілігінде өңірлер арасында бір­келкі бөлінді. Әйтсе де, астана және Алматы қалаларына кейбір заттар көбірек тигені аңғарылады. Мәселен, Түркиядан түскен тегін ком­бинезондар өңірлерге 100 дана­дан үлестірілсе, қос ірі мегаполис – 400-680-нен алыпты. Қытайдың медқолғабы өзге өңір­лерге 5-10 мыңнан, ал бұл қала­ларға 20 мыңнан тиіпті. БАӘ-нің қолғабынан елордаға 260 мыңы берілген, басқасына 15 мыңнан ұсынылған. Ортаға мол қытай бетпердесі тасталғанда елордаға 12 мыңы, қалғанына 2 мыңнан келіпті. Бірыңғай оператор кесте­сінде көрсетілгендей, батыс өңір­лер – Ақтөбе, Атырау, Орал, Ақтау қалалары азырақ алған екен. «СҚ-Фармация» гумани­тар­лық жүкпен келген дәрі-дәрмекті және ме­дициналық бұйымдарды на­рықта, дәріха­наларда сату туралы фактілер расталмағанын хабар­лады. Ден­саулық сақтау министр­лігі гумкөмекті қабылдау және өңір­лер арасында бөлу мәселесін «қатаң бақылауға алды». Облыс­тар­ға және үш мегаполиске жет­кізіл­гесін ізгілік жүктің одан әрі ауруха­налар және стационарлар арасында таратылуын әкім­нің жауап­ты орынбасары қадаға­лайды. Олар ДСМ-ге және Үкі­метке есеп ұсынып отырады. Шетелдік өтеусіз гуманитарлық көмектің із-түзсіз жоғалып кет­пеуін Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің өңір­лік бөлімшелері бақылауға алды. Оның қызметкерлері волонтер­лермен бірге тауарлардың әр өңір­де ақырғы тұтынушыға – ме­дұйымға дейін тасымалдануын на­зарға алып, жүкке ілесіп жүреді. Сонымен қатар агенттік өкілдері Денсаулық сақтау басқармалары мен медициналық ұйымдар ұжымы арасында профилактикалық жұмыс жүргізіп, гумкөмектің талан-тараж болуына жол берілмейтінін, оны тек аурухана аясында ғана жұмсау керегін түсіндіруде. Ал ізгілік жүгінің бұйымы ұрланбауы және сатылмауы үшін оның әр қаптамасына «Гуманитарлық көмек – ТЕГІН» деген таңба басылады. Әзірге гумкөмектің қолды болуына қатысты қылмыстық істер қозғал­ған жоқ.  

АйханАйхан ШӘРІП