Қордай ауылдары абаттанып келеді
Қордай ауылдары абаттанып келеді
161
оқылды
Ең әуелі аймақ басшысы «Қордай Агро 2020» жауапкершілігі шектеулі серік­тестігінің құлпынай өсіру шаруашылығына ат басын бұрды. Қожалық құлпынайдың «альбион» сұрыбын Қайнар ауылындағы 10 гектар алқапқа еккен. Негізінен, Қа­зақстан мен Түркия мемлекетінің инвес­торлары бірлесе қолға алған кәсіп­орын құлпынайды карантин енгі­зілгенге дейін егуі тиіс болатын. Наурыз айында Түркия­дан 1 миллион көшет те алынған. Алайда сол уақыттан бері көшеттерді әкелу мүм­кіндігі болмай, олар тоңазыт­қышта сақ­талған. Міне, енді көшеттерді жеткізу сәті түсіп, екі апта бұрын құлпынай 5 гектар алқапқа отырғызылды. Кәсіпорын басшысы Варшахлы Ваиха­ның айтуынша, «альбион» сұрыбы­ның дәмі ерекше, бұл жидектің 1 келісі 1 500 теңге тұрады. Енді кәсіпкер құлпынай алқабының маңы­на 40 ара ұяшығын қоюды жос­парлауда. Жалпы, шаруашылық құлпынай алқабын 50 гектарға дейін жеткізуді көздеп отыр. Облыс әкімі өнімді тоғыз ай бойы үзбей алып отыру үшін құлпынайды жы­лы­жайда отырғызу мәселесін қарас­тыруды ұсынып, жергілікті билік тарапы­нан қолдау көрсетілетінін жеткізді. Сарыбұлақ ауылында өңір басшысы «Самғау» шаруа қожалығының жұмы­сымен танысты. Мұнда 478 гектар жүгері алқабына тамшылатып суару технологиясы қол­да­нылады. Евгений Трубников басқа­ратын шаруа қожалығы әр гектардан 980 центнер өнім алуды көздеп отыр. Ал там­шылатып суару құрылғысы Италиядан арнайы сатып алынған. Облыс әкімі шаруашылық жұ­мысына оң бағасын беріп, жүгері алқап­тарын ұлғайту қажеттілігін атап өтті. Отар ауылына барған облыс әкімі спорттық-сауықтыру кешенінің құры­лысымен танысып, 25 тамызға дейін нысанның іргетасын құю жұмыстарын аяқтап, 1 қыркүйектен қабырғасын қа­лауды тапсырды.  – Жұмысты тездету қажет. Жұмыс­шылар санын көбейтіп, қазан айының соңына дейін ғимарат құрылысын аяқтап, ішкі әрлеу жұмыстарын бастау үшін екі ауысым ұйымдастыру қажет, – деді облыс әкімі. Сонымен бірге Бердібек Сапарбаев спорт кешенін безендіруге, атап айтқанда Қордай ауданының атақты спорт­шыла­рының суреттерін ілуге көңіл аудару қажет екенін атап өтті. Гвардейский қалашығында өңір басшысы №43 орта мектепке барып, содан кейін иммундық препараттар шы­ғаратын биофарма­цевтикалық зауыт құ­ры­лы­сын бақылады. Зауыт осы жылдың аяғында іске қо­сылмақ. Десе де, құрылысшылар уақыт жағынан екі апта кешігіп келеді. Бұған баса көңіл бөлген өңір басшысы мерді­герлерге нысанға қосымша жұмыс күшін тарту арқылы жоғалған уақыттың орнын толтыруды тапсырды. – Зауыт биыл іске қосылуы керек. Бұл пандемия жағдайында өте маңызды. За­уыт­та иммунобиологиялық дәрілік пре­параттар, оның ішінде қазіргі таңда кли­никалық тексеруден өтіп жатқан корона­вирус инфекциясына қарсы вакци­на өндірісін жолға қою жоспар­ланған, – деді Б.Мәшбекұлы. Зауыт құрылысымен қатар кәсіпорын қызметкерлері үшін 60 пәтерлік тұрғын үйдің де құрылысы басталып кеткен. Бұйыртса бұл жұмыстар да биыл бітеді деп жоспарланған. Үлкен Сұлутөр ауылдық округінде облыс әкімі «Сұлутөр» шаруа қожалы­ғының жұмысын көзбен көрді. 