«Праймериз тарихы тереңге кетеді» – Еділ Оспан
«Праймериз тарихы тереңге кетеді» – Еділ Оспан
– «Nur Otan» партиясы жария­лап, өткізгелі отырған праймериз біздің еліміз үшін жаңалық болғалы тұр. Әуелі осы институттың тари­хына тоқталып, халықаралық тә­жірибесін айтып өтсеңіз. – Ең әуелгі праймериз 1842 жылы АҚШ-тың Пенсильвания штатында өткен. Алайда праймериз туралы алғашқы заң 1901 жылы Флорида штатында қабылданыпты. Байқап отырғаныңыздай, бұл институттың түпкі отаны – Америка. Ол кезден бері қанша заман өтті. Праймеризді өткізу тәсілдері дамып, түрлі жаңа қағида қалыптасты. Әрбір мемлекетте праймериз сол елдің саяси мә­дениетіне сай ерекшеліктерге ие. Десек те, оның басты мақсаты өз­геріссіз қалды. Праймериз – саяси партия атынан сайлауға түсетін үміткерлерді алдын ала дауыс беру арқылы іріктеп алу механизмі ретінде қалыптасты. Халықаралық тәжірибеде бұл процесс «алдын ала сайлау», «бастапқы сайлау» атауымен де таныс. Өткен ғасырдың соңынан бас­тап бұл институт әлемде кеңінен тарай бастады. Әсіресе, Еуропа елдерінің саяси партиялары прай­меризді саяси ұйымды нығайтудың құралы ретінде кеңінен пайдалана бастады. Бүгінде көптеген елде ол сайлау науқанының ажырамас бөлігі. Германия, Түркия, Арген­тина және Уругвайда үміткерлерді алдын ала іріктеу – партияның сайлауға қатысуының міндетті шарты. Ал Канада, Франция, Италия, Оңтүстік Корея және Ре­сейде праймериз саяси пар­тия­лардың өз бастамасымен өткізіледі. – Өткен ғасырдың соңынан бастап праймеризге қызығушы­лықтың артқанын айтып отырсыз. Бұған не себеп болды? – Басты себеп шетелдердегі же­текші саяси партиялардың қо­ғамда туындап отырған сұ­ра­ныс­тарға лайықты жауап беруге тал­пынысы дер едім. Әлемдік сая­си пар­тиялардың тарихына қарасақ, праймеризді өз елдеріне алғаш алып келген де сол уақыт сынына дер кезінде жауап бере алған саяси ұйымдар. Мәселен, жарты ғасырдан аса уақыт бойы Жапонияның билеуші сая­си күші болып келе жатқан Ли­бералды демократиялық партия 80-жылдардың ортасынан бас­тап тө­мендей бастаған рей­тингін нығайту үшін партияіші­лік сайлауды қолдана бастады. Бұл партия ішінде кадрлық ше­шімдер қабылдауды демокра­тияландыру арқылы саяси ұйым­ға сайлаушылардың сенімен арттыруға бағытталған еді. Нәти­жесінде партияның беделі артып, ықпалы кеңейе түсті. Екіншіден, бұл саяси ком­муникация құралдарының кеңейуімен байланысты. Аза­мат­тық сана дамыған ақпараттық қоғамда саяси партиялардың сайлау кезінде ғана көпшіліктің алдына шығуы арқылы билікке жетуі, көпшіліктің сенімін қалып­тастыруы мүмкін емес. Оның үстіне, үміткер мен сайлаушы арасында алдын ала коммуникация болмағаннан кейін кейбір үміткерлер сайлау науқаны кезінде тұрғындардың нақты мәселелерін жете білмей жатады. Ал праймериз – үміткерді электоралды науқан басталғанға дейін өз сайлаушыларымен диалог орнатуға, тұрғындардың түйт­кіл­дерімен тереңірек танысуға итер­мелейді. Ол сайлаушылардың үміт­керге және партияға сенім деңгейін сайлауға дейін қалыптастыруға жол ашады. Мәселен, АҚШ-та президент­тікке үміткерлерді «бастапқы таңдау» процесі сайлау науқаны басталғаннан жарты жыл бұрын қыза түседі. Партия атынан прези­денттікке үміткер бірнеше тұлға өз бағдарламаларын ұсынып, қоғам алдында ашық түрде өзара тартысқа түседі. Америкалықтардың неғұр­лым көбірек қолдауына ие болған тұлға жалпыұлттық сайлауда партия атынан додаға түседі. Демек, праймериз арқылы саяси ұйымдар біріншіден, додаға түсетін, көпшіліктің қолдауына ие шын жүйрікті анықтауға қол жеткізеді. Екіншіден, үміткерді сайлау алдында тағы бір шыңдап, ашық саяси сайысқа дайындап алады. Үшіншіден, партияның бағдарламасын сайлаушыларға алдын ала таныстыруға, оны көпшіліктің талап-тілектерін ескере отырып сайлауға дейін пысықтап алуға мүмкіндік алады. – Қазірдің өзінде әлеуметтік желілерде, жалпы қоғамда азамат­тардың «Nur Otan» праймеризіне деген қызығушылығы артып отыр­ғанын байқап отырмыз. Праймериз партия өміріне қаншалықты жаңа­лық алып келеді? – «Nur Otan» өткізгелі отырған праймериз тек партия үшін ғана емес, тұтас еліміздің саяси өміріне түбегейлі жаңаша дем береді деп айтар едім. Өзіңіз қараңызшы, осы күнге дейін Қазақстандағы саяси