Санақ тағы да кейінге қалды
Санақ тағы да кейінге қалды
Дегенмен биліктің бұл жоспа­рына өмір өз өзгерісін енгізді. Ко­ронавирус пандемиясының жаһанды жайлауына байланысты биылғы сәуірде Росстат бүкілресейлік са­нақты 2021 жылға көшіруді ұсынды. Біраз күткен Ресей 29 маусымда атал­ған шараны 2021 жылдың сәуі­ріне қалдыру туралы шешім қа­был­дады. Айта кету керек, оның ал­дында қырғыз ағайындар мерзімін ауыстырып үлгерген болатын. Пандемия кесірінен АҚШ пен Бразилия да биылға сәйкес келіп тұрған санақтарын кейінге шегерді. Тек Қазақстан науқанға әзір­ленуді жалғастыра берді. Бюд­жеттен бөлінген қаражаттар иге­рілуі керек. Сондықтан шілде айы­ның басында өңірлердің алды болып, Нұр-Сұлтан қаласының Статистика департаменті ұлттық санақты жүргізу және дайындау бөліміне нұсқаушы-инспекторларды іріктеуге конкурс жариялады. Қала әкімдігі 20 шілде мен 2 қыркүйек аралығында 23 нұсқаушы қажет болатынын хабарлады. Осы аралықта нұсқаушылар санақ жүргізетін қыз­меткерлерді үйретуге тиіс. Бұл ретте жоғары білімі жоқ болса да, кез келген азамат санақшыға айналып, табыс таба алатыны айтылды. Енді Үкімет елдегі эпидемио­логиялық ахуалға байланысты халық санағының мерзімін бір жыл кейінге шегеруді ұйғарып отыр. «Коронавирус инфекциясының таралуына қатысты қалыптасқан жағдайға, елде карантин және шек­теу шараларының енгізілуіне байланысты Қазақстан халқының ұлттық санағын 2021 жылғы қазан­ға ауыстыру туралы шешім қабыл­дан­ды» деп хабарлады Ұлттық эконо­мика министрлігінің баспасөз қызметі. Санақты өткізу тәсілдері әзір­ге өзгеріссіз қалады. Атап айт­қанда, ол екі кезең бойынша ұйым­дастырылады. Біріншіден, 1-15 қазан аралығында осы мақ­сатта арнайы жасалған sanaq.gov.kz порталында азаматтарға өз бетінше интернет сауалнамадан өту ұсынылады. Яғни, жұрт үйіне санақшыны кіргізбей, оның қой­ғысы келген барлық сауалына осы мамандандырылған порталда жауап бере алады. Жыл басынан бері қазақстандықтар бой үйрете беруі үшін онлайн-санақ тестілік режимде іске қосылған. Бүгінде портал жұмысы уақытша доғарылыпты. Қалай болғанда, келер жылы екінші кезеңде, яғни 1-30 қазан аралығында планшет көтерген санақшылар елді аралап, өз бетінше сауалнамаға жауап бермеген отбасылардың үйлеріне бас сұғады деп жоспарлануда. Онлайн режимде санақтан өткен респонденттер екінші рет, қайталап сұралмауы тиіс. «Санақ нәтижелері отбасылар мен олардың шаруаларының жағ­дайын арттыру, неке және отбасы қатынастарын жақсарту, мүмкіндігі шектеулі адамдардың өмірін, халықтың тұрғын үй жағ­дай­ларын жақсарту бойынша мембағдарламаларды әзірлеу үшін, сонымен қатар білім, жұмыспен қамту, туу және көші-қон мәселелері бойынша шешімдер қабылдау үшін қажет», – деді ведомство.  

Елдос СЕНБАЙ