Қазақ бітімгерлері Ливанда
Қазақ бітімгерлері Ливанда
647
оқылды
 

Миссия ұдайы сәтті болған жоқ

Осыдан 25 жыл бұрын Тәжік­станда қазақстандық бітім­герлер қоршауда қалып, 17 сарбаз қаза тауып, тағы он шақтысы жараланған болатын. Бұл армиясы мен өзінің қор­ғанысы толық қалыптаса қой­маған, тәуелсіздік алғанына бес жыл ғана болған еліміз үшін ауыр жағдай болды.  Осындай ауқымды адам шы­ғынынан кейін біршама уақыт Қазақстан сыртқа бітімгер жі­бермей келген еді. Дегенмен ол ұзаққа барған жоқ. 2002 жылы ҚАЗБАТ құрылып, келер жылы Иракқа жіберілді. Онда қазақстандық әскерилер 6 жыл бойы тек миналы алаңдарды залалсыздандырып, жарылыс қаупі бар заттарды жоюмен айналысты. Қорғаныс министрлігі дәл қазір Иракта Қазақстан әскері жоқ екенін, бұл елге бітімгерлік миссиясын жолдау мақсаты жоғын айтты.  Бұдан бөлек, қазақ әскерилері Батыс Сахара және Кот-д’Ивуар Республикасында БҰҰ миссияларына қатысқан. Олардың жалпы саны он шақты ғана. Қазақстанның сонымен бірге Гаити мен Либерияға да бітімгерлік әскер жіберу туралы шешімі болған, алайда БҰҰ Қауіпсіздік кеңесі кейіннен ол елдерге әскер кіргізуден бас тартты. Ал 2010 жылдың соңында Қазақстан Ауғанстанға шағын әскер жіберу туралы мәселе қозғағанымен, халық тарапынан қолдау таппады. Халықтың қаһарынан қорықты ма, ол мәселе жылы жабылды.  

Аймақтағы ахуал ушыққан жағдайда ...

Ливан – ішкі-сыртқы күштердің ықпалымен қарулы қақтығыстардан көз ашпай келе жатқан мемлекеттің бірі. Онда қазіргі уақытта 42 елдің 10 мыңнан астам  әскери қызметші бітімгерлік қызметін атқарып жатыр екен. Ал 1948 жылдан бері 69 бітімгерлік миссия ұйымдастырылған. Қазірдің өзінде жер бетіндегі  16  қауіпті нүктеде  жүз мыңнан аса бітімгер қызмет етіп жатқан көрінеді. Осы Ливандағы бітімгершілік миссиясына отандық сарбаздар 2018 жылдан бері қатысып келеді.  Бүгінге дейін елімізден үш мәрте сарбаздар тобы барып келді. Ал 1 тамызда 120 адамнан тұратын төртінші топ жөнелтілді. Жалпы, бітімгерлік мис­сияларының ауыз толтырып айтарлық оң нәтижесін әзірге көргеніміз жоқ. Көптеген маман сарбаздарымызды Ливанға ат­тандыру үлкен қауіп пен тәуе­келге бас тігу деп санайды. Әскери қуатты державалар тұрғанда Қазақ­стан әскерлерін көптеп әрі үздіксіз жіберуі тек ұпай жинап, жақсы атқа ие болудың жолы секілді көрінеді. 120 сарбаз, 120 адамның өмірі. «Жаман айтпай, жақсы жоқ» деген. Егер аттанған сарбаздар сол жақта мерт болса ше? От пен оқтың ортасында жүрген жандардың өміріне кез келген сәтте қауіп төнуі мүмкін.  Қорғаныс министрлігі еліміздің сарбаздары қақтығысқа толы аймақтарға жіберілмейтінін, тек дайындығы жоғары таңдаулы әскерлер жіберілетінін айтты. Ал бітімгерлік миссиясын орындауға әскери дайындығы төмен сарбаз барушы ма еді? 2017 жылы Сыртқы істер министрі болған Қайрат Әбдірахманов бітімгерлер тек қауіпсіз аймақтарға жіберілетінін айтқан. Сонда қазір сарбаздарымыз жүрген Таяу Шығыс қауіпсіз аймақ па? Ливандағы жағдайды болжау қиын, егер Қазақстан сарбаздары онда күрделі жағдайға тап болса, наразылықтың күшейері анық.  Мәселен, былтыр БҰҰ миссиясы 102 адамынан айырылған. Ал  биылдың өзінде ұйымның 22 бітімгер қызметкері қаза тапқан. Осы сандардан-ақ қазақстандық әскерилердің қауіп-қатермен қаншалықты қатар жүргенін сезу қиын емес.   bitimger1  

Ливан сапары қауіпке бас тігу емес пе?

