Коронавирустың күздегі толқыны кезінде амбулаториялық ем қабылдайтын адамдарға берілетін бес түрлі дәрі-дәрмек сатып алу үшін 8,6 млрд теңге бөлініп отыр. Бұл туралы бүгін «СҚ-Фармация» басқарма төрағасы Ерхат Есқалиев мәлім етті. Денсаулық сақтау министрлігі парацетамол, ибупрофен, ривароксабан, апиксабан және дабигатран деп аталатын дәрілерді коронавирустың жеңіл және орташа түрін емдейтін хаттамаға қосқан.
«Көп жағдайда ауру жеңіл немесе орташа жеңіл түрде өтсе де, дәрі қабылдамаса болмайтын жағдай бар. Денсаулық сақтау министрлігі амбулаториялық жағдайда ем қабылдайтын науқастардан коронавирусты анықтап, оларды емдеуге қажет деп бес түрлі дәріні хаттамаға қосты. Қазір дәрі-дәрмекті сатып алу процедурасы өтіп жатыр. Жалпы сомасы 8,6 млрд теңгеге дәрі-дәрмек алынады. Денсаулық сақтау министрлігінің болжамы бойынша ол дәрілер бір миллион науқасты емдеуге жетеді», - деп түсіндірді ол.