Ұлттық кеңес алғашқы жиынға әзір
Ұлттық кеңес  алғашқы жиынға әзір
5,191
оқылды

Қазіргі алмағайып заманда қазақстандықтар алауыздыққа – ауызбір­лікті, дағдарысқа – сенімді, қақ­тығысқа – келісімді қар­сы қоя алады. Бұл ұлт­тың бойына тың күш-қуат құяды, жаңа биіктерді бағындыруға жігер береді, жарқын болашаққа жете­лейді. Осы орайда биылғы 17 шілдеде Мемлекет бас­шысы Қ.Тоқаев «Қазақ­стан Президенті жанындағы Ұлттық қоғамдық сенім ке­ңе­сінің ережесін және құра­мын бекіту туралы» Жар­лыққа қол қойғаны мәлім.

Ал осы сәрсенбіде, Нұр-Сұл­тан қаласында ұлттық кеңестің бірінші отырысына дайындық жөніндегі ұйымдастыру кездесуі болды.

Оның қарсаңында Мемлекет басшысы Ұлттық қоғамдық сенім кеңесінің мүшелерімен бірқатар кездесулер өткізді. Бел­гілі қоғам қайраткері, публицист Сейдахмет Құттықадаммен әңгі­мелесу ба­рысында кеңес жұмы­сының өзекті мәселелері, атал­ған диалог алаңының еліміздің әлеуметтік-саяси өміріндегі рөлі талқыланды. Сонымен қатар қазіргі ішкі саяси ахуал және Орталық Азиядағы өңірлік үдерістер тақырыптары тілге тиек етілді.

Қазақстанның Азаматтық альянсының президенті Асылбек Қожахметовпен жүздесуде аза­маттық қоғамды дамыту, мем­ле­кеттік органдар жанындағы қо­ғамдық кеңестердің рөлін арт­тыру мәселелері қарастырылды.

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев азаматтық секторды ны­ғайтудың және оның әлеуетін әртүрлі салада пайдаланудың маңызын атап өтті. Бұған қоса, білім және ғылым саласын жаң­ғырту, университеттердің жаңа рөлі мен олардың мүмкіндіктерін ұлттық экономиканы реформалау ісіне пайдалану жайында сөз болды.

Қасым-Жомарт Кемелұлы «Киелі Қазақстан» ғылыми-зерттеу орталығының жетекшісі Берік Әбдіғалимен «Ұлытау – 2019» халықаралық туристік фо­румында ұсынылған бастама­ларды өмірде іске асыру мәсе­лелерін талқыға салды. Сонымен бірге, елімізде этнотуризмді ке­ңінен насихаттау қажеттігіне ерекше назар аударылды.

Ал Президент жанындағы Ұлттық қоғамдық сенім кеңесінің бірінші отырысына дайындық жөніндегі ұйымдастыру кез­де­суіне Президент Әкімшілігінің басшысы, Ұлттық кеңес Төра­ға­сының орынбасары Қырымбек Көшербаев жетекшілік етті.

Ұлттық кеңес мүшелері қа­тысқан бұл жиында кеңес қыз­метінің бағыттары мен тетіктері талқыланды, сондай-ақ Ұлттық кеңестің алдағы аптадағы ма­ңыз­ды шарасын – тұңғыш отырысын өткізуге әзірлік жайы пысық­тал­ды. Бұдан бөлек, оның аясында әрекет ететін жұмыс топтары да құрылды.

Ұлттық қоғамдық сенім ке­ңесі туралы ережеге сәйкес, ұлт­тық кеңес мүшелеріне куәліктер тапсырылды.

Ұлттық қоғамдық сенім кеңе­сінің бірінші отырысын 2019 жыл­ғы 6 қыркүйекте, яғни алдағы жұмада елордамыз Нұр-Сұлтан қаласында өткізу жоспарланып отыр.

Айта кету керек, 17 шілдедегі Президент Жарлығына сәйкес, бұл кеңес құрамына көрнекті қоғам қайраткерлері, Мәжіліс депутаттары, экономистер, сая­саттанушылар, қоғам бел­сен­ділері, адам құқықтары жөніндегі уәкіл кірді. Ұлттық кеңес Мем­лекет басшысы жанындағы консультативтік-кеңесші орган мәртебесіне ие. Оған Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың өзі басшылық етеді.

Президент жанындағы Ұлт­тық қоғамдық сенім кеңесіне жұрт­шылық, саяси партиялар, аза­маттық қоғам өкілдерімен ке­ңінен талқылау арқылы мем­ле­кет­тік саясаттың өзекті мәсе­ле­ле­рі бойынша ұсыныстар мен ұсы­нымдар тұжырымдау жүктелуде.

Бірақ негізгі міндеті тек сонымен шектелмейді: ол Үкімет әзірлеген тұжырымдамалардың, мемлекеттік бағдарламалардың және нормативтік-құқықтық актілердің жобаларына қоғамдық сараптама жүргізетін болады. Қазақстандықтар пікірін ескере отырып, маңызды стратегиялық проблемаларды қарайды.

Халықтың, партиялардың, үкіметтік емес сектордың және меморгандардың өкілдері арасындағы сындарлы диалогты да сол қамтамасыз етуі тиіс.

Ұлттық кеңес құрамы төра­ғасынан, оның орынбасарынан, мүшелерінен және хатшыдан тұ­ра­ды. Жоғарыда айтылған­дай, Төрағасы – Қазақстан Пре­зи­денті.

Төраға неге жауапты? Ол ұлттық кеңестің қызметіне жалпы басшылық жасайды; оның отырыстарын өткізу орны мен уақытын айқындайды, кеңес төрағасының орынбасарына, хатшысына және мүшелеріне тапсырма беруге де құқығы бар.

Ұлттық кеңестің отырыстары қажетіне қарай өткізіледі, бірақ жылына 3 реттен жиі өткізіле ал­майды. Оның отырыстары «жал­пы пленарлық» және «тақы­рыптық» болып бөлінеді. Алдағы аптадағысы – пленарлық отырыс болады деп күтілуде.

Кеңес шешімдері оның оты­рысына қатысқан мүшеле­рінің дауыс беруі арқылы көпшілік дауыспен қабылданады. Егер дауыстар тең түссе, төрағаның даусы шешуші болып есептеледі.   

Осының алдында журналис­терге берген сұхбатында Ұлттық кеңес хатшысы, Президенттің кеңесшісі Ерлан Қарин биылғы жылғы шілде және тамыз айла­рында Алматы мен елордада ке­ңес мүшелерінің жұмыс кездесу­лері өткенін хабарла­ды. Олар барысында тұңғыш отырысқа дейін жеке ұйым­дастырушылық жиын өткізу қажеті жөнінде шешім қабыл­даныпты.

«Бұл ішкі, жұмыс мәселеле­рін – Ұлттық кеңес қызметінің жалпы регламентін қабылдау, жұмыс топтарын құру және олардың құрамын қалыптастыру және басқаларын талқылап, пысықтау үшін керек болды» деп түсіндірді Е.Қарин.

Ұлттық кеңестің шешімдері Төраға – ел Президенті қол қоя­тын хаттамамен ресімделеді.


Елдос СЕНБАЙ