Ақжарлық қыз АҚШ-тан отандастарына ақша аударды
Ақжарлық қыз АҚШ-тан отандастарына ақша аударды
210
оқылды
Ақжарлық қыз АҚШ-тан туған жеріне дәрі-дәрмек пен қажетті аппараттар үшін ақша аударған. Қоғам белсендісі Ермек Құрманғалитегі Facebook-тегі парақшасына қаршадай қазақ қызының мына ісіне риза болып жазыпты.
"Ермек аға, АҚШ-тан хабарласып тұр едім, Ақжарда да ауру тарады деп естідім. Ауруханада көп адамдар емделіп жатыр, дәрі-дәрмек пен "оттегі концентрациясы" аппараттары жетіспей жатыр. Сатып алуға ақша жинап жатырмыз деп жазыпсыз. Соған өз үлесімді қосайын деп едім, хабарласып есепшотыңызды жіберіңізші, қазағым үшін алаңдап кеттім",-деп фейсбук мессенджері арқылы шалғайдағы қазақ қызы хат жазыпты.
Автордың жазуынша, Бұл-мұхиттың арғы жағында жүрсе де жүрегі алақандай ауылы үшін алаңдай соғып тұрған Толғанай Сейқазина есімді Ақжарлық қарындасымыз екен. Толғанайдың АҚШ та жүргеніне 10 жылдан астам уақыт болыпты. Тарбағатай ауданы, Ақжар ауылындағы Қыдырбек Билиялов атындағы гимназияның түлегі бүгінде Нью-Йорк қаласында "IT" маманы ретінде жұмыс істеп, сол жерде қосымша білім алып жүр екен.
-Бұл індеттен экономикасы мен медицинасы ең дамыған деген АҚШ-тың өзінде адамдар жаппай ауырып, көп адам көз жұмды. Ол кезде Қазақстан тыныш болатын. Енді міне бұл індет менің ауылыма да жетті, адамдар жаппай ауырып жатыр дегенді естігенде қатты шошыдым. Өйткені біздің халық өте бейғам ғой. Той-томалаққа көп барады, бір-бірінің үйіне жиі қыдырады, - деп жазыпты отандасымыз. 
Айтуынша, АҚШ-та адамдар қауіпті бірден түсініп, барлығы да маска киіп, қорғаныш құралдарын қолданып, карантин режимін өте қатаң сақтады. Ешкім бір-бірінің үйіне рұқсатыз кірмейді. Соның арқасында олар короновирустың таралуын жылдам тоқтатты. Қазір бұл жаман вируспен ауырғандардың саны азайды деді.
АҚШ-та Қазақстаннан білім алуға, жұмыс істеуге барған жастар өте көп екен. Ауылдан барған қазақ жастары өте шыдамды болады, жұмысты ауыр-жеңіл деп таңдамай, барлық жұмысқа бел-шешіп кірісіп, көп ақша тауып, Қазақстандағы ата-аналарына жиі көмектесіп тұрады,-дейді.
-Аға, аз да болса көптей көріңіздерші! Ауылдағы ағайынның ем-домына бір пайдасы тиер. Барлығына сәлем айтыңыз, Ақжарымды қатты сағындым,-деп қоштасқан Толғанай менің "Каспий голд" картама 112 мың теңге қаржы аударып жіберіпті.
"Айналайын Толғанай! Ауылдастарың әрқашан саған ақжол тілейді! Қайда жүрсең де аман бол! Саған барлық Тарбағатайлықтардың атынан алғысымызды білдіреміз", - деп жазды Ермек Құрманғалитегі.