Коронавирус індеті тараздық түрмені де айналып өтпеді. ЖД-158/7 мекемесінде жазасын өтеп жатқан төрт азамат кесел жұқтырып, арнайы емдеуден өткен. Аурудан құлан таза айығып шыққан олар дерттеріне дауа дарытқан ақ халатты абзал жандарға алғыстарын айтуда. Сотталушылар дәрігерлерге деген жүрекжарды лебіздерін өлең жолдарымен өрнектеп, ұшқыр қиялдарымен жеткізді.
«Ақ халаттыларға деген құрмет екі есе арта түсті. Жанымыздан бір елі алыстамай үнемі жағдайымызды бақылап отырды. Тек дәрі егіп қана қоймай, психологиялық қолдау да көрсетті. Бұл тұста ЖД-158/7 мекемесінің басшылығына, Жамбыл облысы бойынша ҚАЖ департаменті медициналық қамтамасыз ету тобының бас маманы әділет майоры Ерлан Әбдібай, сондай-ақ әділет майоры Бегжан Асанов басқарып отырған медициналық бөлімге шынайы ризалышық пен алғысымызды білдіреміз», - дейді жазасын өтеушілер.Сотталушылардың мұндай жүрек тебірентер ісін біз де құп көрдік. Сондай-ақ енді індетпен ауырмасын деген тілегімізді жеткіздік.
Саятхан Сатылған,
Жамбыл облысы