«Қайратқа» керек болмай қалған футболшы топ-клубқа ауысты
«Қайратқа» керек болмай қалған футболшы топ-клубқа ауысты
5,153
оқылды

Енді ол мәскеулік клуб сапында жылына 300 мың еуро жалақы алмақ

Алматылық «Қайраттың» бұрынғы қорғаушысы ивуарлық Седрик Гогуа мәскеулік ЦСКА клубына ауысты. Бұл туралы «Тамбов» клубы ресми хабарлады.

Клубтың спорттық директоры Павел Худяковтың айтуынша, 25 жастағы футболшы медициналық тексерістен сәтті өткен және трансфердің барлық процесі сәтті аяқталған. Футболшы «Тамбов» сапында шілде айынан бастап ойнаған еді. Ол бес матчта екі гол соқты.

Алдын ала мәлімет бойынша, ЦСКА Гогуа үшін 400 мың еуро төлеген. Енді ол мәскеулік клуб сапында жылына 300 мың еуро жалақы алмақ.

Еске салсақ, футболшы алматылық «Қайрат» сапында 2017 жылдың шілде айынан 2018 жылдың наурызына дейін ойнады. Алайда тек бір ғана кездесу өткізіп, одан соң «Қайрат А» командасына ауыстырылды.