Спикерлер «Елдегі қазіргі жағдайды түзеу үшін қандай қадамдар керек? «Nur Otan» партиясының праймеризі эволюциялық дамудың негізі болу үшін не істеу керек?» деген сауалдар төңірегінде ашық ойларын ортаға салды.
Билік пен халық арасындағы диалогты күшейту керек
Конференцияда айтылған пікірлерді екіге бөліп қараған жөн секілді. Біріншісі айтылған сындар, ал екіншісі ұсыныстар. Қазір еліміздегі жағдай күрделі. Мемлекетке көптеген мәселе бойынша өзгерістер қажеттігі туындады. Ал оларды іске асыру үшін партиялық праймериз үлкен мүмкіндік. ZOOM конференцияда қоғамдық ұйымдардың қызметі сын көтермейтіні, сондықтан оның жұмысын дамыту қажеттігі айтылды. – Билік пен халық арасындағы диалогты күшейту қажет. Сын белгілі бір топтардың көзқарасы арқылы айтылып, Үкіметтің құлағына жеткізу қажет. Қазақстандағы қоғамдық ұйымдарың қызметін жандандыру маңызды. Ол үшін қажетті көмектер болуы керек. Бұл праймериз әділ өтуі тиіс», – деді Құрмет Керімбеков. Сондай-ақ ол праймеризге қатысатынын атап өтті. Ізден Анар да сайлауда бақылаушыларды үкіметтік емес ұйымдар арасынан тарту маңызды екенін айтты. – Праймериз кезінде бақылаушылар үкіметтік емес ұйымдардан ұсынылатын болса, оларды осы кезден дайындау керек. Бақылаушылар жұмысын өз деңгейінде сапалы атқаруы тиіс, – дейді Анар Ізден. Qyzylorda телеарнасы директорының орынбасары Айсұлу Қасымова халықтың бүгінде кімге сенерін білмей қалғанын айтады. Оның айтуынша, індет кезінде адамдар жаппай ауырып, дәрі таппай сарсаңға түскен кезде халық кімге барып жүгінетінін, кімге шағынатынын, кімнен пана сұрайтынын білмеді. – Індет біздің мемлекетімізде қабылданған бағдарламалардың түйткілдерін ашып берді. Біз әлі де үлкен сынақтарға дайын емес екенімізді көрсетіп алдық. Қиын кезеңде ең бірінші халыққа кім көмектесті? Еріктілер мен қарапайым адамдар бір-біріне көмектесті. Сол арқылы тығырықтан шығудың жолын іздеп жатты. Бұл бізде билік пен халықтың арасы алшақ жатқанын анық көрсетті. Телеарнаға арыз айтып келген халық «Әкімдікке бардым, прокуратураға бардым, ешқандай мәселем шешілмеді. Көмектесіңіздер!» деп келеді, – дейді Айсұлу Қасымова. Оның айтуынша, халықтың билікке деген сенімін қайтару үшін бірінші кезекте билік халыққа ашық болуы керек. Ал «Nur Otan» партиясы сол ашықтықты қамтамасыз етуі тиіс. Партия өзекті мәселелерді шешу үшін алдымен әлеуметтік зерттеу жасап, содан кейін мемлекеттік кешенді бағдарлама әзірлеуге мұрындық болуы керек. Айсұлу Қасымова праймеризді әділдік тұрғысынан жаңа технология ретінде қабылдап, қатысуға бел буып отыр. «Социум Қызылорда» қоғамдық қорының төрағасы, блогер Ерлан Мұсаев қазір қоғамда біраз мәселелер қордаланып қалғанын атап өтті. Сонымен қатар қоғамды өзгерту өзіңді өзгертуден басталады деп санайды. Сондықтан праймеризге қатысып, өзекті мәселелердің оң шешімін табуына ықпал етпек.Желіде сын айтқыш азаматтарды жетекші позицияларға тарту керек
Бұл пікірді журналист Құрманәлі Қалмахан қолдады. Журналист елдегі жүйені сынаушыларды билікке жіберу керек деген пікірде. – Мен «100 ауыл әкімі» деген жоба ұсынғым келеді. Бұл тіке сол жердің халқы мен ауыл азаматтары арасынан шығатын ауыл әкімі. Екіншіден, сынап жүрген азаматтарды биліктің о жақ, бұ жағына тарту керек. Басшылық қызмет болмаса да, сол жердегі жетекші позицияларға апарса. Біз әлемдік стандарттарға сай болғымыз келеді, бірақ әр елдің ұлттық ерекшелігін, менталитетін ескеретін болсақ, бізде бір жақсы өзгерістер болады. Праймериз 17 тамыз бен 3 ақпан аралығында болатынын білеміз. Мен жаңа бір ақпараттардан қарасам, Түркістан облысында 1 000-ға жуық азамат праймеризге қатысуға ұсыныс беріпті. Жаңа біз «сенім жоқ» деп жатырмыз ғой, бірақ оның бәріне салыстырмалы түрде байсалдылықпен қарау керек. Кім, қалай жұмыс істеп жатыр дегендей. Әлеуметтік платформалармен көп жұмыс істеп, саяси жүйеге тікелей әсер ететін бағдарлама керек», – деді Құрманәлі Қалмахан. Ал жиын модераторы, саясаттанушы Бауыржан Серікбаев журналист Құрманәлі Қалмаханның «сын айтқыштарды билікке жақындатуға» қатысты пікірін қолдады. – Желіде сын айтқыш азаматтарды билікке жақындату керек деген ұсынысыңызды қолдаймын. Жалпы, өзгерісті бәріміз қалаймыз, бірақ ол өзгеріс эволюциялық тұрғыда болуы керек. Сондай-ақ оны ақырындап, сауатты мемлекеттілігімізді сақтай отырып іске асыратын болсақ, одан әрмен дамитын мемлекеттің қатарында боламыз деп есептеймін. Бүгінгі өткізіліп отырған онлайн конференцияда тың ойлар да, түрлі сындар да айтылып жатыр. Мақсатымыз да осындай алаңда ой айтып, сын естіп, оны естіп қана қоймай, іске асыру, – деді саясаттанушы. Жиында белсенді азаматтар праймериздің әділеттілік, шындық талаптарына сай өтуін қадағалау қажеттігін бірнеше мәрте айтты. Конференция соңында «Nur Otan» партиясы Саяси жұмыс департаментінің директоры Ерлан Қарабалаев айтылған кейбір сын-ескертпелерге тоқталды. Оның сөзінше, карантин кезінде керісінше, партияға жүгінушілердің саны екі жарым, үш есеге дейін артқан. – Індет басталғалы халыққа ең бірінші және жалғыз болып көмекке «Nur Otan» партиясы келді. Халыққа қаржылай көмек берілді, тегін бетперделер мен азық-түлік себеттері таратылғанын білесіздер. Басқа партиялар мұндай көмек жасап жатқан жоқ. Карантин кезінде партияға жүгінушілердің саны екі жарым, үш есеге дейін көбейді, – деді Ерлан Қарабалаев.Сұңқарбек БАТАНҰЛЫ