24 мың гектарға бидай, арпа, жүгері, көпжылдық шөптерді еккен шаруашылық биыл 25 миллион теңгеге дән тазалауға арналған екі құрылғы сатып алған. Шаруашылық басшысы Серік Ермековтің айтуынша, құрал-жабдықтың басым бөлігі мен жалпы материалдық-техникалық база ескіріп, жаңартуды талап етіп тұр. Сұлутөр ауылындағы орта мектепте күрделі жөндеу жұмыстары жүргізіліп жатыр. Жоспар бойынша жұмыс қыркүйек айының ортасында аяқталады. Облыс әкімі жұмысты тездетуді, мек­тепті жаңа оқу жылының басына дейін тапсыру қажетін атап өтті. – Мектеп оқушыларының саны аз болғандықтан, оқу процесі қашықтан емес, мектепте өткені абзал. Бірінші сынып оқушылары сабақты қашықтан оқыса, қандай білім алады? – деді Бердібек Сапарбаев. Сонымен бірге Әлжан ана ауылында спорттық-сауықтыру кешенінің құрылысы жүргізіліп жатыр. Жоспар бойынша спорт­залдар мен боксшылар алаңы бар кешен құрылысы осы жылдың қазан айын­да аяқталмақ. Облыс әкімі Бердібек Сапарбаев Қордай ауданындағы іссапары барысында тәртіпсіздікке қатысы бар деген күдікпен ұсталғандардың ата-аналары және туыс­тарымен де кездесті. Бердібек Сапарбаев ұсталғандардың туыстарының барлық өтінішін мұқият тыңдап, олардың ешқайсысы назардан тыс қалмайтынын және құқық қорғау және жергілікті атқарушы органдармен қаралатынын айтты. Облыс басшысы барлық өзекті мәселе Қазақстан заң­намасы аясында шешілуі тиіс екенін атап өтті.  – Біз қақтығыстар 11 адамның өліміне әкеліп соқтырғанын, 200-ге жуық адам жарақат алғанын, азаматтарымыздың мүлкі зардап шеккенін ұмытпауымыз керек. Сіздердің барлық өтініштеріңіз қаралады. Ұсталғандармен кездесулер мен телефон арқылы сөйлесу жұмысы ұйым­дастырылады. Құқық қорғау органдары тергеу жұмыстарын аяқтады. Тергеу мате­риал­дарымен тараптар таныстырылуы керек. Заңды бұзған және кінәсі дәлел­денген адамдардың бәрі жазалануы қажет екенін тағы да айтқым келеді. Бар­лығы заң бойынша болуы керек. Бұл мәселе Қазақ­стан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев­тың жеке бақылауында, – деді Б.Са­парбаев. Сонымен қатар Бердібек Мәшбекұлы жергілікті тұрғындармен болған әңгіме барысында мемлекет тарапынан бөлінген қомақты қаражатқа Қордай ауданындағы ауылдарды дамыту бағытында ауқымды жұмыстар атқарылып жатқанын айтты. Мәселен, Қаракемер және Масаншы ауылдарындағы әлеуметтік нысандарды абаттандыру мен салу үшін қосымша 3 миллиард теңге бөлінген. Тұрғын үйлер, спорт және балалар алаңдары, дәрігерлік амбулатория, мектеп, көшелер салынып, газ құбыры, сумен жабдықтау желілері тартылып, жөндеу жұмыстары жүргізіліп жатыр. Жиын соңында өңір басшысы қордай­лықтарды тәртіп пен заңдылықты сақтау­ға, түрлі арандатушылар мен жалған ақ­паратқа сенбеуге шақырды. Міне, осылайша аймақ басшысы Қор­дай қақтығысын назардан тыс қал­дырмай, барлық мәселені жіті бақылауына алып отыр.  

Саятхан САТЫЛҒАН, Жамбыл облысы