ҚХЛ мен жаңарған PRO HOKEI LIGASY басталады
ҚХЛ мен жаңарған PRO HOKEI LIGASY басталады
153
оқылды
Бұған дейін «Барыс» оқу-жаттығу жиынын шілде айының соңғы онкүндігінде бастауды жоспарлаған болатын. Дегенмен елімізде карантин шараларының күшейтілуіне байланысты ол белгісіз мерзімге кейінге шегерілді. Сондай-ақ 7-11 тамыз күндері елордада жыл сайын ұйымдастырылып жүрген Президент кубогы да биыл өтпейтін болды. Осы жағдайлардың бәрі мұз үстіндегі ойынды сағынған хоккей жанкүйерлерінің көңілін құлазытты. Карантин кезінде «Барыс» клубының жағдайына алаңдау­шылық танытқандар да аз болмады. Бәлкім, бұл клуб басшылығының 2008 жылдан бері аталған жарысқа тұрақты түрде қатысып келе жатқан команданың жағдайы туралы, ҚХЛ-ға қатысу-қатыспауы жөнінде біраз уақытқа дейін жарытып ештеңе айтпауынан да болар. Кейін Құрлықтық хоккей лигасының басшысы Алексей Морозов ел­ордалық «Барыс» құрлықтық хоккей лигасы тұрақты кезеңіне қатысудан бас тартпағанын хабарлады. Лига басшысы сондай-ақ чемпионатқа дайындық жұмыстарына қатысты бірқатар өзекті сұраққа жауап берді. – Біз ҚХЛ ойындарына қатысатын командалар орналасқан елдердегі эпидемиологиялық жағ­дай­ды қадағалап отырмыз. Рас, Қазақстандағы жағдай күрделі. Дегенмен «Барыс» чемпионатқа қатысудан бас тартқан жоқ. Жарыс­тың басталуына бір айдан астам уақыт қалды. Оған дейін Қазақстан коронавирустың екінші толқынын жеңе алатынына сене­мін, – депті Құрлық­тық хоккей лига­сының ресми сайтында берген сұхбатында. Жақында ғана елордалық ко­ман­да оқу-жаттығу жиынына кірісті. Алдымен «Барыс» хоккейші­лері коронавирус инфекциясына байланысты сынама тапсырды. Одан кейін барып «Барыс-аренада» биылғы маусымдағы алғашқы командалық жиынын өткізді. Бұл туралы клубтың баспасөз қызметінде хабарлады. Маусым айында Андрей Скабелканың орнына тәжірибелі маман Юрий Михайлис келді. Жағдай тұрақталса, жуырда жаңа бапкермен клуб жаңа маусымды бастайды. Ал Қазақстанның Кәсіпқой хоккей лигасы жоспарланғандай 12 қыркүйекте алғашқы ойындарын өткізуі керек. 2019/2020 жылғы маусым COVID-19 пандемиясына байланысты аяқталмай қалған болатын. Жаңа чемпионатта Қазақстан мен Өзбекстанның 10 командасы өнер көрсетеді. Айтпақшы, күні кеше ғана еліміздің бас хоккей турнирінің атауы мен эмблемасы ауысты. 2020/2021 жылғы маусымнан бастап PRO HOKEI LIGASY – Қазақстанның кәсіпқой хоккей лигасы деп аталады. Бұл туралы Қазақстан хоккей федерациясының (QHF) баспасөз қызметі мәлімдеді. Федерация Қазақстанның Creeon дизайн студиясымен бірлесіп спорттық дизайндағы негізгі бағыттарды бейнелейтін ерекше эмблема жасап шығарды. «Әлемдік хоккей трендіне ілесіп, біз де негізгі логотип ретінде қалқанды алдық. Ол – қамқорлық, бірлік пен намыс символы. Өткір бұрыш, қатты формалар ойынның мәнін – күш пен энергияны, сенімділікті, биік мақсат пен чемпиондыққа деген ұмтылысты көрсетеді» делінген QHF Instagram парақшасында. Жаңа атаумен, жаңа эмблема­мен маусымды бастайтын жаңар­ған лигамыз жақын күндері жан­күйерлерімен қайта қауышады. Тек елдегі жағдай жақсы болсын дейміз. Таяуда ғана Денсаулық сақтау министрі Алексей Цой Қазақстанда карантинді ұзарту немесе карантин шараларын жеңілдету мәселелеріне қатысты түсінік берді. – Біз үшін аурудың көбеюінің немесе оның азаюының динамикасы маңызды. Енді екі апта бойы біз күн сайын деректерді бақылап отырамыз. Егер біз аурудың тұрақты төмендеуін байқасақ, карантиндік шараларды біртіндеп азайтамыз. Егер көрсеткіштер динамикада нашарласа, онда басқа шешім қабылданады. Қазіргі уақытта индикаторлардың оң динамикасы байқалады, – деді Алексей Цой Қазақстан Пре­зиденті жанындағы Орталық комму­никациялар қыз­метінде өткен онлайн-брифингте. Әзірге індеттен құ­лан-таза жазылғандардың, жұқтыр­ушылардың саны күрт азайғанын естіп спорттық шаралардың кейінге шегерілмейтініне сеніп отырмыз. Аз күнде бәрі де қалыпқа келер деген үміттеміз. Иә, 2020 жыл – ешкім күт­пеген өзгерістерге толы жыл болды. Әлемді дүрліктірген індет адамдарды жаңаша ойлауға, жаңа шешімдер қабылдауға үйретті. Спортта да біраз жаңартулар енгіз­ілді. Карантин хоккей ойын­шыларын дайындаудың әдепкі әдістерін де толықтай өзгертті. Енді әрбір жарыс кезінде спортшылар мен жаттықтырушылар барлық  санитарлық талаптарды сақтауға міндеттеледі. Олар топтаспай, аз-аздан жаттығады, қолдарын жиі жуып, тазалық сақтайды және аптасына бірнеше рет ПТР сынағынан өтіп отырады. Бұл – сақтық шараларының негізгі алғышарты. Әзірге осындай талаптарға көндігуге тура келеді. Біз үшін ең бастысы көптен күткен ҚХЛ мен жаңарған PRO HOKEI LIGASY-мен қайта қауышу болып тұр.  

AblaiАбылайхан ЖҰМАШ