пар­тиялар сайлауалды тізімдерін партиялық көпшілікпен келіспей жасап келеді. Тізімдер партия съезінде ғана жарияланып, бекіті­летін. Бұл – барлық пар­тияларға қатысты. Нәтижесінде сайлауға түсіп депутат болсам, ел мүддесіне қыз­мет етсем деген ой-ниеті, ерік-жігері бар адамдар тасада қалып қойды. Қабілеті де, білімі де Парламент депутаты болып көпшіліктің атынан өкілдік етуге жетерлік, талпынысы да бар аза­маттар біздің елде жетерлік. Қазір біз осындай азаматтардың дауысын өкілетті органдардан емес, басқа жерлерден естіп жүрген жайымыз бар. «Nur Otan» осы азаматтарға жол ашуды көздеп отыр. Праймериз – елдің ықыласына бөленген, ерік-жігері ерен, жергілікті жер­лердегі көпшіліктің мұраты үшін кү­ресуге, партия атынан тұрғын­дарды мазалап отырған мәселе­лерді шешумен айналысуға дайын адамдарды іріктеп тізімге енгізуді көздейді. Осылайша, еліміздің саяси тарихында алғаш рет Мәжіліс пен мәслихат депутаттығына үміт­керлерді іріктеу ашық бә­секе жағ­дайында өтпек. Бұл – үлкен өзгеріс және көпшілік көптен күткен оқиға десем артық болмайды. Ол праймериз өткізудің әлем­дік тәжірибесінде кездесетін дебат, тұрғындар арасында ашық үгіт-насихат өткізу, рей­тингтік дауыс беру сияқты демо­кратиялық элементтермен толық­тырылған. Сонымен қатар алғаш рет прай­мериз нәтижесінде жасақ­талатын партиялық тізімнің 30%-ы әйелдер, 20%-ы жастар болуы тиіс деген ұстанымдар жарияланып отыр. Ең бастысы, праймеризге саяси ұйымның мұраты жолында күресуге дайын кез келген азамат өзін-өзі ұсынып, қатыса алады. – Коронавирус пандемиясы бүгінде өмірдің барлық саласына ықпал етіп, өзгеріс енгізіп жатар. Осы орайда, ел тарихындағы бас­тапқы партиялық сайлау–прай­мериздің өзі онлайн форматта дауыс беру арқылы өтпек. Партия бұған қаншалықты дайын? – Өзіңізге белгілі, коронавирус пандемиясы әлем елдерінде көп­шілік қатысатын шаралардың шектелуіне алып келіп отыр. Осы­ған байланысты «Nur Otan» партиясы праймеризді онлайн форматта өткізуге тиянақты дайын­дық өткізді. Мұндағы бас­ты ұстаным – азаматтардың ден­с­аулығына қауіп төндірмеу, соны­мен бірге қазіргідей күрделі кезеңге қа­ра­мастан, олардың елдің қоғам­дық-саяси өміріне араласуына мүмкіндік жасау. Жуырда партияның Саяси кеңесі праймериз өткізу ереже­сіне партияішілік сайлауда он­лайн форматта дауыс беру меха­низмін пайдалану жөнінде толық­тыру­ларды қабылдады. Осы орайда, онлайн сайлау өткізудің әлемдік тәжірибесі мұқият зерделенгенін атап айтқым келеді. Мұндай тәсіл көптеген елде қолданылып келеді. Онлайн дауыс беруді тәжірибеге енгізген елдер қатарында АҚШ, Аустралия, Үндістан, Испания, Тайланд, Оңтүстік Корея, Финляндия, Шве­цария, Эстония және Ресей бар. Украи­на да бұған дайындық үстінде. Мәселен, АҚШ-та 2000 жыл­дың өзінде демократиялық партия жекелеген штаттарда прези­денттік праймеризде интернет арқылы дауыс беру өткізді. Партияның тапсырысымен әзірлеген «Праймериз» арнайы ақпараттық жүйесі партияішілік сайлауды өткізуді, соның ішін­де дауыс беру, дауыс санау, сай­лау нәтижесін шығару процес­терін автоматтандыруға бағыт­талған. Бұл жүйеде дауыс беру­дің қауіп­сіздігін, яғни бөгде адам­дардың сайлау процесіне ара­ласуына, әсер етуіне жол бермеу мә­селесі қатаң ескерілген. Жеке дерек­тер мен берілген дауыстардың құпия­лылығына кепілдік беріледі. – Партияның праймеризге, оның онлайн форматта өтуіне дайындық жұмыстарының жо­ғары деңгейде екені туралы пар­тияның басшылығы аз айтып жүрген жоқ. Сонда да болса алдағы праймериздің ең маңызды тұсы не деп ойлайсыз? – Бұл сұрақтың астарын түсі­ніп отырмын. Әрине, ең басты мәселе және праймериздің нәти­желі өтуінің басты көрсеткіші – ол оның ашық және шынайы бә­секе жағдайында өтуінде. Пар­тия басшылығы, өңірлердегі партия мүшелері бұған мүдделі. Бұл праймериз тек партия шең­беріндегі ғана емес, ол жал­пы­ұлт­тық сипаттағы жоба. Осыны ұғын­ғандықтан, еліміздің белсен­ді азаматтары, танымал қоғам қай­рат­керлері партияны қолдаушылар лигасының төңірегіне жиналып праймериздің әділ, ашық өтуіне бақылау жасауға бел буып отыр. Бұл – қуанышты жағдай. Осындай бастамашылдықты еліміздің әр­бір азаматы көрсетуі тиіс деп ой­лаймын.  

Сұхбаттасқан Ардақ СҰЛТАН