4 тамызда Ливан астанасында алапат жарылыс болды. Бейрут теңіз портының қоймасынан шыққан жарылыстың қуатты болғаны сонша, қаланың біршама аумағын тас-талқан етті. Елдің ішкі істер министрлігі себеп қоймада сақталған 3 мың тоннаға жуық аммиак селитрасының жарылуы  деп отыр. Соңғы ақпараттар бойынша жан түршігерлік жары­лыстан 5 мыңдай адам зардап шеккен. 140-қа жуық жан қаза болған. Сыртқы істер министрлігі ондағы біздің дипломатиялық миссия өкілдері мен әскери миссия жауынгерлері зардап шекпегенін хабарлады. Әлемдік экономика және саясат институтының са­рапшысы Жұмабек Сарабеков Ливанда болған жарылыс әскери қимылдармен байланысты емес екенін, қазақстандық бітім­герлердің басты мақсаты Ливан­ның шекаралас аймақтарын күзету болғандықтан, олардың Бейруттағы қалпына келтіру жұмыстарына қатыспайтынын айтады. Оның сөзінше, Ливан аумағы қауіпті аймақ, біз халық­аралық қауымдастықтың мү­ше­сі екенбіз деп кез келген мемле­кетке әскер жібере беруге болмайды. «Бітімгерлік топтың қай мемлекетке бара жатқаны және ол мемлекеттегі қауіпсіздік жағдайы қандай деңгейде екені міндетті түрде ескерілуі тиіс. Біз халықаралық қауымдастықтың мүшесі екенбіз деп кез келген мемлекетке сарбаздарымызды жібере беруге болмайды. Ал жіберген соң міндетті түрде бақылауда болуы керек. Мұнда дипломаттар өте белсенділік танытуы керек. Біз бірнеше жыл бұрын БҰҰ Қауіпсіздік кеңесіне төрағалық еттік. Сондықтан бітімгерлік операцияға қатысушы әскерилеріміздің жеке қауіпсіздігін қамтамасыз етуде ілгері қадам жасауға мүмкіндігіміз бар», –  деді Жұмабек Сарабеков. Қазақстан бітімгерлер саны жағынан әлемде 66-орында екен.  Ал Орта Азия елдері арасында біздің мемлекет көп әскер жіберетін ел саналады. Жұмабек Сарабеков оның себебін бітімгерлік әскерлерін дайындай­тын орталықтың Қазақ­станда болуымен түсін­дірді. «Халықаралық миссияға қатысатын әскерилерді дайын­дайтын орталық НАТО-ның тікелей көмегімен құралған. Онда әскерилер БҰҰ бағдарламалары бойынша арнайы курстардан өтеді. Бітімгерлік операцияларына келген әскери алынбайды. Дайын­дығы жоғары, денсаулығы мықты, түрлі психологиялық дайындықтан өткен және ағылшын тілін білуі шарт. Екіншіден, онда әскерилер тікелей соғыс қимылдарына қатыспайды, тек шекараға бақылау жасайды. Ондағы әскерилерге жақсы ақша төленеді», – дейді Ж.Сарабеков. Аймақтағы қарулы қақтығыс бір сәтте лап ете қалуы мүмкін. Ал кеше ғана болған қуатты жарылыстың тағы қайталанбауына кім кепіл?! Әскери операцияларға қатысу әскерилердің жауынгерлік қабілетін тексеріп, бітімгершілік, сондай-ақ гуманитарлық көмек көрсетуде тәжірибе жинауына мүмкіндік берері анық. Дегенмен бұл істе сақтық керек.  

Сұңқарбек БАТАНҰЛЫ

 width=