– Қайсар Қазыбайұлы, Аустралияда жасалған коронавирус инфекциясына қарсы COVAX-19 вакцинасын біздің елде ең бірінші болып сіз қабылдадыңыз. Қазіргі ахуалыңыз қалай?
– Тап қазір жағдайым жақсы. Аса қиындық болған жоқ. Вакцина салдырғалы тура бір апта болды. Бұл вакцина бұлшық етке егіледі. Вакцина доминантты емес, егер оңқай болсаңыз сол қолға, ал солақай болсаңыз оң қолға, яғни физикалық тұрғыдан салмақ түспеу үшін жүктемесі аздау қолға егіледі. Мен оңқай болғандықтан, вакцина сол қолыма егілді. Себебі оң қолымды көбірек пайдаланамын. Егілген вакцинаның көлемі – 1 миллилитр. Еккеннен кейін төрт сағаттан соң вакцина салынған жердің аздап ауырғанын сездім. Бұл – қалыпты жағдай. Өйткені оның әсері мүлдем болмаса, «бұл су ма, не өзі?» деген күмән туады. Екінші күні ауырсыну біраз күшейді. Физикалық жаттығу жасап, қолды көтергенде ауырсындым. Дене қызуым аздап 37,4-ке дейін көтерілді. Әлсіздік те байқалды. Үшінші күні барлық жағымсыз әсерлері жойылды. Сол үшінші күннен бастап қалыпты күйге түстім. Қазір физикалық тұрғыдан ешқандай өзгеріс байқалмайды. Өзімді керемет сезініп тұрмын. Дегенмен сынақ вакцина салғызған соң бір аптадан кейін қан тапсырып, ең алдымен физиологиялық тұрғыдан ауытқулардың бар-жоғын анықтаймыз. Қан тапсырылғанда биохимия және гемотологиялық талдау жүргізіледі. Сол арқылы менің ағзамның жұмыс істеу функциясы қандай жағдайда екенін көруге болады. Бұл препаратқа COVAX-19 атауы берілген. Аустралияда жасалған вакцина клиникалық сынаманың бірінші фазасынан өткен.
Қандай вакцина болсын, ең алдымен оның адамға қауіпсіздігі тексеріледі. Ол адамның денсаулығына зардабын тигізбеуі керек. Екінші кезекте оның тиімділігі тексеріледі. Ол кезде миллиондаған адам бір сәтте осы вакцинаны қабылдайды және ол адамдардың бәрінің дені сау болуы тиіс. Егер вакцина қауіпсіз болмаса, миллиондаған адамның денсаулығына зиян келеді.
Мен ауруға қаншалықты төзімді екенімді білу үшін вакцина салдырғаннан кейін 7-ші, сосын 21-ші күні қан тапсыруым керек. Сол кезде ауруға қарсы антиденелер немесе бейтарап антиденелер түзілген-түзілмегені тексеріледі.
– Қазір адамдар кез келген жағдайға байланысты ойын ашық білдіре алады. Сіздің өз еркіңізбен вакцина қабылдауыңызға тілектестік білдіргендер де, керісінше «Өзге елдің сынақ тәжірибесіне айналдық» деп байбалам салып жатқандар да бар. Осы екі пікірге байланысты өз ойыңызды білдірсеңіз. Сондай-ақ сіздің өзіңізге вакцина салғызуыңызға Денсаулық сақтау министрлігі ешқандай рұқсат бермеген деген әңгіме тарап, бұл туралы министрлік ресми жауап берді. Бұған не дейсіз?
– Бұл – өте қызық сұрақ. Өйткені мен вакцина қабылдағаннан кейін әлеуметтік желілерде әртүрлі пікірлерді көрдім. Кейбіреулер «Бұл – хайп, өзіне жарнама жасап жатыр» деген пікірлерін білдіріп жатты. Вакцина өз қолымда, оны салып алып тып-тыныш әрі қарай зерттеу жасай беруге болар еді. Мен вакцина салғызғанымды әлеуметтік желіде неге жарияладым? Өйткені ең алдымен осы мәселеге Үкіметтің назарын аударғым келді. Егер осындай қадам жасамасақ, оған ешкімнің назар аударатын түрі жоқ. Екіншіден, жалпы жақын арада Қазақстан халқы үшін әртүрлі вакцина қолжетімді болады деп сенемін. Вакциналар көп болсын деген үмітім және халқымыздың қай вакцинаны салғызатынына таңдау жасайтындай мүмкіндігі болуы керек деген ойым бар. Ертең Үкімет бір ғана вакцинаны ұсынып, осыны жаппай салғызуымыз керек деген жағдай болмауы тиіс. Үкімет тарапынан түсіндіру жұмыстары жүргізіліп, сауалнама жасалуы керек. Халыққа «Міне, вакцинаның мынадай түрлері бар. Зерттеу нәтижесі бойынша оның осындай жағымды және жағымсыз әсерлері болады. Сіз осы вакцинаның қайсысын таңдайсыз?» деп түсіндіру керек. Егер халықтың бір бөлігі өзіміздің, енді бірі бөлігі Ресей, Қытай немесе Аустралияның вакцинасын таңдаса, сол төрт вакцинаны елімізге әкелу керек.
Бұл вакцинаны ең алдымен өзіме салғызған себебім, оның әсері қандай болатынын көргім келді. Екіншіден, өзіміз вируспен жұмыс істеген соң денсаулығымызды сақтауымыз керек. Сондай-ақ вакцинаны өзіме салғызу үшін ресми органдардан рұқсат алудың қажеті жоқ екенін айтқым келеді.
– Сынақ ретінде өзіңізге қабылдау арқылы келешекте осы вакцинаға еліміздің тезірек және тиімді бағамен қол жеткізуін де ойладым деген едіңіз. Осы туралы айтсаңыз.
– Қазіргідей пандемия жағдайында кез келген вакцинаны жасау процесі, яғни оны әзірлеп, өндіріске енгізуге дейін орта есеппен 10 жыл керек. Қазіргідей жағдайда біз сонша уақыт вакцинаны күтіп отыра алмаймыз. Соған байланысты қазіргі таңда мемлекет тарапынан жұмыстар жүргізіліп жатыр. Тіпті, бірнеше айдың ішінде қыруар жұмыстар жүргізілді. Әлемнің көптеген мемлекеті бір-біріне көмектесіп, консорциум құрып, тезірек вакцина дайындап, өндіріске енгізуге құлшыныс танытып отыр. Бұл жерде «Өзіміз-ақ дайындап, бәрін қатырамыз» деуге болмайды. Біздің елде адамға дайындаған вакцинаны өндіретін зауыт жоқ. Қазіргі әрекеттің бәрі халықты тезірек вакцинамен қамтамасыз ету үшін жасалып жатқан шара. Сондықтан біз осы бағытта жұмыс істеп жатқан ұйымдармен бірге тезірек вакцинаға қол жеткізуді ойлауға тиіспіз. Соның бір шешімін табуға әрекет ретінде біз аустралиялық компаниямен жұмыс істеп жатырмыз. Бұл вакцинаны бізге беретіні жөніндегі келісімшарт емес, жалпы ғылыми серіктестік жөніндегі келісімшарт. Вакцина алу үшін Үкімет тарапынан келіссөздер жүргізілуі керек. Отандық ғалымдар елге тиімді вакцинаны алу үшін өз септігін тигізіп, мүмкіндігінше көмектесуді ойлап отыр.
Сұхбаттасқан Гүлнар ЖҰМАБАЙҚЫЗЫ