Партиялық жауапкершілікті күшейту керек
Партиялық жауапкершілікті күшейту керек
150
оқылды

Қарағанды облысында Nur Otan партиясы облыстық филиалында Саяси кеңестің кеңейтілген отырысы өтті. Отырыста партияның облыстық филиалының төрағасы Ерлан Қошанов масылдық көңіл күйді түбімен жоюға шақырды. Өңір басшысының айтуынша, масылдық мәселесі соңғы уақытта байқала бастаған. Көбінесе жастар жұмыс істегісі келмейді және мемлекеттен көмек талап етеді. Бүгінде облыста жастардың атаулы әлеуметтік көмек алуға өтініш берген фактілері кездеседі.

– Елбасы – партия Төрағасы Nur ­Otan-ды қайта жандандыру бойынша алдымызға үлкен міндеттер қойды. Қайта жандану дегеніміз не? Бұл – жай ғана процесс емес. Қазақша айтқанда, бар­лығымыз бір сілкініп алуымыз керек. Осы орайда Елбасы Партияның жеті серпіні бағдарламасын ұсынды. Көшбас­шы Nur Otan партиясының жеті им­пульсын анықтады. Елбасы ұсынған жаңа механизм партияны түбегейлі жаңа дең­гейге шығаруға бағытталған. Бірінші – партияның ядролық электоратын шоғыр­ландыру, рөлін арттыру. Бүгін, өкінішке қарай, шын мәнінде, партия қатарында белсенді және жарқын партиялық көш­басшылардың тапшылығы сезіледі. Ал егер олар болса, біз олар туралы аз біле­міз. Қазір бізге жергілікті жерлерде пар­тияның белсенді мүшелерін, принципті мүшелерін анықтау қажет. Бағдарламаның басты акценті – бұл қоғамдық алаңда жұмыс істеуге қабілетті жаңа адамдарды партияға тарта отырып, азаматтардың сенімін қайтару, олардың жұмыс істеуіне жағдай жасау, олардың ұсыныстарын біздің үнқатысу алаңдарында талқылау, проблемаларды шешу тетіктерін табу. Сонда адамдар партияға барады, сенім артады, – деді Ерлан Қошанов.

Бүгінгі таңда облыста партиялық ка­др­лық резерв құрылды. Оған 944 партия активі мен бастауыш ұйымдарының төрағалары кірді. Облыста 526 бастауыш партия ұйымы бар. Олардың 53-і белсенді емес, сондықтан олардың қызметін одан ары жандандыру үшін бастапқы дерек­терді ірілендіру қажет. Партияның аумақ­тық филиалдары тұрақты жұмыс жүргізіп, халықпен тікелей байланыс жасауы қажет. Сондай-ақ партияға мүшелікке формальды қатынасты жою керек. «Біз үшін ең бастысы сан емес, біздің құрам­ның сапасы. Біз қоғамға пайда әкелетін адамдарды партия қатарына қабылдауға тиіспіз» деді аймақ басшысы.

Екінші басымдық ретінде Партия Төрағасы сыбайлас жемқорлыққа қарсы күресті түбегейлі күшейту міндетін ай­қындады. Бұл кездейсоқ емес. Тек Қарағанды облысы бойынша соңғы екі жылда сыбайлас жемқорлық қылмысқа барғаны үшін 335-тен астам іс анық­талды, оның ішінде 16 партия мүшесі екені белгілі болған. Сыбайлас жемқор­лыққа қарсы іс-қимыл жөніндегі облыс­тық кеңеске Jas Otan Жастар қанатымен бірлесіп, сыбайлас жемқорлықты жою мәселелері бойынша орта және жоғары оқу орындарының мониторингін үнемі жүргізу қажет.

Үшінші басымдық ретінде партиялық қайта жандандыру бағдарламасы партия органдарының әлеуетін барлық деңгейде пайдалану міндетін алға қояды. Бұл ең алдымен мәслихаттардың фракцияла­рына қатысты. Өкінішке қарай, аудан­дық, қалалық деңгейдегі барлық депутат­тық фракция азаматтық белсенділік таныт­пайды. Халық өз депутаттарын білмейді, оны мойындау керек. Халықпен кездес­пеген аудандық депутаттар бар.

– Барлық деңгейдегі мәслихаттарда­ғы фракция мүшелерінің жұмысын жан­дандыруды тапсырамын. Осыған бай­ланысты халықпен көбірек кездесулер өткізу, шалғайдағы ауылдық елдімекен­дерде көшпелі қабылдаулар өткізу, жеке және заңды тұлғалардың өтініштерін уақытылы қарауды қамтамасыз ету қажет, – деді Ерлан Жақанұлы.

Төртінші басымдық биліктің барлық деңгейіндегі партиялық жауапкершілік мәселелеріне қатысты. Мемлекеттік бағдарламаларды іске асыру бойынша жұмыс партияның бақылауымен жүзеге асырылуы және халық арасында тара­тылуы тиіс. Партия мүшелерінің барлығы сөзде емес, нақты мінез-құлқымен, өмір салтымен, саяси тұғырнамамен және жұмыс нәтижелерімен партия қатысты­лығын жария түрде көрсетуі тиіс, – деді филиал төрағасы.

Е.Қошанов партия мүшелерінің бү­гін­гі басты міндеті – жастарды еңбекқор­лыққа тәрбиелеу, елімізде лайықты жалақы алу және жұмыс істеу үшін барлық жағдай бар екенін түсіндіру екенін атап өтті. Мәселен, Nur Otan пар­тиясының бас­тамасы бойынша өңірлерге арнайы мобильді топ қатынайды, ол жастарға қайта оқыту және жұмысқа орналастыру бойынша қолданыстағы мемлекеттік бағдарламалар туралы әңгімелейді. Жыл басынан бері осындай кеңестерге төрт мыңнан астам адам жүгінген. Нәтиже­сінде олардың көпшілігі тұрақты жұмыс орнын тапты немесе қысқамерзімді курстарда оқыды.

Ерлан Қошанов жастарды партия жұмысына белсенді түрде жұмылдыруға шақырды. Бұл жастардың ынталануы мен олардың азаматтық позициясын дамы­туға ықпал етеді деп санайды ол. Бүгінде Қара­ғанды облысында жастар барлық халық­тың 22%-ын құрайды. Өңірде олар үшін жұмыс орындары құрылуда, биыл­дың өзінде 30 мың жаңа жұмыс орны ашылады.


Ләззат ҚОЖАХМЕТОВА, 
Қарағанды облысы